Мьянма жастарының болашақ үшін күресі

Мьянма халқының жартысын 30 жасқа толмаған жастар құрайды. Олар кейінгі он жылда демократияға өтудің нәзік әрі кемшілігі көп жолынан біраз сабақ алды. Жастар әскерилердің билікке келуі адам дамуы мен негізгі бостандықтар саласындағы қиындықпен келген жетістіктерді жоққа шығаруы мүмкін екенін, өздерінің болашағына  қауіп төніп тұрғанын жақсы біледі.

Олардың болашағы ғана емес, өмірі де қыл үстінде тұр. 27 наурызда генерал Мин Аунг Хлайн қарулы күштер күнін пайдаланып, әскерилер адамдарды қорғап, демократияны дамытуға үлес қосатынын мәлімдеді. Ал іс жүзінде бұл мереке мемлекеттік төңкеріс болған 1 ақпаннан кейінгі ең көп қан төгілген күн ретінде есте қалды. 

Елдегі жағдайды өлім аузында жатқан баласын құшақтап отырып, «Бұл күні өміріміз де, болашағымыз да жоғалады» деген әкенің сөзінен артық ешкім сипаттай алмайды. Көз алдында болашағы жоғалып бара жатқанын түсінген ондаған мың жас Мьянма көшелеріне шықты. Олар үмітсіз өмір сүруден бас тартты.

Бірақ елдегі тоқырау айқын сезіле бастады. COVID-19 пандемиясынан бөлек, Мьянмада  экономикалық дағдарыс басталды. Дүниежүзілік банктің жақында жариялаған өңірлік болжамына сәйкес, 2021 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 10% қысқарады. 2019 жылы жалпы ішкі өнім 6.8%, 2020 жылы 1.7% өскен.

Өткен жылдың соңында БҰҰ-ның даму бағдарламасы әлжуаз отбасыларға зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде тұрмысы төмен отбасылар кедейлік шегінен де төмен жағдайға түсіп, әлжуаз топтар кедейлік шегіне жақындағаны белгілі болған. Бұрын қаржылық жағдайы жақсы болған отбасылардың өзі кәсіпорындардың жабылуына байланысты жұмыссыз қалып, қиындықтарға тап болған.

Янгон, Мандалай және басқа да қалалардағы Мьянма халқы бұл дағдарысты өте қиын жағдайда өткерді. Бұл жағдайдың артында әр азаматтың жеке трагедиясы жатыр. Жастар инвестиция көлемі азайған сайын жұмысқа тұру мүмкіндігі де жоғала бастағанын көріп отыр. Зауыт иелері мен халықаралық сатып алушылар жұмысшылардың қауіпсіздігін ойлап, жергілікті операциялардың сәтті аяқталатынына күмәнмен қарайды. Көп кәсіпорын үдіксіз жұмыс істейтін өндіріс пен қауіпсіз логистикаға кепілдік бере алмай, жұмысын тоқтатты. Өндіріс орындары жабылса, жұмысы мен күнкөріске қажетті азын-аулақ табысынан айырылған жастар саны тағы да артады.

Жастардың қуат көзі саналатын интернет те бұғатталған. Ақпарат, сөз бостандығы мен интернетке қолжетімділікті шектеу Мьянманы бүкіл әлемнен оқшау қалдыруы мүмкін. Бұл қаншама жас жақсы жұмыс, сөз бостандығы, ақпаратқа қолжетімділік пен жетілдірілген білімнің қандай болатынын түсінген кезге тұспа-тұс келіп отыр.

Бұл оқиғалар жастарға құндылық пен ұмтылыс сыйлап, азаматтық сана қалыптастырды. Жастар шынайы мүмкіндіктер күтеді, олар ата-аналары көрген қиындықтар қайталанбайтын болашақ құруға әлеуеті барын біледі.

Тарихқа көз жүгіртсек, жастардың неге қол жеткізуі мүмкін екенін көруге болады. 1950 жылы Мьянмадағы жан басына шаққандағы табыс көлемі Малайзия мен Таиландтың көрсеткішінен жоғары болған. Бірақ одан кейін ондаған жылға созылған «жабық есік» саясаты инвестиция, қоғамдық тауарлар мен қызметтер тапшылығына әкеліп, адам капиталына кері әсер етті. Әскери басқару жылдары Мьянма Азиядағы болашағы зор мемлекеттен жағдайы нашар елге айналды.

Қазіргі жастардың ата-аналары мен ата-әжелері әскери басқару жылдарына куә болған. Олар басынан өткен қиындықтарды балалары мен немелеріне баяндап берген. Мьянма жастары бұл естеліктердің қайталанғанын қаламайды. Олар үнсіз қалмайды. 19 жастағы таэквондо чемпионы, биші Кьял Синді (Періште деген атпен белгілі) қауіпсіздік күштері Мандалай қаласында атып өлтірген кезде оның үстінде «Бәрі жақсы болады» деген жазуы бар киім болған. Син сияқты мыңдаған жас күн сайын көшеге шығып, әскерилермен бетпе-бет келіп, батыл түрде өздері өмір сүргісі келетін елді қайтаруды талап етіп жатыр.

БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш айтқандай, алда тек бір ғана жол бар. Қауіпсіздік күштері зорлықты тоқтатып, генералдар былтыр өткен сайлау қорытындысын құрметтеп (дауыс беру нәтижесінде демократия жолындағы ұлттық лига жеңіске жеткен), Мьянманы демократия жолына қайтарып, саяси тұтқындар босатылуы керек.

Сонда ғана әділ экономикалық даму, адам құқықтары, еркін қозғалу құқығы, босқындардың елге қауіпсіз оралу және азаматтық алу мүмкіндігі, коронавирусқа қарсы күрес салаларында реформа жүргізіп, прогреске қол жеткізуге болады. Адамгершілікке баса назар аударған қоғам ғана өзара келісім мен бейбітшілікте өмір сүре алады.

Мьянма жастарының болашақ үшін күресі

Ахим Штайнер

БҰҰ даму бағдарламасының жетекшісі, БҰҰ бас хатшысының жанындағы тұрақты даму жөніндегі мақсаттарды цифрлық қаржыландыруға арналған мақсатты топ төрағаларының бірі.

Copyright: Project Syndicate, 2021
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz