“Өз көзімізбен”: Сайлау учаскелері мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы ма?

20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Тоқаев 81,31%-пен жеңіске жетті. Сайлауда барлығы 10 101 учаске жұмыс істеп, 11 950 435 адам дауыс беруге құқылы болды, оның ішіне 605 770 мүгедектігі бар адам (МБА) кіреді.

Қазақстан 2015 жылы Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялаған мемлекет ретінде МБА-ға дауыс беру, сайлану құқығы мен мүмкіндігіне кепілдік береді және сайлау процесіне толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.

ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысында учаскелердің 92%-інде пандус барын, ал тактилдьді белгілер учаскелердің 82,3%-інің кіре бересінде, 73%-інің ішінде бар екенін хабарлаған.

Анастасия Щегорцова сайлау күні 253 учаскеде пандус, 525 учаскенің кіреберісне, 813 учаскенің ішіне тактильді белгілер орнату жоспарланып отырғанын айтқан. Одан бөлек, учаскелердің 95,2%-інде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштарды, 94,1%-інде мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарды ескеріп, кабиналарды жабдықтайтынын жеткізген.

Factcheck.kz командасы 20 қарашада мүгедектігі бар сарапшылармен бірге Алматыдағы сайлау учаскелерін аралап, олардың МБА-ға қаншалықты жабдықталғанын және ыңғайлы екенін өз көзімен тексеріп қайтты. Учаскелер әрбір ауданнан кездейсоқ негізде таңдалды.

Қысқа қорытынды: Сайлау учаскелері мүгедектігі бар адамдарға жабдықталмаған. Фактчек нәтижесі талаптар есеп үшін орындалғанын көрсетті.

  • Біз аралаған учаскелердің ешбірінде көру қабілеті нашар және зағип адамдарға арналған навигациялық жүйе орнатылмаған, ал кейбір учаскеде музыка дауысын қатты көтеріп қойғаны сонша, навигациялық жүйе орнатылса да оның дауысы естілмес еді.
  • Команда барған учаскелердің барлығында трафарет бар, бірақ одан кандидаттардың аты-жөнін оқу қиын. Ал көп учаскедегі трафарет жанындағы ақпарат беруге көмектесетін компьютері қосылмайды, қосылса да ішіндегі файлы ашылмайды.
  • Көп учаскенің комиссия басшылары мен мүшелері МБА-ға арналған тактильді жолдың қалай орналасқанына мән бермейді (тактильді жол мүгедектігі бар адамдарға арналған кабинаға бармайды не тактильді плита үстіне орындық пен үстел қояды). Немесе учаске ішінде мүлде тактильді жол жоқ.
  • Кейбір учаскенің арнайы әжетханалары жоқ, егер болса — жабық, оны тек біздің команда барғанда ашуға тырысты.

Жалпы командамыз аралаған сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты жабдықталғанына баға беру қиын. Мысалы, бір учаске арбадағы адамға жабдықталса, көру қабілеті бұзылған адамдарға ыңғайсыз болуы мүмкін (немесе, керісінше), сондықтан бұл материалымызда учаскенің “ыңғайлылығына” үкім қоймадық. Алайда әрбір учаскенің өзіне тән мәселелсі бар, ешбірінде сайлаушылардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін жағдай толық қамтамасыз етілмеген.

Ендеше әрбірінің жағдайын жеке талдайық…

№ 29 сайлау учаскесі (Алатау ауданы)

Мекенжайы: Саялы шағынауданы, Аққайнар көшесі, 3; “№204 жалпы білім беретін мектеп” коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Тактильді жол учаске орналасқан ғимараттың сыртқы қақпасынан басталып, ғимараттың табалдырығына келіп бітеді. Одан соң тактильді жол жоқ, ал мүгедектігі бар адамдарға арналған есік жабық тұр, оның ішкі жағына баннер қойылған. Көру қабілеті бұзылған адамдар табалдырықты аттаған соң қайда және қалай жүретіні түсініксіз.

Учаскеде мүгедектігі бар адамдарға арналған кабина орнатылған, ішінде үстел, оның үстінде көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған трафарет бар. Алайда сарапшымыздың сөзінше, трафарет сезімталдығы өте төмен, президентке кандидаттардың аты-жөнін оқылмайды. Мүгедектігі бар адамдарға арналған компютер бар, учаске қызметкерлерінің сөзінше, бұл сайлау туралы толыққанды ақпарат алуға көмектеседі.

"Өз көзімізбен": Сайлау учаскелері мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы ма?
№ 29 сайлау учаскесіндегі трафарет
Алматы, 20 қараша
. Фото: factcheck.kz

Сайлау комиссиясының мүшесі біздің команда барғанға дейін ешбір мүгедектігі бар адам дауыс беруге келмегенін айтты. Олардың сөзінше, қажет болған жағдайда, комиссия мүшелері олардың үйін аралап дауыс жинайды.

Бұл учаскеде мүгедектігі бар адамдарға арналған әжетхана жоқ болып шықты. Комиссия мүшелерінің бірі осы ғимаратта орналасқан, бірақ басқа учаскеде әжетхана барын айтып, сол жаққа сілтеді. Бұл № 615 учаске еді.

№ 615 сайлау учаскесі (Алатау ауданы)

Мекенжайы: Саялы шағынауданы, Аққайнар көшесі, 3; “№204 жалпы білім беретін мектеп” коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Бұл сайлау учаскесіне де тактильді плитка тек табалдырыққа дейін төселген, одан ары жоқ. Келушілерге арналған ортақ есік ашық тұрса да, мүгедектігі бар адамдарға арналған есігі жабық.

Учаске ішіндегі тактильді жолдың үстіне бақылаушылардың орындығы мен комиссия мүшелеріне арналған үстел қойылған. Яғни, көру қабілеті нашар адамдар еркін қозғала алмайды.

Біз іздеп келген әжетханаға апаратын дәліздің есігі жабық, есікті үстінен мөрлеп қойған. Командамыз оның ашылғанын 30 минуттай күтті. Ал келушілерге ортақ әжетхана осы уақытта ашық және қолжетімді болды.

"Өз көзімізбен": Сайлау учаскелері мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы ма?
№ 615 сайлау учаскесіндегі әжетханаға апарар жолдың мөрленген есігі. Алматы, 20 қараша. Фото: factcheck.kz

Сайлау учаскесінің төрайымы Шаттық Бакитованың сөзінше, учаскеге ешқандай мүгедектігі бар адам келмеген.

Айта кету керек, екі учаскеде де арбадағы адамдарға арналған пандус ыңғайлы.

№ 507 сайлау учаскесі (Наурызбай ауданы)

Мекенжайы: Қалқаман-3 шағынауданы, Сәдуақасов көшесі, 47; “№176 мектеп-гимназия” коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Мүгедектігі бар адамдарға арналған көлік тұрағынан түскен бетте арбадағы адамға сайлау учаскесіне бірден өту мүмкін емес, себебеі тұрақтан тратуарға пандус қойылмаған. Арбадағы адам оны айналып өтуге мәжбүр.

Сайлау учаскесінің төраға орынбасары Нұрбек Күнісбекұлының сөзінше, “бұл учаскеге мүгедектігі бар адам тіркелмеген”. Трафарет шрифтінің сезімталдығы төмен, ал ақпараттық көмек көрсетуге арналған компьютерді комиссия мүшелері қосып бере алмады.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған әжетхана ашық, бірақ сарапшымыздың сөзінше, іші тар, бұл адамдарға, әсіресе арбамен жүрушілерге ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.

№ 554 сайлау учаскесі (Әуезов ауданы)

Мекенжайы: Мамыр-1 шағынауданы, 21/1; Қазақ қатынас жолдары университеті

Бұл учаскенің пандусы орташа деңгейде. Тактильді жол көше жақтан тек баспалдаққа дейін бар, одан кейін ғимарат алды мен ішінде тактильді бағыттағыш жол мүлде жоқ. Пандус жанында шақыру батырмасы бар, алайда оны табу – проблема.

"Өз көзімізбен": Сайлау учаскелері мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы ма?
№ 554 сайлау учаскесі. Алматы, 20 қараша. Фото: factcheck.kz

Сайлау учаскесінің төрағасы Бауыржан Антоновтың сөзінше, мүгедектігі бар адам дауыс беруге келмеген. Комиссия мүшелері МБА дауыс беруге келсе, оған кім көмектесетінін білмейді. Бұл жайында бақылаушы мен комиссия төрағасы ұзақ дауласып, ақырында мүгедектігі бар адам сенімді өкілімен келуі керек деген қорытынды жасады.

Учаскеде мүгедектігі бар адамдарға арналған әжетхана бар, бірақ ыңғайсыз. Тактильді бағыттауыш әжетханаға дейін төселмеген.

№ 38 сайлау учаскесі (Алмалы ауданы)

Мекенжайы: Абай даңғылы, 191; “Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы тау-кен институты” ҚР ПМК ҰО” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалы

Сайлау учаскесінің алдындағы баспалдаққа дейін тек 3 дана тактильді плитка бар, тек содан кейін, баспалдақпен көтерілген соң ғимаратқа қарай алып баратын плиткалар төселген. Алайда арбадағы адамға есік тар. Кіру үшін басқа адамның көмегі қажет. Пандус орташа деңгейде орналасқан, шақыру батырмасы орнатылған. Оның жұмыс істейтіні-істемейтіні белгісіз.

Учаскеге кіре берісте мнемосхема қойылған, алайда тактильді жол ғимараттың ішін толық қамтымайды, мүгедектігі бар адамдарға арналған кабинаға алып бармайды. Бұл кабина ішінде трафарет пен ақпараттық көмек үшін компьютер қойылған. Алайда комиссия мүшелері біз кеткенге дейін компьютерді қосып, ішінде не ақпарат бар екенін көрсете алмады. Учаскенің мүгедектігі бар адамдарға арналған әжетханасы бар, ыңғайлы. Учаске қызметкерлері Factcheck.kz командасының жұмысына кедергі келтіруге және журналистердің дербес деректерін алып қалуға тырысқанын да айта кеткен жөн.

№ 247 сайлау учаскесі (Бостандық ауданы)

Мекенжайы: Түркебаев көшесі, 233; “М. Мақатаев атындағы № 140 мектеп-гимназиясы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі

№ 247 сайлау учаскесінің есігіне дейін тактильді жол бар, алайда ол баспалдаққа келіп бітеді және учаске ішіне бармайды. Учаскенің өзі мектеп-гимназияның спорт залында орналасқан, ішінде мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасалмаған. Яғни көру қабілеті бұзылған адамдардың өз бетімен қалай қозғалатыны, кабинаны қалай табатыны түсініксіз. Учаскенің мүгедектігі бар адамдарға арналған әжетханасы бар, дегенмен ол жерге де тактильді жолақ салынбаған. Сарапшының сөзінше, мүгедектігі бар адамдарға арналған кабинаның ішіндегі трафарет сезімталдығы төмен. Трафареттің бір әріпіндегі нүкте санын анықтай алмаған сайлау комиссиясының төрағасы Бақтияр Сүйенұлы да оның сезімталдығы аз екенін мойындайды. Бірақ, ол мұны орталық сайлау комиссиясы бергенін, өздері тек қабылдап алғанын айтады.

"Өз көзімізбен": Сайлау учаскелері мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы ма?
№ 247 сайлау учаскесінің кіре берісі. Алматы, 20 қараша. Фото: factcheck.kz

Ғимараттың пандусы бар, бірақ арбадағы адамға өз бетінше көтерілу қиын болуы мүмкін. Пандус жанында шақыру батырмасы орнатылған, байқауымызша ол жұмыс істеп тұр.

№ 339 сайлау учаскесі (Жетісу ауданы)

Мекенжайы: Шерхан Мұртаза көшесі, 71; “№2 жалпы білім беретін мектеп” коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Мектепте орналасқан бұл учаскенің пандусы кішкентай, арбадағы адамға айтарлықтай кедергі келтірмейді. Алайда ғимараттың кіре берісіне дейін келетін тактильді жол табалдырыққа келіп аяқталады. Пандустың жанына шақыру батырмасы орнатылған, істеп тұр.

№ 339 сайлау учаскесінің алды. Алматы, 20 қараша. Видео: factcheck.kz

Тактильді жол учаске ішінде жоқ және мүгедектігі бар адамдарға арналған кабинаға бармайды. Ал әжетхана біз барғанда жабық тұрды, оны комиссия мүшелері тек біздің өтінішімізден соң ғана ашты. Әжетхана айтарлықтай ыңғайлы. Комиссия төрайымы дауыс беруге арбадағы адам келгенін, жанында сенімді өкілдері болғанын және ешқандай қиындық туындамағанын айтады.

№ 339 сайлау учаскесінің алды. Алматы, 20 қараша. Видео: factcheck.kz

№ 364 сайлау учаскесі (Медеу ауданы)

Мекенжайы: Коперник көшесі, 124; “Азаматауылжобақұрылыс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Сарапшыларымыздың пікірінше, біз барған учаскелерінің ең нашары — № 364 сайлау учаскесі. Алдымен ғимаратқа көтерілетін баспалдақтың биік екенін, ал оған пандус қойылмағанын айтып өткен жөн. Ғимарат алдына шақыру батырмасы орнатылған, жұмыс істейді.

№ 364 сайлау учаскесі. Алматы, 20 қараша. Видео: factcheck.kz

Пандус орнына механикалық көтергіш тұр, алайда, қызығы, ғимарат қызметкерлері мен комиссия оны қалай пайдалану керек екенін білмейді.

№ 364 сайлау учаскесі. Алматы, 20 қараша. Фото: factcheck.kz

Ал көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған тактильді жол баспалдаққа дейін келіп аяқталады. Учаскі ішінде тактильді плитка бар, алайда мүгедектігі бар адамдарға арналған кабинаға бармайды. Тиісінше, адамдар оны қалай өз бетімен табатыны тағы түсініксіз.

Комиссия төрайымы мүгедектігі бар адамдарға арналған әжетхана бар екенін айтты, бірақ біз кеткенге дейін (учаскеде жарты сағат көлемінде болдық) ашып, көрсете алмады.

№ 462 сайлау учаскесі (Түрксіб ауданы)

Мекенжайы: Шемякин көшесі, 131; №1 Алматы Қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжі

Жалпы ғимарат аумағында тактильді жол бар, бірақ ол сайлау учаскесі орналасқан ғимарат есігіне бармайды. Пандусы орташа, бірақ шақыру батырмасы жоқ. Учаскенің өзі акт залында ұйымдастырылған, ішінде тактильді жол да жоқ.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған кабина бар, ішінде трафарет пен компьютер қойылған, ол қосылады, жұмыс істеп тұр. Комиссия мүшелерінің сөзінше, учаскеде арнайы әжетхана бар, бірақ оны бізге ашып көрсете алған жоқ. Олардың сөзінше, әжетханаға ғимараттың басқа есігінен кіреді, ал ол құлыптаулы.

Қорытынды

  • Біз аралаған сайлау учаскелеріндегі жағдайды барлық сайлау учаскелерінің ыңғайлылық көрсеткіші деп ала отырып, учаскелердің басым бөлігі мүгедектігі бар адамдар үшін ыңғайсыз және оларға жағдай жасалмаған деп топшалауға болады. Оның үстіне бұл тексеріс республикалық маңызы бар қалада болғанын ескерген жөн;
  • Қазақстан билігі халықаралық конвенцияларды ратификациялап, конституциялық құқықтарын шектемесе де мүгедектігі бар адамдар сайлауға толыққанды әрі еркін қатыса алмайды. Бұл үшін сайлау учаскелерінде қолайлы орта жасалмаған.
  • Орталық сайлау комиссиясы келтірген деректер “есеп үшін” айтылғандай ой қалдырады, іс жүзіндегі жағдай басқа;
  • Қазақстан билігі сайлау учаскелерін ұйымдастыру барысында мүгедектегі бар адамдар үшін барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланбайды, нәтижесінде МБА үшін қолайсыз орта жасалады;
  • Мүгедектігі бар адамдарды алалау әлі де жалғасып жатыр.

Тиісті органдар материалымзды оқып, бұл мәселеге алдағы сайлауларда назар аударып, учаскелердегі бар мүмкіндіктерді пайдаланады және ешкімді алаламайды деп сенеміз.

Оқи отырыңыз

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz