Отбасы және гендер репрезентациясы: мемлекет қандай құндылықтарды қаржыландырады?

Қазақстанда көптеген медиа мемлекеттік тапсырысқа тауелді екені жасырын емес. Тапсырыс алу үшін рейтиң барынша жоғары болу керек, ал рейтиң үшін әртүрлі тақырыпта манипуляциялық материалдар жазу жеткілікті. Бұл тұрғыда жалған ақпарат та, сенімсіз дерек те, тіпті өзгелерді алалау да болуы ықтимал.

Жыл сайын 8 наурыз қарсаңында қазақ тілді интернет кеңістікте әйелдерге арналған түрлі контенттер көбейіп кетеді. Бір қызығы, 11 айда жазылмаған материалдар тек наурыз айында ғана алдыңғы қатарға шығады. Күнделікті қоғамдағы “көпбалалы ана”, “ана”, “келін” немесе “тұрмыстағы әйел” образы кейінге шегеріліп, “іскер”, “ғалым”, “кәсіпкер”, “IT-шник”, “өнеркәсіп маманы”, “ғарышкер”, “саясаткер”, “полиция” әйел образы БАҚ беттерінде жарияланады. Бұл жылдан жылға қалыпты үрдіс ретінде қалыптасып келеді. Ал енді осы “бір айлық феминшіл” әйел образын қалыптастыруға ресми органдар қаншалықты мүдделі екенін білу үшін мемлекеттік тапсырыстарға көз жүгіртейік.

Зерттеу әдіснамасы

Бұл зерттеуді жазу барысында мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыратын goszakup.gov.kz сайты арқылы алдын ала нақты әдіснамаға сүйеніп таңдалған 15 медианың тапсырыстарын қарап шықтық. Одан бөлек ықтимал байланысы бар (аффилированные лица) қоғамдық пікірдің 10 көшбасшысының мемлекеттік тапсырыстарын зерттедік. Соңғы екі жылдың (2020-2021 жылдар) 1 қаңтары мен 30 маусым, яғни алғашқы 6 ай аралығын толығымен қарап, “гендерлік теңдік”, “әйел құқықтарына” жақын немесе толық сәйкес келетін лоттарды теріп шықтық.

Төмендегі 15 медианың құрылтайшылары, олардың деректерін жинастырдық және соған сәйкес ақпараттарды сараптадық:

  • Егемен Қазақстан
  • Айқын
  • Дат
  • Azattyq
  • Tengrinews.kz
  • Nur.kz
  • Malim.kz
  • Orda.kz
  • Zakon.kz
  • Informburo.kz
  • Azattyqruhy.kz
  • Qazaqstan телеарнасы
  • “Хабар” телеарнасы
  • “Еуразия” арнасы
  • ZTB Media

Зерттеуде нысанаға алынған 15 медианың ішінде 3-уі газет сайты, 8-і ақпараттық сайт, 3-уі арна және қалған біреуі парақша. 15 мадиа төмендегі критерий бойынша таңдалып алынды:

  • Көрілім саны;
  • Меншік түрі;
  • Таралу, ретрансляция, комментарий саны, лайк саны;
  • Кім оқиды/аудиториясы;
  • Жазылушы саны; 

Сонымен қатар, қоғамдық пікір лидерлері осы зерттеуге түрткі болған “гендер” тақырыбына қатысты қандай да бір өздеріне тиесілі не басқа да бір компанияның атынан мемлекеттік тапсырыс алуы мүмкін бе деген ықтимал байланысты іздеуге тырыстық. Бұлар да жоғарыдағы критерий бойынша таңдалып алынды:

  • Бағила Балтабаева;
  • Айнұр Тұрсынбаева;
  • Сәуле Әбілдаханқызы;
  • Дана Нұржігіт;
  • Инга Иманбай;
  • Мерей Жолшы;
  • Мұхамеджан Тазабек;
  • Бекболат Тілеухан;
  • Қайрат Құдайберген;
  • Марғұлан Сейсембай

Мониторинг барысында негізгі кілт сөз ретінде “гендер”, “әйел”, “еркек”, “отбасы”, гендерлік саясат”, “көпбалалы ана”, “әке”, “демография” сөздерін пайдаландық. Осы кілт көздер кездесетін кез келген тіркестерді енгіздік.

Зерттеуде алдымен салыстырмалы анализ жасау арқылы қандай да бір тапсырыстардың тізімін жасап, әр тапсырыстағы материалдарды жеке-жеке талдадық. Материалды толық оқығыңыз келсе, мына сілтемеге өтіңіз, ал төменде ең маңызды деген тұстарды жинастырып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.  

Медиа гендерге қатысты қандай образ қалыптастырып жатыр?

Біз 2020-2021 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусымы аралығын шолып шықтық 15 медианың үшеуі мүлде мемлекеттік тапсырыс алмаған. Олар: Azattyq, Orda.kz және Дат газеті. Бұл үшеуі халық арасында тәуелсіз медиа ретінде танылған. Қалған 12 медиа кем дегенде бірнеше тапсырыс алған. Әр медианың екі жылдағы барлық мемтапсырыстарын қарап шықтық, оның ішінде біз қарауға тиісті 6 айды бөліп жазуды ұйғардық. Төмендегі инфограмнан көре аласыздар.

12 медианың әрқайсысының техникалық сипаттамасына үңіліп, ондағы тапсырыс беруші мемлекеттік органның сұранысына көз салдық. Барлығында дерлік гендер мәселесі көтерілмегенімен, арасында бірен-сараңы бар. Төменнен көре аласыздар.

Гендер саясатына қатысты жалпы саны 12 лотты таптық. Олардың әрқайсын жекелей талдадық. Бір қызығы, “Маңғыстау облыстың ішкі саясат басқармасы” мемлекеттік мекемесі дәл осы гендер тақырыбында көп тапсырыс береді екен. Тағы бір байқағанымыз мемлекет көбіне “гендер” тіркесін “көпбалалы ана, отбасы, демография, зорлық-зомбылықпен күрес” тіркестерімен таңып қояды. Екі тараптан да проблеманы байқаймыз. Біз қараған тех.сипаттамада “гендер” сөзінің кездесуін жалпы Қазақстандағы гендерлік саясаттың “жүргізіліп” жатқандығымен байланыстырамыз. Бұл мемлекеттің тапсырыс беруші орган ретінде орындаушы яғни біздің мысалда 12 медианың “гендерге” қатысты дайындап берген шаблон мәтіндерінен көреміз. Ал оны орындаушы ретінде 12 медианың тапсырыс алғаннан кейін “гендерге” қатысты тақырыпты көп қозғамайтынын, қозғап жатқан күннің өзінде “отбасы не әйел” теркестерімен байланыстыратынын байқаймыз.

Зерттеуші Гүлзада Сержанның айтуынша, біз қарастырған тех.сипаттамада табылған “гендер” тіркесі Гендерлік теңдік стратегиясы тұсынан қалып қойған болуы мүмкін. Себебі кезінде CEDAW берген ұсынысты орындау мақсатында мемлекеттік тапсырыстарға осы талапты қосқан болуы керек. Кейіннен ол өзгеріске ұшырап, көшіріліп, кейде сол қалпы сақталуы мүмкін. “Қазақстандық институттар гендерлік теңдікке қол жеткізу жолында БҰҰ-ның ұсыныстарын ескергені жөн” – дейді Гүлзада Сержан.

Сонымен қатар, ықтимал байланысы бар 10 ҚПЛ-дің өздерінің не басқа бір компанияның атынан қатысуы мүмкін екенін анықтап көрдік. Алайда қанда да бір нақты мемтапсырыс алған не алмағаны анықталмады.

Қорытынды

Зерттеуді қорытындылай келе, Қазақстандағы гендер репрезентациясы тек “әйел” тіркесінің төңірегінде шоғырланып қалғанын байқадық. Бұған “гендер саясатын” жеткілікті деңгейде жүргізбей жатқан мемлекетті және оны таптаурын стереотип тұрғысынан қалыптастырып жатқан медианы кінәлауға болады. Гендерлік саясатқа немқұрайлы қарау әрі ол туралы қате түсінік мемлекет пен қоғамның демократиялық құрылымының негіздерін бұзады. Сондай-ақ, азаматтық қоғам институтының тиімділігін азайтады және саяси жүйені демократияландыру барысына сенімсіздік тудырады.

Жансерік-Тілеухан-Отбасы-және-гендер-репрезентациясы_-мемлекет-қандай-құндылықтарды-қаржыландырады

Материал Сорос-Қазақстан Қорының қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырған «ЛГБТ+ және гендерлік теңдік мәселелеріне қатысты тақырыптарды қабылдау және жариялауға мониторинг» жобасы аясында дайындалды. Материалдағы пікірлер Сорос-Қазақстан Қорының және MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен factcheck.kz ресурсының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz