Нәресте өлімі кейінгі 5 жылда ең жоғары көрсеткішке жетті ме?

Stan.kz сайтында Қазақстанда нәресте өлімі кейінгі бес жыл ішінде ең жоғары көрсеткішке жеткендігін жазды. Сайтта жарияланған жаңалықтың рас-өтірігін тексеріп көрдік.

Мәлімдеме: Елдегі нәрестелер өлімі рекордтық деңгейге жеткенін [кейінгі 5 жылда – ред.] статистика көрсетіп отыр. Бұл коэффициент ұзақ уақыт төмендеп келіп, 2019 жылы өсе бастаған. 

Stan.kz

Үкім: Шындық және манипуляция

Несі рас: Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, кейінгі бес жылдағы ең жоғары көсреткіш (1000 нәрестеге өлім коэффициенті 8,4) 2019, 2021 жылдары тіркелген. 

Неге манипуляция: Бірақ Қазақстан жағдайы материалда сипатталғандай күрделі емес. Кейінгі бес жылда ең жоғары көрсеткіш екі рет тіркелген. Алайда екеуі де оған дейінгі өлім коэффицентінен әлдеқайда төмен және халықаралық статистикада Қазақстан орнын “рекордық деңгей” дей алмаймыз. Нәресте өлімінің “ұзақ уақыт төмендегені” туралы ақпарат қоғамда жалған көзқарас тудыруы мүмкін: 1000 нәрестеге шаққандағы өлім коэффициенті 2011 жылы 18-ді көрсеткен. Яғни 2019, 2021 жылдардағы коэффициент 11 жыл бұрынғы деректен әлдеқайда төмен.

Мәлімдеме: Бұл ретте қаладағы көрсеткіш ауылға қарағанда жоғары. Өткен жылы 1000 нәрестеге шаққанда 10-нан аса сәби қайтыс болған.

Stan.kz

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес сәйкес, қаладағы нәресте өлімі ауылға қарағанда жоғары. Көрсеткішке сай, 2021 жылдың қаңтар-желтоқсанында 1 000 нәрестеге шаққандағы өлім коэффиценті қалада 10.46, ауылда 5.55 болған. 

Контекст

  • Нәресте — туған күнінен бастап 12 айға дейінгі сәби. 
  • Дүниежүзілік банктің 2020 жылғы дерегі бойынша, 193 мемлекеттің нәресте аз өлетін алғашқы бестігінде туған 1 000 нәрестеге 2 коэффициентімен Исландия, Эстония, Жапония,  Словения, Норвегия тұр. Қазақстан 49-орында.
  • Ал, соңғы бестікте: Сьерра Леоне (коэффициент 80), Орталық Африка Республикасы (коэффициент 70), Чад (коэффициент 67), Конго Демократиялық Республикасы (коэффициент 64), Гвинея Республикасы (коэффициент 62). 
  • ДДСҰ дерегінше көп жағдайда жаңа туған нәрестелердің өлімінің себебі – мерзімінен бұрын босану, босану ішілік кезеңнің асқынуы, босану кезіндегі тұншығу немесе тыныс алудың жетіспеушілігі, инфекциялар және туа біткен ақаулары.
  • Сонымен қатар, бірталай нәресте ауруханадан ерте шығу, медициналық көмектің болмауы және көмекке кешіктіру салдарынан үйде қайтыс болады.

Материалды дайындаған: Әлібек Мұса

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz