Польшада Зеленскийдің ақша жеген 3D граффитиі салынды ма?

Жақында бір топ суретшінің Варшавада салған 3D граффитиінің суреті тарады. Онда қара құрдымға түсіп бара жатқан Украина президенті Владимир Зеленский қаптағы ақшаны жалмап жеп жатады. “Проверено” фактчекерлері Польша астанасында шынымен мұндай өнер туындысының бар-жоғын тексерді.

Граффитидің фотосы медиада 2022 жылғы 3 қарашада тарай бастады. Вирустық суретте Владимир Зеленский жаяу жүргіншілер жолын басы және қолымен бұзып шығып, доллар мен еуро символдары бар қапшықтарды, банкноттарды жеп жатқаны бейнеленген. Граффити жанында қара киім, көзілдірік, қалпақ киген, қолына бор ұстаған және тізе бүгіп отырған адам бар. Көпшілік оны өнер туындысының авторы деп болжады. Суретшінің жанында бояу баллондары да бар.

Польшада Зеленскийдің ақша жеген 3D граффитиі салынды ма?
“Проверено” скриншоты

Тележүргізуші Владимир Соловьевтің Вконтакте желісіндегі Instagram скриншотында былай делінген: “Варшавадан Зеленский атындағы қара құрдым табылды және одан поляктардың барлық ақшасын жеп қоймауын сұрады”. Бұл жазба 95 000-нан астам қаралым, 3 300 лайк жинады, бірақ «Царград» телеарнасының жариялағаны кеңінен тарап, 369 000 қаралым мен 16 300-ден астам лайк жинап үлгерді.

Осы тектес жазбаны бірнеше жерден көруге болады (мұнда, мұнда, мұнда, мұнда және мұнда).

Кейбір жазбада (мысалы, Кристина Потупчиктің постында) граффити авторының Instagram-аккаунты Typical Optical деп аталатыны жазылған. Профильдің сипаттамасында ағылшын тілінен аударғанда былай делінген: “Біз Typical Optical Польшаның әзірге танымал емес арт-тобымыз. Қараңғылық патшалығындағы жаңа жарық сәулесіміз”. Сонымен бірге онда америкалық рэпер Lil Yachty-дің Poland әніне сілтеме тұр. Бұл мақаланы жазу кезінде Typical Optical парақшасының тек 35 оқырманы және бір ғана жарияланымы болған. Ал парақшаның өзі әнші әрі актриса Селена Гомезге ғана тіркелген. Олар фотоны 2022 жылғы 2 қарашада бөліскен.

Польшада Зеленскийдің ақша жеген 3D граффитиі салынды ма?
“Проверено” скриншоты

Ал мекенжайға келсек, фото шынымен Варшаваның орталығында түсірілген. Онда Мәдениет және ғылым сарайын, “Алтын терассалар” сауда, кеңсе және ойын-сауық орталығы көрінеді. Фотодағы ғимараттардың орналасуына қарап, сурет II Иоанн Павел аллеясының қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолында салынғанын білуге болады.

Сөйтіп бұл граффитидің фотосы Twitter желісінде де тарап кетті. Алайда Przemek65692199 деген лақап аты бар Twitter қолданушысы 4 қарашада граффити салынған жерде суретке түскен, бірақ онда ешқандай граффиті болмаған.

Польшада Зеленскийдің ақша жеген 3D граффитиі салынды ма?
Матеуш Витчинскийдің түсірген фотосы

6 қарашада «Укринформ» агенттігіне сол тротуар орналасқан Воля ауданының баспасөз хатшысы Матеуш Витчинский түсініктеме беріп, графиттидің жоқ екенін айтқан. Оған қоса ол өзі сол ауданда тұратынын, күн сайын сол жерден өтетінін және бұрын-соңды мұндай граффитиді көрмегенін мәлімдеген. Сонымен қатар аудан билігіне жергілікті тұрғындардан да аталмыш өнер туындысына қатысты ешқандай хабар түспеген.

Витчинский басылымға 4 қараша кешке сол орыннан түсірілген фото жіберген. Онда граффити де, одан қалған сызықтар да көрінбейді. Бұл күні Konkret 24 фактчекерлері мекенжайға барғанында өнер туындысын да, одан қалған бояу іздерін де таппаған.

Donutstudio.pl агенттігі өкілдері Лукаш Поляк пен Пшемыслав Войчак Konkret 24-ке вирустық фотоны 3D кескіндеме мамандарына көрсеткенін айтқан. Нәтижесінде граффити 100% графика бағдарламасы арқылы жасалған фото-монтаж болып шыққан.

Factcheck.kz