Пікір | 30 жылға созылған күйреу жолы: Ресей неге сәтсіздікке ұшырады?

Ресейлік тәуелсіз журналист Денис Ермаков қазіргі Ресейдің “шеттетілген ел” статусына қалай жеткені, оны болашақта не күтетіні және Қазақстан Ресейдің сәтсіз модернизация тәжірибесінен қандай сабақ алуына болатынын талдады.

Владимир Путиннің 24 ақпанда Украинада бастаған “арнайы әскери операциясы” біртіндеп, бірақ күтпеген жерден Ресейдің әлемнің батыс бөлігімен әскери, экономикалық және саяси қарсыласуына айналды. Мұның бәрі эрозияға ұшырап үлгерген үлкен шығыс державаларының “достық бейтараптығы” арқасында (ең жақсы жағдайда) іске асып жатыр.

Ресейдің Украина облыстарының бір бөлігін аннексиялауын айыптайтын қарар бойынша БҰҰ Бас ассамблеясындағы дауыс беру нәтижелері (143 мемлекет “қолдады”, 5 мемлекет “дауыс бермеді”, 5 мемлекет — “қарсы”) Ресейдің дипломатия әлеміндегі ықпалы қандай екенін айқын көрсетті.

Сегіз айға созылған соғыста ресейлік саяси-экономикалық жағдай әдеттегіден де көп күш талап етеді, себебі Ресей стратегиялық тұрғыдан жеңіліске ұшырап жатыр. Оның үстіне Ресейдің бұл дағдарыстан әлсіреп шығатыны анық.

Сонымен бірге Ресейдегі оқиғалар көршілес елдердегі, оның ішінде ең әуелі Қазақстандағы жағдайды өзгертеді (Қазақстанға мобилизациядан қашқан босқындар, РФ басшылығының Қазақстанды өз жолына таңуға талпынысы). Жаңа халықаралық байланыста Астанаға өзін тығырыққа тіреп, оқшауланып қалған Кремльмен қарым-қатынас орнату қиындай түсті.

Қазақстан үшін оның шекаралары, аумағы және сыртқы саясатындағы балансты бұзуы мүмкін жағдай түсініксіз болып отыр. Ресейге не болады? Ресей қандай болады?

Алайда ресейлік сәтсіздіктің бір ұтымды тұсы — Ресейдің қатесі қазіргі әлемде тиімді және берік саяси жүйе құрғысы келетін елдер үшін сабақ болады. Оған қоса ресейлік модернизацияның сәтсіз тәжірибесі тарихи тәлім болуы да ықтимал.

Бірінші кезең — олигархия жүйесінің қалыптасуы

Ресейдің бүгінгі әрекеті олигархия экономикалық жүйесі қалыптасқан 90-жылдардан, оның аясында парламентаризм, азаматтық қоғам, сөз бостандығы сыртқы әшекей ретінде ғана жұмыс істеген тұстан бастау алады.

Екінші кезең — олигархия жүйесінің шынайы бет-бейнесін көрсетуі

2000-2010 жылдары қалыптасқан жүйе Горбачевтің бейбітшілікті сүйетін сыртқы саясаты, Ельцин дәуіріндегі әлсіз демократия институттары сияқты мұралардан бірте-бірте арыла бастады. Соңғы қалғандары олигархия жүйесінің мәнін өзгерте алмады, десе де оның потенциалын ашуға кедергі келтіретін тежегіш болып келді. Оның үстіне, үлкен энергетикалық кірістер мен әлемнің экономикалық өсуі ел үстемдігінің иллюзиясын жасады.

Бір қарағанда (белгілі бір адамдардың қолындағы) мемлекеттік компаниялар мен корпорацияларға айналған олигархия жүйесі өмірге бейімделіп, 90-жылдардағы бірқатар экономикалық олқылықтарды жойып жатқандай көрінді. Осылайша, Ресейдегі шынайы жағдайға мүлдем сәйкес келмейтін билік үстемдігінің иллюзиясы пайда болды. «Ауыр кезеңге толы 90-жылдардың» орнына «қызыққа толы 2000-жылдар» келді.

Ресей билігі ішкі тежегішті жойған соң және өздеріне еш қатысы жоқ экономикалық жетістіктерге масайғаннан кейін жиналған қаржылық күш арқылы сыртқы экспансияға көшті. Экспансия Батысқа бағытталды. Беларуське «Шектелген егемендік доктринасы» қолданылды. Ал Украинаға қарсы әрекеті 2014 және 2022 жылдардағы әскери қақтығысқа әкелді. Сонымен бірге Мәскеу мұны Молдоваға, Арменияға, Грузияға (апогей секілді – 08.08.08 соғысы) және Орталық Азиядағы кейбір бұрынғы Совет Одағы республикасына қолдануға тырысты.

Украина құлаған жағдайда Кремльдің Молдаводан кейінгі көз тіккен келесі нысаны Қазақстан болуы мүмкін еді. Мәскеу батыстағы “ісін” тәмамдап, шығысқа қарай бет алуы да ықтимал. Солтүстіктегі көршінің сәтсіз “интеграциялық қысымы” кезіндегі Астанамен байланысында Ресей Федерациясы толық бақылайтын медиа кеңістікте кенеттен Ресейдің Қазақстанға қатысты аумақ мәселелері, ұлттық азшылықтардың құқығы, одақтастық қатынастарды “саботаждау” туралы мәлімдемелері жарияланғанын бақылау қызық.

Үшінші кезең — экономикалық экспансияның шектен шығып, әскери ұрысқа, олигархия жүйесінің ымыртына айналуы

Көшбасшының жеке тұлғалық қасиеті Ресейдің бүгінгі жағдайға жетуінде маңызды рөл атқарды. Десе де жүйенің түрі мен құрылымы дәл осындай басшыны да қалыптастырды. Ресейлік саяси-экономикалық олигархияның тығырыққа тірелген тұсы соғысқа дейін жетпеуі мүмкін еді, алайда мұның бәрі Ресейдің әлсіреуімен аяқталатыны анық.

Бұл — олигархия жүйесінің сөзсіз логикалық қорытындысы. Оған қоса жүйенің экономикалық, саяси және соңғы аргумент ретінде әскери экспансияға жүгінуі кездейсоқ емес. Елінде басқа мемлекеттер қызыға қарайтын әрі еліктейтін модернизация моделін жасай алмағандықтан, қара күшке сүйенуден басқа амалы қалмады. Оған қоса бұл Ресейдегі билікті нығайту үшін де қажет болды. Ол әлемдік экономика мен елдегі өмір сүру деңгейінің өсуі тоқтағанда сыртқы күшін көрсеткісі келді.

Төртінші кезең — жүйе өзін-өзі іштей жалмайды

Ресейдің Украинадағы және дүниежүзіндегі стратегиялық жеңілісі белгілі болғандықтан, оның ішкі жағдайына — жүйенің өзін тұрақтандыруға тырысқан әдістеріне назар аудару орынды. Алайда тұрақтандыру процесі нағыз парламент құру, аймақтар құқығын және жергілікті өзін-өзі басқаруды кеңейту, баспасөзге сөз бостандығын беру, либерал саяси өмір құру сияқты саяси институттарды қалыптастырумен жүзеге асырылмай жатқаны таңғалдырады. Мұның бәрін ақырын ғана ақылмен жасауға болар еді.

Бұдан шығудың жолын күш балансын қалыптастыру деп тапты. ФҚК, ФҚҚ (Путиннің адъютант-күзетшілерін алға жылжыту), Әскер, Ұлттық гвардия (2016 жылы Ішкі істер министрлігінен бөлінген жаңа қызмет) бірін-бірі және елдегі жағдайды бақылауы керек болды. Сыртқы сәтсіздіктерден кейін жаңа құбылыс ретінде “ЧВК “Вагнер” әскери компаниясы пайда болды. Оны Ресей Федерациясы президентінің жақыны әрі өткен өмірі қылмысқа толы Евгений Пригожин басқарды. Бұған қоса күш тепе-теңдігінде осы жылы аппараттық позициясын нығайтқан Рамзан Қадыровтың жеке әскері (ең алдымен Путиннің ФҚК-і және Қорғаныс министрлігінің “жақыны”) маңызды рөл атқарды. 5 қазанда президент Шешенстанның 46 жастағы басшысының туған күніне орай, “Россгвардияның генерал-полковнигі” деген тағы бір атақ берді.

Жақында Қадыров пен Пригожин Украина майданындағы сәтсіздіктері үшін Путиннің мақұлдауымен кадр генералдарын (Қорғаныс министрлігі, Бас штаб) сынап, ашық түрде саяси шабуыл жасады. Мұның өзі Ресей Федерациясы президентіне 20 жылдан астам уақыт бойы мансап жолын қалыптастыруға мүмкіндік берген “тежеу мен тепе-теңдік жүйесінің” қалай әлсірегенін көрсетеді. Қырым көпірінің жарылуы (оның артында кім тұрса да) ФҚК мен Қорғаныс министрлігі арасындағы ішкі қайшылықты да әшкереледі. Қасқырлардың өз арасында жеңіліске кінәлілерді іздеудегі шайқасы одан әрі ушығады.

1990, 2000, 2010-жылдары Ресей әлемге кем дегенде қандай да бір саяси және экономикалық модельді (әуелі демократиялық — ашық, содан кейін егеменді — жабық) жариялайтын, ал қазір ол да мүмкін емес. Дүниежүзіне жолдауы өз-өзімен құрдымға кетті, сол себепті олардың ендігі міндеті — қазір не бар, соны сақтап қалу.

Алайда оның өзі мүмкін емес секілді. Өйткені “күш блогынан” басқа саяси-экономикалық жүйесі Ресейдің өзінен басқа ешкімге тиімді емес — ол бәріне кедергі келтіріп отыр. Қазір ресурс бар болғандықтан оны күштеп ұстап тұруға болады. Бірақ олардың саны уақыт өткен сайын азаяды және нәтижесінде ішкі күрестің шиеленісуі баланс жоғалтуға әкеледі. Ресейде өзгерістер болатыны сөзсіз. Бұл тек уақыттың, форманың және нәтиженің еншісінде.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz