“Oлар мүгедектерді адам құрлы көрмейді” — “Финансовая инклюзия” жобасының жиыны өтті

24 мамырда “Қайрат Иманалиев атындағы Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комиссия” “Финансовая инклюзия” жобасының аралық қорытындысын талдап, мүгедектігі бар адамдарға банктердің қолжетімділігі мәселесін көтерді.

Жоба жетекшісі Вениамин Алаевтың айтуынша, “Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі” Үкіметтік емес ұйымы және банк өкілдерімен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарға қаржылық қызмет көрсету бойынша әдістеме ұсынған.

Сарапшы, заңгер Гүлмира Бурашеваның айтуынша, ұсынысқа қарамастан, мүгедектігі бар адамдардың құқығы әлі де бұзылып жатыр. Оның сөзінше, банктің бір филиалында пандус болса да, перила болмайды; арнайы жол болса да, ол ешқайда апармайды; ал банкоматтар көру қабілеті бұзылған адамдар үшін бейімделмеген.

Осыған байланысты кездесу қатысушылары екінші деңгейлі банктермен соттасқан үш жағдайды айтты. Сонымен қатар, комиссия өкілдері “банктер адамның мүгедек болғаны үшін несие бермейтінін немесе сақтандыру шартын жасамайтынын” айтып, мұның мүгедектігі бар адамдарға қатысты дискриминация екенін мәлімдеді.

Алаевтың сөзінше, “елімізде мүгедектер дискриминациясына қарсы заң болмағандықтан, сотта дискриманацияны дәлелдеу қиын”. Қатысушылар сот отырысында банк өкілдерінің “Мүгедектердің құқы туралы конвенция” ұлттық заңнан жоғары тұрса да, “біздің заңда жоқтығына” сілтейтіндігін айтты.

Алаев “мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету бойынша әдістемелік ұсыныстарды заңнамалық нормативке енгізу керек” дейді. Жоба жетекшісі “банктің мүгедектігі бар адамдардың қаржылық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін заңнамалық тұрғыдан бекітетінін” хабарлады.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz