Назарбаевтың Nur Otan съезіндегі биліктің жетістігі туралы мәлімдемелеріне фактчек

25 қарашада Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезі өтті. Онда басқарушы партия мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізімін бекітті. Съезд кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырса, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тағы сайлау туралы мәлімдемесінен бөлек, кезекті рет тәуелсіздік жылдарындағы биліктің жетістігімен бөлісті. Біз нақты фактіге негізделген мәлімдемелерін тексеріп көрдік.

Мәлімдеме: Елдегі кедейлік деңгейі кейінгі 20 жылда 11 есеге азайды. Қазіргі күні біз кедейлік деңгейінен 4% төмендедік. Бұл тіпті дамыған елдерге тән.

Н. Назарбаев

Үкім: Манипуляция

Ресми мәлімет бойынша кейінгі 20 жылда кедейліктің қысқарғаны байқалады. Бірақ экс-президент айтып отырғандай таңқаларлық деңгей емес. Статистика комитетінің дерегі бойынша, 2001 жылы кедейлік деңгейі 46,7 %-ды құраған. Ал 2020 жылы 2 тоқсанда 5,7% болды.

Осы мәліметтер бойынша кедейлік деңгейі Назарбаев айтқандай 11 есеге емес, 8,2 есеге төмендегенін байқаймыз. Әзірге 3-ші және 4-ші тоқсанның ресми мәліметтері жарияланған жоқ.

Назарбаевтың Nur Otan съезіндегі биліктің жетістігі туралы мәлімдемелеріне фактчек

Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша коронавирус пандемиясынан болған созылмалы дағдарыс Қазақстанда кедейлік пен теңсіздіктің артуына әкеп соғуы ғажап емес. Алдын ала бағалау бойынша, кедейлік деңгейі 2020 жылы 8,3-тен 12,7 пайызға артуы мүмкін.

Мәлімдеме: Жұмыссыздық 2,8 есеге азайды (кейінгі 20 жылда)

Н. Назарбаев

Үкім: Шындық (бірақ, бір ескеретін тұсы бар)

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 1999 жылы республикадағы жұмыссыздық деңгейі 13,5%-ды құраған, ал 2019 жылы 4,8% дәрежесі тіркелді. Былтырғы көрсеткіш расында 1999 жылдан үш есеге төмен. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының хабарлауынша, 2020 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5% мөлшерінде тұр.

FactCheck.kz бұған дейін ресми статистика республикадағы жағдайды қаншалықты дұрыс көрсете алатынын, әсіресе пандемия мен одан болған экономикалық дағдарыс кезінде бұл сандардың шындыққа қаншалықты сай келетінін талдаған болатын. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, 2020 жылы жұмыспен қамтылған тұрғындардың ішіндегі жұмыссыздар үлесі 10%-дан төмен болмайды. Бұл пікір Назарбаевтың осы саладағы жетістіктер туралы айтқанын жоққа шығарып тұр.

Мәлімдеме: Біз 1400 жаңа аурухана, емхана, 1800 мектеп салып әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарттық

Н. Назарбаев

Үкім: Жартылай шындық және Манипуляция

Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің Ұлттық статистика бюросының сайтында жарияланған ресми мәлімет бойынша, бәрі басқаша. Нысандар соғылған, бірақ жалпы жағдай мүлдем бөлек.

Егер 1991 жылы аурухана саны 1805 болса, 1993 жылы 1899 болған, ары қарай тек азайған. 2019 жылы статистика бойынша аурухана мекемелерінің саны 749-ды құрады (жаңартылған мерзімі: 11.08.2020). Дегенмен 4 жыл бұрын хабарланғандай, 25 жыл ішінде Қазақстанда 1312 денсаулық сақтау мекемесі салынған. 2020 жылдың басында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәлімдеуінше, 2017 жылдан бері 399 ғимарат соғылды, оның көбі ауылды жердегі алғашқы медико-санитариялық көмек көрсететін нысандар. Сондай-ақ аурухана төсегінің саны 30 жылда 134 мыңнан азайды.

Мектептерге келер болсақ: 1991 жылы мектеп саны 8575 болған (оқушылар саны – 3147,4 мың), ал 2019 жылы – 7398 (оқушылар саны – 3337,8 мың). Жаңа мектеп ғимараттары көп соғылған болуы керек (былтыр тәуелсіздік жылдары бір жарым мыңнан аса жаңа мектеп салынғаны хабарланған…). Кей бағалаулар бойынша, Қазақстандағы әр бесінші мектеп тәуелсіздік жылдары салынған. 1356 мектептің соғылуы апатты жағдайда тұрған мектептер санын 3,7 есеге қысқартуға мүмкіндік берді (2003 жылы 256 мектептен 2015 жылы 69 мектепке дейін) және үш ауысыммен оқитын мектептер саны 2 есеге қысқарды (2015 жылы 145 мектептен 2015 жылы 86-ға дейін, 2016 жылдың мәліметтері). Бірақ жалпы мектептер саны кейінгі 30 жылда азайған.

Мәлімдеме: … 900 балабақша салынды

Н. Назарбаев

Үкім: Шындық

1991 жылы балабақша саны 8881 еді, ары қарай мектепке дейінгі мекемелердің саны күрт азая бастап, 2002 жылы 1095 қана қалды. 2010 жылы балаларға арналған шағын орталықтар ашыла бастап, жалпы мектепке дейінгі мекемелердің саны 4781-ге жетті. Ары қарай өсе берген. 2019 жылы шағын орталықтарды қосқандағы мектепке дейін мекемелер саны 10 583-ті құрады. Көріп отырғанымыздай, салыстырсақ тіпті 900-ден асып кетеді екен.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов былтыр қазанда былай деп мәлімдеді: «Мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту мектепке дейінгі ұйымдар желісінің кеңеюі мен жекеменшік балабақшалардың ашылуы есебінен көбейді. Қысқа мерзім ішінде жекеменшік балабақша саны екі есеге артты. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру кезінде балабақшалар соғылып, жекеменшік балабақшалар, шағын орталықтар мен басқа түрлері ашылып, елдегі мектепке дейін ұйымдар желісі 1839-ға көбейді (2019 жылы – 10 673, 2015 жылы – 8 834)…». Әңгіме 2016-2019 жылдарға арналған ҚР-да білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы туралы болып отыр.

Оған қоса 2018 жылы Қазақстанда 4 155 шағын орталық болды, олардың 2 442-інде баланы толық күнге қалдыруға болатын. Жалпы сол жылы мектепке дейінгі мекеме саны 10 314-ке тең еді. Осылайша, мемлекеттік және жекеменшік шағын орталықтар мектепке дейінгі мекемелердің 40%-ға жуығын құрайды әрі осы саладағы драйвер болып тұр.

Мәлімдеме: Қазақстан доллармен есептегенде 360 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартты

Н. Назарбаев

Үкім: Шындық

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестиция ағыны 350 млрд АҚШ долларынан асты, деп хабарлады  «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы 2020 жылдың 6 сәуірдегі баспасөз баяндамасында. Баспасөз-релизінің авторлары Ұлттық банктің деректерін негізге алған. Қаржы тұрақтылығы мәліметі бойынша, 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестиция ағыны 8,1 млрд АҚШ долларына жетті. Осылайша, биыл екінші тоқсан соңында тікелей шетелдік инвестиция көлемі шынында 360 млрд АҚШ доллары мөлшерінде тұр.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz