“Назарбаев күшіктері” дегені үшін айыппұл салды

“Билік өкілін қорлады” деп айыпталып (Қылмыстық кодекстің 378-бабы), үстінен екі бірдей іс қозғалған астаналық белсенді Ербол Есхожинге бір іс бойынша үкім шықты. Алматы аудандық №2 соты Есхожинды кінәлі деп тауып, 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (222 240 теңге немесе 530 доллар) айыппұл салды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Азаттыққа хабарлаған оның адвокаты Ольга Эннстің айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан істі жүргізген судья Әмірғалиев белсендіні кінәлі деп тапқан. Адвокат берген өтініштерінің ескерілмегенін айтты.

– Қылмыстық-процессуалдық кодекстің ешқандай нормалары сақталмады. Іс бес ай тергелді. Ал процессуалдық нормаға сәйкес, қылмыстық істе тергеу – екі ай, ал хаттама бойынша бір ай жүруі керек еді. Есхожин үстінен іс ең қарапайым форма – хаттама негізінде қозғалып тұр. Оның заңға сәйкес бір жыл тергелуі мүмкін емес. Сот бұған орай тергеу орындарына “сөзбұйдаға салды” деп тек жеке ұйғарым шығарды. Бірақ оның мәні қандай? Филолог сарапшылар қаласа қолдаған немесе терістеген қорытынды шығара салады. Қысқасы сот оны кінәлі деп тапты, – деді Ольга Эннс Азаттыққа.

Іске қатысқан прокурор Ербол Ибрагимовтың “80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартуды” ұсынғанын айтады.

Адвокаттың айтуынша, процесс “қызықты” өткен. “Жәбірленушілер” айтқан сөзінен жаңылысып, қобалжып, түрлі дәйектер келтірген.

Белсенді Ербол Есхожиннің өзі сот шешімімен келіспейді. Ол апелляциялық шағым жазатынын және айыппұлды төлеуден бас тартатынын айтты.

– Мен төлей алмаймын, одан да түрмеге қамасын. Судья адвокаттың “процессуалдық уақыт өтіп кеткені туралы” дәйегіне “өзінің тікелей парақшасында айтты, оны қаншама халық естіді” деп уәж айтты. Билік белсенділер қатарының көбеюінен сескеніп отыр. Бірақ адамдардың бойындағы қорқыныш сезімі баяғыда өтіп кеткен, – дейді ол.

"Назарбаев күшіктері" дегені үшін айыппұл салды
Ербол Есхожин. Сурет: Еxclusive.kz

Ербол Есхожинге қылмыстық іс қозғауға белсендінің биыл 20 қаңтар мен 3 ақпанда Нұр-Сұлтандағы “Бәйтерек” монументі мен АҚШ елшілігі алдында өткен саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық кезінде орган өкілдеріне айтқан сөздері себеп болған. Полицейлер оның сөзін “қорлау” деп қабылдап, Ербол Есхожиннің үстінен Қылмыстық кодекстің 378-бабымен (“Билік өкілін қорлау”) екі бірдей қылмыстық іс қозғаған.

Адвокат Ольга Эннс екі істі бөлмеу туралы арызы қанағаттандырылмағанын, Есіл соты “қылмыстық тәртіпбұзушылық әрекеттер қосылмайды” деген шешім шығарғанын айтқан.

43 жастағы Ербол Есхожин былтырдан бері “заңсыз шеруге қатысты” деген айыппен алты рет қамалып, жалпы 85 күн абақтыда отырған. Ол өзіне қатысты қозғалған істің саяси астары бар деп санайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz