Ораза жайлы мифтер — 2-бөлім

Рамазан айында мұсылмандарға ораза ұстау міндеттелген. Дәл осы айда оразаға қатысты көптеген рас-өтірігі аралас әңгімелер тарап жатады. Карантин шектеулерін еске түсіріп, Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚМДБ бекіткен ораза ұстау ережелерін де біліп жүрейік. Ал кеттік…

“Спутник V” вакцинасы — халал

Үкім: Шындық

Ресей мұсылмандары діни басқармасы “Спутник V” вакцинасын халал әрі зиянсыз деп таныды. Бұл туралы ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров мәлімдеді.

“Спутник V вакцинасының құрамы жайлы Ресейдің мұсылмандары діни басқармасына сауал жібердік. Жауап келді. Вакцина құрамында жануартекті компоненттер жоқ, яғни, харам дегенге нақты дәлел болмаған соң мұны халал вакцина деп айта аламыз”, – деді Ершат Оңғаров.

Коронавирусқа қарсы вакцина оразаны бұзбайды

Үкім: Шындық

12 сәуірде өңірлік коммуникация брифингінде Алматының бас имамы Еркінбек Шоқайдың айтуынша, егер сұйықтық адам ағзасына ауыз немесе мұрынмен асқазанға түссе, ораза бұзылады. Ал вакцина инъекция арқылы енгенде ораза бұзылмайды. Сондықтан COVID-19-ға қарсы екпе салдыру оразаны бұзбайды.

Сонымен бірге, имамның айтуынша, ПТР-тест тапсыру барысында адамның ішіне ешнәрсе түспейді, сондықтан ол да ораза бұзбайды.

Бірігіп ауызашар жасауға болмайды

Үкім: Шындық

5 сәуірде Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қала тұрғындарына рамазан айында жиналып, ауызашар жасауға тыйым салған.

“Былтыр ауызашардан кейін коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскенін білесіздер. Әрине, биыл да азаматтарымыз біздің ұсынысымызды ескеріп, ұжымдық кездесулер, оның ішінде, үй жағдайында да жасамаса екен дейміз. Үйде тек жақын адамдар жинала алады”, – деді Бекшин.

9 сәуірде астананың бас санитар дәрігерінің орынбасары Жанна Пірәлиева да қалада ауызашар жасауға тыйым салынатынын айтқан.

Адамның иммунитеті әлсіресе инфекцияға бейім келеді

Үкім: Шындық

Қазақстанның экс бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова былтыр рамазан айына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, ораза ұстайтын азаматтар қажетті тағамдар арқылы, иммунитеттің әлсіремеуіне аса мән беру қажет.

Адам ағзасында ақуыз, майлар, дәрумендер жетіспеушілігі иммунитеттің әлсіреуіне алып келеді. Иммунитет әлсіресе адам инфекцияға бейім келеді. Ораза ұстайтын азаматтар ақуыз, көмірсу және майдың ағзаға толықтай жеткілікті баруын қамтамасыз ету керек. Одан бөлек, су мен көкөністен де бас тартпауға шақырамыз

Айжан Есмағамбетова

Басқа да қосымша ақпараттар:

  • Алматыда танымал қарилар онлайн Құран хатым оқиды. Әлеуметтік желідегі Azan.kz. парақшасы арқылы күнделікті сағат 14.00-де онлайн қатысуға болады.
  • Рамазан айында 8 (727) 329 0966, 8 700 719 7622 байланыс телефондары арқылы Алматы Орталық мешітінің Пәтуа Call-орталығы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырады.
  • Биыл пітір садақа бір адамға 420 теңге мөлшерінде белгіленді. Оны әдеттегідей мешітте емес, Kaspi.kz немесе Halyk Bank қосымшасымен төлеуге болады. Сонымен қатар, Алматы мешіттерінде Каспий QR қойылды.

Factcheck.kz сайтында 2018 жылы Рамазан айындағы мифтерге байланысты жарияланған материалды қайта еске түсіруді ұсынамыз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz