«Панорама» АА: «Қазақстан веб-ресурстарды бұғаттау бойынша Қытаймен бәсекелесе алады»

Өтіп бара жатқан жылдың ең резонанс тудырған оқиғасының бірі Qaznews24 сатиралық паблигі  авторы 25 жастағы Темірлан Еңсебектің қамауға алынуы болды. 15 мамырда оның пәтері тінтіліп, техникасы тәркіленді, өзі полицияға жауап алу үшін жеткізілді — сол жерде Еңсебек өзінің жалған ақпарат тарату қылмыстық ісі бойынша қорғауға құқығы бар куәгер екенін білді. Қазақстандағы және шетелдегі азаматтық қоғамның көптеп қолдауына қарамастан, Еңсебекке қатысты тергеу тоқтатылған жоқ.

Қазақстан билігі осындай сатираға төзбейтінін 2020 жылы-ақ қазақстандық интернет қолданушылардың Ресейдің «Панорама» ақпараттық агенттігіне кіруіне шектеу қойғанында көрсетті. Бұл басылымның сатиралық жаңалықтары үнемі шынайы жаңалық ретінде қайта басылып отырады және кейде итальяндық Томассо Дебенедеттидің бұқаралық ақпарат құралдарының митингілері әсерімен салыстыруға болатын елеулі резонанс тудырады. Ал сатира мен фактіні ажырата білу, дереккөздермен жұмыс істеу — медиасауаттың маңызды аспектісі.

Біз «Панораманың» бас редакторы Борис Гонтермахермен және оның әріптесі Виталий Маннмен (олардың аты-жөні өзгертілді) олардың бұғаттауды қалай қабылдағаны, не себепті бұл жобаны жасайтыны және қандай мәтіндерді шынымен сапалы деп санайтыны туралы сөйлестік. (Дисклеймер: бұл сұхбаттан ләззат алып, ол пайдалы болуы үшін әзіл-қалжыңды түсіне білу керек!)

2021 жылы қазақстандық сатиралық паблик авторы үстінен көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін іс қозғалды. Санкт-Петербург губернаторы да биыл «Панорама» үстінен полицияға арыз жазатыны туралы айтып қорқытқан. Сіздің ойыңызша, посткеңес кеңістігіндегі билік сатираны неге сонша қауіпті көреді?

Біз бұл туралы қастандық теорияларын ұсынбаймыз. Сірә, мемлекет қайраткерлері өте ауыр басқару жұмыстарымен айналысады, ал бұл жұмыстар олардың бар күшін алатын сияқты. Тұрақты күйзеліс пен адамдарға жақсылық жасауға ұмтылу салдарынан олардың әзіл-қалжың түсінуі семіп қалып, олар сатираны шешуді қажет ететін мәселе деп санайды. Ал олардың мүмкіндік құралдары, жалпы, шағын болғандықтан, олар әкімшілік әдістер арқылы күреседі.

Былтыр шілде айында коронавирусқа қарсы вакцина Нұрсұлтан Назарбаевтың науқастанған қан үлгілеріне жасалады деген жалған ақпаратқа байланысты «Панораманы» Қазақстан аумағында бұғаттаған еді. Оқиға осылай өрбиді деп ойладыңыз ба? Бұғаттамас бұрын Қазақстанның мемлекеттік органдарынан жарлық қағаз алдыңыз ба? Қол жеткізуді қалпына келтіру үшін қандай қадамдар жасалды? Сіздің интернет-ресурсыңызға кіруге шектеу қойған басқа елдер бар ма?

Шынын айтқанда, біз вакцина шынымен жасалып, адамдарды сол арқылы емдейді деп болжадық, бірақ, өкінішке қарай, билік басқа шешім қабылдады.

Біз Қазақстан билігінен ешқандай жарлық қағаз алған жоқпыз, материал жарияланғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң сайт Қазақстанда бұғатталды. Бұл Қазақстанның уеб-ресурстарды бұғаттау жағынан әлемдегі ең ірі экономика – Қытаймен белсенді бәсекелесе алатын жоғары технологиялық ел екенін көрсетеді.

Біз оны бұғаттаудан шығару үшін ешқандай қадам жасамадық, өйткені біздің негізгі оқырмандарымыз — ресейліктер және біз қандай қадамдар жасау керек екенін де біле бермейміз. Бұл жерде я Нұрсұлтан Әбішұлымен, я Қасым-Жомарт Кемелұлымен жеке аудиенция керек, аса түсіне де қоймаймыз. Қалай болғанда да, олар ресейлік сатириктерге бола алаңдай қоймайды ғой.

«Панорама» АА жариялымының бірінің скриншоты

«Панорама» Қазақстанда алғаш бұғатталған, Құдай қаласа, соңғы болып бұғатталатын сайт емес. Бұл керемет те, өйткені қазақстандықтар компьютерлік сауаты бойынша ТМД елдерінің көпшілігінен алда келе жатыр. Олар анонимайзерлерді, проксилерді және бұғаттауды айналып өтудің басқа әдістерін баяғыда-ақ меңгерген. Басқа елдерден бізді тек Түркіменстан мен ҚХДР оқымайды, олар бізден басқаларды да оқымайды.

Ресейліктердің 80%-і шіркеу туралы әзілдеуге болмайды деп, 69%-і әртүрлі халықтың ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрлері және Ресей, КСРО және Ресей империясы тарихы туралы әзілдеуге болмайды деп есептейді. Сіз бұл пікірді қалай ажыратасыз? Ресейліктер не себепті осы тақырыптарды тыйым салынған деп санайды?

Шамасы, осындай жоғары нәтижелер көрсеткен БҚПЗО (ВЦИОМ) сауалнамасы Құтқарушы Христ храмының бір жерінде жасалған-ау. Өйткені бұл сан біздің көзқарасымыз бойынша күмәнді көрінеді. Алайда бұл аса маңызды емес. Әрине, бұл туралы әзілдеуге болады және сіз біздің сайтта осындай материалдар бар екеніне көз жеткізе аласыз. Біз бұл мәселеде  пионер емеспіз. Әртүрлі телешоуда діни қызметкерлерге қатысты көптеген діни анекдот пен түрлі әзіл және т.б. бар.

Әртүрлі халықтың салт-дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктері туралы әзілдер туралы айтар болсақ, біз әр халыққа объектив түрде уақыт бөлуге тырысамыз. Оның үстіне, олардың көпшілігі өздері туралы анекдот құрастырады.

Әлеуметтік желілерде қолданушыларды бізге сатиралық жаңалықтар не үшін керек екені қызықтырады. Болып жатқан оқиғаның қаншалық абсурд екенін бағалау үшін көп жағдайда сол күннің шынайы жаңалықтары легін қарап шықсақ болғаны. Аудиторияңыз үшін өз құндылығыңыз қандай деп ойлайсыз?

Әзіл мен сатира не үшін қажет? Осы қиын кезеңде көңіл көтеру үшін керек. Бәлкім, біздің оқырмандар бізді бұл үшін оқымайтын шығар, не дегенмен, мұны өздерінен сұраған дұрыс.

Сіз вирустық алғашқы жаңалықтардың бірі ОПШ (РПЦ) корпоративіндегі «АХСиМСЗ» тобы туралы хабарлама болғанын айттыңыз (тіпті, Ресей 24 сол туралы сюжет түсірді). Сіз бұған қалай қарадыңыз? Көрермендер, тіпті кәсіби журналистер де сатираға оңай сене салатынына қаншалық дайын болдыңыз? Қазіргі жетістікті БАҚ пен қоғам қайраткерлерінің сіздердің кезекті жаңалығыңызға қаншалық «еріп кеткенімен» бағалайсыз ба?

Кинотеатрда «саспенс» деген сөз бар – көрермен процестің шын екеніне, яғни бұл кино емес, шын өмірде болып жатқанына сене бастайтын процесс. Әрине, біз бұған кәсіби журналистерді сендіре алсақ, демек өте сапалы материал дайындағанбыз. Екіншісі, көптеген адам мұндай оқиғаны қазіргі уақытта мүмкін нәрсе деп санады. Алайда біз әлі де мұны жетістік критериі деп есептеуге дайын емеспіз. Басты критерий – оқырмандар арасындағы танымалдық.

«Панорама» контентінің едәуір бөлігін оның қарапайым оқырмандары «қоғамдық қабылдау» арқылы жасайтынын қазақстандықтардың бәрі біле бермеуі мүмкін. Айтыңызшы, мұндай краудсорсинг моделін қашан және не үшін таңдадыңыздар? Сіздің жағдайыңызда оның қандай артықшылығы мен кемшілігі бар?

Шын мәнінде, барлық сұрау халықтан келеді. «Панорама» екі адаммен-ақ – Гонтермахермен және Маннамен оп-оңай жұмыс істей алар еді. Бірақ бізге дарынды авторлар хабарласып, жобаға қосыла бастады. Кейін сұраныс одан да арта түсті, басқалар да шығармашылық процеске қатысқысы келді, мүмкін өз жұмысын кең аудиторияға бөлісуді қалады. Нәтижесінде біз адамдарға қызық жақсы материалдар алған кезде өзара артықшылыққа ие болдық, ал авторлар сөйлеуге мүмкіндік алды.

Кемшілігі сол, материалдың бәрі бірдей (шынын айтайық, ондайлар аз) біздің талабымызға сәйкес келе бермейді, олардан бас тартуға тура келеді, бірақ онсыз да болмайды. Артықшылықтар одан көп.

Біз бұрын, сіздердің сатираларыңзды оқырмандар үшін «әшкерелеген» кезде, «жалған» деген үкім шығарып отырдық. Үкімдер желісін қайта қарағаннан кейін «Сатиралық жаңалықтар» дегенді қостық. Тағы да нақтылайқшы: сіздер істеп жатқан істің фейк жасаудан түбегейлі айырмашылығы неде? Былтыр әлем жалған ақпарат толқынына тап болған кезде өз қызметіңізді тоқтата тұру жоспары болған жоқ па (уақытша шектелу?)?

Фейк — бұл көрінеу жалған мәліметтер. Сатира — бұл күлкілі нәрсе, «Панорама» жағдайында – біздің өмірімізге, оқиғаларға, адамдарға пародия. Сатираның мақсаты — адамдарды күлуге, мүмкін, кейбір нәрселер туралы ойлануға итермелеу, жалған ақпаратты нақты факт ретінде қабылдау емес.

Қалай болғанда да, біз әр материалды сатиралық етіп жасаймыз. Материалдың кей тұсы кейде мұндай оқиға болмағанын немесе пікір авторы оларды айтпайтынын анық көрсететіндей етіп сызылады.

Жұмысымызды тоқтата тұру туралы ойлаған кезіміз болды, бірақ бұл эмоционал шаршауға байланысты еді. Не дегенмен, ұзақ уақыт бойы оқырманды сапалы және күлкілі әзілдермен қуанту қиын, ал біздің басылымымыз 200 жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келеді. Дегенмен бізді бұл ойдан қоғам мен оның сатираға деген сұранысы қорғап келеді. Адамдарға қажет кезде, мейлі 300 жыл болсын, 500 жыл болсын, тіпті мың жыл болсын, жұмыс істей береміз.

Редакциядан: Біз сатиралық ресурстар мен оларды жасаушыларға қарсы бұғаттаулар мен санкцияларға үнемі қарсы шығып келеміз. Әзіл, күлкілі нәрсені көре білу, шындықтың абсурд екенін байқау — адамды жануарлардан ерекшелейтін маңызды қасиет. Жаппай байсалды болу әлемді қабылдаудың аса бір жақсы тәсілі емес. «Тот самый Мюнхгаузен» деген тамаша фильмінің кейіпкері айтқандай: «Мен сіздің бақытсыздығыңыздың неден екенін түсіндім. Сіз тым байсалдысыз. Ақылды жүз — ақылдың белгісі емес, мырзалар. Жер бетіндегі барлық ақымақтықты дәл осындай түрдегілер жасайды. Күліңіздер, мырзалар, күліңіздер!»

Маргарита Бочарова
Журналист-аналитик. Магистр социальных наук