Прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты Азаттық журналисін тергеді

18 мамырда Алматы қалалық прокуратурасында Азаттық журналисі Аян Қалмұратты Қаңтар оқиғасынан соң жаппай тәртіпсіздік бабымен қозғалған қылмыстық іс (272-баптың 2-тармағы) бойынша куәгер ретінде тергеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Тергеуші Нұрсұлтан Ақажанов журналистен қаңтардың 2-сінен 6-сына дейін қайда болып, не істегенін сұрады. Тілші Алматыдағы көтерілістен хабар таратқанын, соның ішінде Республика алаңындағы оқиғаларға куә болып, журналистік кәсіби міндетін атқарғанын айтқан.

— Тергеуші “5 қаңтарда қайда болдыңыз?” ”Алаңда не көрдіңіз?”, “Ондағы адамдар не деді?” деп сұрады. Президент резиденциясына дейін барып хабар таратқанымды, резиденция ішінен наразыларға қарай оқ атылғанын айттым. Әскери көліктен жиналғандарға оқ атылған соң Азаттық операторы Санат Нұрбеков екеуміз кеңсеге қарай кетіп қалдық. Жараланып, басы мен аяқ-қолы қанаған бірнеше адамды көргенімді айттым, — дейді Қалмұрат.

Журналистің сөзінше, тергеуші оппозициялық саясаткер, тіркелмеген “Демократиялық партия” жетекшісі Жанболат Мамай туралы көп сұраған.

— Тергеуші “5 қаңтар күні түске қарай Жанболат Мамаймен екі рет сөйлескеніңіз анықталды. Неге сөйлестіңіз? Ол не деді? Онымен қашан таныстыңыз? Жеке барып таныстыңыз ба?”, “Қарым-қатынасыңыз қандай?” деп сұрады. Әңгіменің қанша минут, қанша секундқа созылғанын да айтты. Қаңтар оқиғасы болып жатқанда саясаткерді Азаттық радиосының эфиріне шақырғанымды, журналистік қызметім аясында сөйлескенімді айттым, — дейді Аян Қалмұрат.

Оның айтуынша, тергеуші “Демпартия” белсенділері” деген әлдебір тізімдегі адамдардың аты-жөнін айтып, оларды 5 қаңтардағы оқиға кезінде көрген-көрмегенін сұраған. Тергеу екі сағатқа созылды.

Контекст

  • Қаңтар айының басындағы үкіметке наразылық пен тәртіпсіздік кезінде Азаттық тілшілері жан-жақтан ақпарат таратып отырды. Аян Қалмұрат Алматыдағы дүрбелең күндері репортаж жасап, оқиға ортасында жүрді. Кейін оқиғадан қаза тапқандар, жапа шеккендер туралы түрлі материал жариялады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz