Мьянмада ұсталған америкалық журналист Дэнни Фенстер 11 жылға сотталды

Мьянмада ұсталған америкалық журналист Дэнни Фенстер “лаңкестік әрекет жасады” және “бүлік шығаруға шақырды” деген айыппен 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Сонымен қатар, адвокаттың айтуынша, Frontier Myanmar тәуелсіз басылымның бас редакторына тағы бірнеше бап бойынша айып тағылған. Сот оны “виза режимін бұзды” және “тыйым салынған ұйымдармен байланысты” деп таныған.

Дэнни Фенстер 2021 жылы 24 мамырда Малайзияға ұшар алдында Янгон халықаралық әуежайында ұсталған. АҚШ билігі Мьянмадағы жағдайға алаңдайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Бұған қоса, Мьянма билігін демократия орнатуға, бейбіт тұрғындарға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуға және саяси тұтқындарды, соның ішінде Фенстерді босатуға шақырған.

Азаттық радиосының жазуынша, биыл тамызда Мьянма әскери хунтасының басшысы мәлімдеме жасап, елдегі төтенше жағдай 2023 жылдың тамызында алынатынын, сол кезде сайлау өтетінін мәлімдеді. Төңкеріс жасап, ел билігін қолына алған кезде хунта сайлаудың бір жылдан кейін өтетінін айтқан.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz