Президент Тоқаевтың жолдауына фактчек

2021 жылғы 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасады. Factcheck.kz редакциясы мемлекет басшысының айтқандарының бірқатары қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Соңғы кезде шығындарды жабу үшін бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан трансферттер көбеюі жиілеп кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Президент мәлімдемесінде нақты кезеңді айтқан жоқ, сондықтан біз 2017-2021 жылдар аралығындағы жағдайды талдадық. Көрсетілген кезеңде бюджет тапшылығы (шығыстың кірістен асып кетуі) шынымен өсіп отырған Бұл өз кезегінде Ұлттық қордан берілетін трансферттер үшін дәлел болуы мүмкін. Трансферттер кепілдендірілген және арнайы болып бөлінеді.

2020 жылды есептемегенде, 2017-2021 жылдар аралығында кепілдендірілген трансферт көлемі 3 трлн теңгеден аспаған, бірақ былтырғы трансферт сомасы 4 трлн 770 млн теңгені құраған. Арнайы трансферт сомасын президент белгілейді. 2017 жылы мұндай арнайы трансферт сомасы 1,5 трлн теңгені, 2019 жылы – 370 млрд теңгені және 2021 жылы – 1,8 трлн теңгені құрады. 2018 және 2020 жылдардағы дерек жоқ.

Мектептерде орын жетіспеу – орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы. Тапшылық 225 мыңды құрайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Үкім жоқ

Ашық дереккөзде оқушы орындарының жетіспеуі туралы ресми статистиканы таба алмадық, ал жауапты ведомство өкілдері келтірген деректер Президент Тоқаев айтқан цифрлардан біршама ерекшеленеді.

Мысалы, маусым айында ҚР БҒМ-ның “Қаржы орталығы” АҚ президенті Асқар Ибраимов мектептердегі орын тапшылығы 200 мыңды құрайтынын хабарлаған. Бұған дейін сәуір айында “Атамекен” ҰКП-ның Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Ләззат Шонаева орын тапшылығы 265 мыңға жуық екенін айтқан. Деректің өзгеруі мәселенің ішінара шешілуіне немесе есептеу әдіснамасындағы айырмашылыққа байланысты ма, жоқ па белгісіз.

Сондай-ақ, Үкімет мамыр айында 2025 жылға қарай 500 мың мектептегі оқушы орны жетіспеуі мүмкін деп болжаған, ал президент Тоқаев шұғыл шаралар қабылдамаса, 4 жылдан кейін орын жетіспеуі 1 миллионға жетуі мүмкін деп мәлімдеді.

Ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері жоғарылаған жоқ. Әлемдік коронакризис халықтың табысына қысымды күшейтті. Бұдан басқа, ЕТЖ деңгейі бойынша Қазақстан ТМД-ның бірқатар елдерінен төмен.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ресми дерек бойынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 1,5 есе, 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін көбейген. Осыдан кейін Президент Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесіне дейін ең төменгі жалақы өскен жоқ. Мәлімдеменің екінші бөлігіне қатысты: 2021 жылы Қазақстан ЕТЖ мөлшері бойынша Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан сияқты елдердің алдында, бірақ Ресей, Беларусь, Армения және Әзірбайжаннан әлі де артта қалып келеді.

  • Ресей  – 12 792 рубль (174,87 доллар)
  • Беларусь – 400 рубль (158,47 доллар)
  • Армения  – 68 000 драм (137,92 доллар)
  • Әзірбайжан – 250 манат (147 доллар)
  • Қазақстан – 42 500 теңге (99,79 доллар)
  • Өзбекстан – 747 300 сом (69,97 доллар)
  • Тәжікстан – 400 сомони (36 доллар)
  • Қырғызстан – 1854 сом (21,89 доллар).

Біз “тегін техникалық және кәсіптік білім беру” жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET жастары арасынан 237 мың адам қамтылмаған. Жыл сайын 50 мың талапкер ақылы оқуға түседі. Олардың 85%-і аз қамтылғандар санатына жатады.

Қасым- Жомарт Тоқаев

Үкім: Үкім жоқ

Ашық дереккөздегі ақпараттың аздығы спикердің айтқанын толық тексеруге жеткіліксіз болғандықтан мәлімдемені тағы да үкімсіз қалдыруға мәжбүрміз.

Анықтама: NEET ұрпағы (ағылш. Not in Education, Employment or Training) – экономикалық, әлеуметтік немесе саяси сипаттағы түрлі факторларға байланысты жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар буыны.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы жастардың жалпы санындағы NEET үлесі 2021 жылдың басында 7,1%-ті құраған. Бірақ Қазақстандағы жастар 14 пен 29 жас аралығындағылар болып саналатындықтан және бюро дәл осы жастағылардың демографиялық деректерін ұсынатындықтан, NEET жастарының санын шамалап қана айта аламыз.

2021 жылдың басында жастар саны (14-29 жас) шамамен 3,7 млн адамды құрағанын ескере отырып, елде NEET жастары 265 мыңнан аспайды деп болжауға болады.

Техникалық және кәсіптік білім алушыларға келетін болсақ, мұнда, өкінішке орай, деректер жоқ немесе жаңартылмаған. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, 2019 жылы ТжКБ ұйымдарына барлығы 153 123 талапкер түскен. Алайда олардың қаншасы ақылы негізде түскені белгісіз; сондай-ақ талапкерлердің қанша үлесі аз қамтылғандар санатына жататыны туралы деректер жоқ. Білім туралы статистикалық жинақта тек жалпы сандар берілген. Олар бойынша 2019-2020 оқу жылында ТжКБ ұйымдарында барлығы 475 443 адам оқығанын біле аламыз. Оның 284 659-ы грантта, ал 190 784-і ақылы.

Қазақстанда 6,5 млн-нан астам адам жалдамалы жұмысшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2021 жылдың екінші тоқсанына Қазақстан экономикасында 8,8 млн адам жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санынан 6,7 млны (76,1%) жалдамалы қызметкерлер. Олардың басым бөлігі (87%-і) ұйымдарда еңбек етеді, тағы жарты миллион қазақстандық жеке тұлғаға жұмыс істейді. Қалған жалдамалы қызметкерлер фермерлік шаруашылықтарды және негізінен бір тапсырыс берушіге қызмет көрсетуге арналған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмысты жөн көреді.

Қазақстан ТМД-да еңбек мигранттарын қабылдау саны бойынша екінші тұрған ел.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

ТМД Интернет-порталы 2020 жылғы көші-қон жағдайы туралы деректерді келтіреді және достастыққа кіретін елдердегі еңбек мигранттарының ресми көрсеткішін салыстыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, естеріңізге сала кетейік: әрбір жеке жағдайда көші-қон статистикасы қабылданған рұқсат беру рәсімдерінің негізінде мемлекет ішінде қалыптасады, сондықтан ТМД елдерін салыстыруды толық объектив көз-қарас деп санауға болмайды. Мысалы, Әзірбайжанның көші-қон кодексі шетелдіктердің жұмысқа рұқсат алуын талап етпейтін 21 жағдай бар. Бұдан басқа, ТМД-дағы бейресми еңбек көші-қонының көлемі де жүздеген мың адаммен есептелетінін ескеру қажет.

ГосударствоВыдано разрешений на трудовую деятельность в 2020 году
Россия1 132 593
Казахстан340 141
Беларусь11 578
Узбекистан8 141
Азербайджан6 106
Кыргызстан5 647
Таджикистан3 264
Армения672

27 моноқалаға қазір өнеркәсіп өндірісінің 40%-ке жуығы тиесілі, онда біздің 1,4 млн отандасымыз тұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының (2012 жылғы) дерегіне сәйкес Қазақстан моноқалаларында 1 526 113 адам тұрған. Ұқсас санды (1,53 млн) 2016 жылы қазақстандық статистикалық ведомствоға сілтеме жасай отырып жарияланған “Ресей мен Қазақстанның моноқалаларын дамытуды мемлекеттік қолдау” (авторлары — экономика ғылымдарының докторлары Ирина Тургель, Лариса Божко, Сюй Линьши) талдамалық материалында келтірілген (қазіргі уақытта сілтеме қолданылмайды). Алайда, 2018 жылы қабылданған Өңірлерді дамытудың 2020 жылғы мемлекеттік бағдарламасында моноқалалардың халқы 1 416 700 адам деп көрсетілген. Осы құжаттың авторлары еліміздің моно-және шағын қалаларында халықтың азайғанын айтады.

Елдің моноқалаларына тиесілі өнеркәсіп өндірісінің 40%-ті туралы мәлімдемеге келетін болсақ, ресейлік сарапшылардың аталған жұмысында елдің өнеркәсіп өндірісі көлемі 45,9% деп көрсетілген. Алайда, егер бұл деректі ескірген деп қабылдасақ, Тоқаев “шамамен 40%” деген тұжырымды қолданғанын есте ұстайық, мұны белгілі бір “дөңгелектеуге” талпыныс деп қабылдауға болады.

Біздің елімізде қабылданған анықтамаға сәйкес моноқалаға қала құраушы кәсіпорындар өндірісінің жалпы көлемінің 20%-тен астамы (жұмыспен қамтылған халықтың 20%-тен астамы жұмыс істейтін) 10-нан 200 мың адамға дейінгі халқы бар қалалар жатады. Қазақстанда мұндай қалалар 27 қала бар: Степногорск, Хромтау, Текелі, Құлсары, Ақсай, Қаратау, Жаңатас, Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Саран, Сәтпаев, Теміртау, Шахтинск, Абай, Арқалық, Жітіқара, Лисаковск, Рудный, Жаңаөзен, Ақсу, Екібастұз, Зырян, Курчатов, Риддер, Серебрянск, Кентау.

Factcheck.kz