Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежай Парижде үздік деп танылғаны рас па?

Жақында әлеуметтік желі мен қазақстандық медиада Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайдың Парижде үздік деп танылды деген ақпарат жиі тарады. Материалда астанадағы әуежайдың Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік өңірлік әуежай болды делінген. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты сенімді екенін тексерді.

Үкім: Манипуляция және Шындық

Неліктен манипуляция: Кейбір медиалар кликбейт тақырып қойып, ақпаратты бұрмалаған.

Неліктен шындық: Назарбаевтің есімі берілген Астанадағы халықаралық әуежай 16 маусымда Парижде өткен World Airport Awards-та 2022 жылы Орталық Азия/ТМД елдері арасында «үздік өңірлік әуежай» атанды. Бір қызығы, осыған ұқсас марапат Баку әуежайына да берілді.

Толығырақ…

World Airport Awards — түрлі авиакомпания мен әуежай қызметінің сапасын зерттеуге маманданған британиялық Skytrax компаниясы беретін беделді марапат.

Жеңімпаз қалай анықталады? Компания әуежай клиенттері арасында жыл сайынғы жаһандық сауалнамаға сүйенеді. Сауалнамада қызмет көрсету сапасы жайлы түрлі сұрақ қойылады.

Сауалнама нәтижелеріне біреу әсер ете ала ма? Мұны ашық көздерден тексере алмаймыз. Алайда, Skytrax мәліметінше, сауалнаманы әуежайлар бақыламайды. Яғни, сырттан ешкім әсер етуіне мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар, әуежай сауалнамада аталу үшін жарна төлеп, тіркелудің қажеті жоқ. Сайтта методологиясы толық көрсетілген. Алайда сауалнамада қойылған барлық сұрақты таппадық. Бірақ кейбір сұрақтар тізімі жазылған.

Жоғарыда айтқандай Нұр-Сұлтандағы халықаралық әуежай Орталық Азия/ТМД елдері арасында үздік өңірлік әуежай атанды. Төменде алғашқы ондық тізімі көрсетілген.

Бір қызығы World Airport Awards-та «Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік әуежайлар» жайлы бөлек рейтиң бар. Мұнда Бакудегі Гейдар Алиев атындағы халықаралық әуежай бірінші орында.

Жалпы Гейдар Алиев әуежайы үш номинация бойынша үздік атанды —  «Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік әуежай», Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік әуежай персоналы, Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік таза әуежай. Барлық рейтиңде Нұр-Сұлтан мен Алматы екінші және үшінші орында тұр.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтандағы әуежай әлемнің ең “жетілдірілген” әуежайлар тізіміне еніп, оныншы орын иеленді. Бұл рейтиң әуежайлардың жаһандық рейтиңдегі өзгеруін және кейінгі 12 айда ең көп жақсарған әуежайларды анықтайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz