Нариман Төреғалиев мүгедектер туралы не деді?

ҚР Парламенті сенатының депутаты Нариман Төреғалиев Ашық алаң бағдарламасына барып, мүгедектер мен олардың проблемалары туралы бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

Үй кезегінде 66 000 адам тұр [Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен I және II топтағы мүгедектер – авт.].

Нариман Төреғалиев

Үкім: Шындық, бірақ…

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің мәліметіне сай, 2021 жылдың алғашқы 3 айындағы жағдай бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған I және II топтағы мүгедектер саны 45 179, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар 21 952. Барлығы — 67 131 адам.

Соңғы үш жылда, 2017 жылмен салыстырғанда пәтер алғандар саны 3%-ға азайып отыр [Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен I және II топтағы мүгедектер – авт.].

Нариман Төреғалиев

Үкім: Манипуляция

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде бар дерекке сай, I және II топтағы мүгедектер мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың пәтер алуы 2018, 2019 жылдары 2017 жылға қарағанда 41%-ке төмендеген. Ал 2020 жылы ғана бұл көрсеткіш 3%-ке түскен. Пәтер санын төменнен қараңыз:

Бүгінгі таңда III топтағы 195 мың адам бар (жұмыс істеуге қабілеттілер), 700 мыңның ішіндегі [мүгедек адам саны-авт.]. 2020 жылы 7,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Нариман Төреғалиев

Үкім: Шындық және манипуляция

Қазір Қазақстанда 696 464 мүгедектігі бар адам тіркелген. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 7,2 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Олардың 419,8 мыңы жұмысқа жарамды жаста (Айта кету керек, министрлікте жұмысқа жарамды жастағылардың ғана есебі жүргізіледі). Ал 18 жастан асқан III топтағы мүгедек саны депутат айтқаннан едәуір көп, нақтылар болсақ, 256 577 адам.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz