Пандемия өршігенде қарттар көбірек қайтыс болған ба?

Әлеуметтік желіде былтыр коронавирус өршіп, елдегі ахуал нашарлағанда қарттардың көп бөлігі қайтыс боп кеткені туралы ақпарат тарады. Қоғам үшін бұл проблеманың қауіпсіздік, саналы іс-әрекет жасауы тұрғысынан маңызын ескеріп, Factcheck.kz жағдайдың ақ-қарасын ажыратып көруді жөн деп тапты.

Пандемия өршігенде қарттар көбірек қайтыс болған ба?
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат

Үкім: Жартылай шындық

Статистика бюросында бар дерекке сай, 2019 жылдың басында Қазақстанда барлығы 18 395 567 адам болса, оның 2 030 211-і 63 жастан асқан еркек пен 59 жастан асқан әйел болған — халықтың 11,4%-і. 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша, Қазақстанда 18 879 552 адам, оның ішінде 2 080 647-i 63 жастан асқан еркек пен 60 жастан асқан әйел болған — халықтың 11,02%-і. Сан тура сәйкес келмесе де, бір жылда егде жастағылар өлімі көбейгені рас.

Мысалы, 2019 жылы 63 жастан жоғары 81 576, 16-62 жас аралығында 46 164 адам, 2020 жылы 63 жастан жоғары 102 638, 16-62 жас аралығында 53 719 адам қайтыс болған. Яғни бір жыл ішінде қарттар арасында өлім-жітімнің өсімі 25,81%-ті құраған. 16-62 жас аралығындағы мұндай өсім 16,36%- ті көрсетіп отыр. Демек, былтыр елдегі жағдай нашарлағанда қарттар көбірек зардап шеккен деген сөз негізсіз емес.

Адамдардың қайтыс болу себебі мен санын төменнен қараңыз:

АҚШ-тың ауруды бақылауда ұстау және профилактика орталығының хабарлауынша, үлкен кісілер коронавирусты басқа жас құрамдарына қарағанда ауырлау өткізуі мүмкін. Мұндай құбылыс 50 жастан асқан адамдардан басталып, қартайған сайын қауіп те артады. Сол үшін де қарттар және олармен байланыста болатындар міндетті түрде вакцина алғаны жөн.

Бірақ соңғы уақытта инфекция жас талғамайтыны, 20-40 жас аралығындағы адамдардың біразында ауру ауыр өтіп жатқаны жайлы ақпарат тарады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz