Министрлік төлқұжатта неліктен электрон чип орнатылғанын түсіндірді

Жақын күндері әлеуметтік желіде Қазақстан төлқұжатында электрон чип орнатылғаны жайлы видео жиі тарады. Желі қолданушылар “халықты осылай бақылауға алып отыр деп” алаңдаған. Осы жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі төлқұжаттарда неліктен электрон чиптің орнатылғанын түсіндірді.  

Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, мұндай электронды чиптері бар төлқұжат АҚШ, Канада, ЕО елдері, Қытай, Жапония, Малайзия, Сингапур, Аустралия, Балтық жағалауы және ТМД елдерінде қолданады. Бұған қоса, Қазақстан төлқұжаттарында “бақылау құрылғылары бар” деген ақпараттың жалған екенін хабарлады.

Қазақстанда төлқұжаттар мен микросхемасы бар жеке куәліктер 2009 жылдан бастап шығарылады. Ондағы чип азамат туралы жеке деректерді сақтауға арналған және жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік береді. Чипі бар төлқұжат Қазақстан азаматтарының электронды жүйелері арқылы шекара бекетінен өтуін және паспорт-визалық бақылауды жеңілдету үшін енгізілген.

Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек

Оның сөзінше, төлқұжаттағы чип тек шекарадан өткен кезде арнайы құрылғының көмегімен байланысады.

Материалды дайындаған: Алмабек Ибрайымов

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz