Мифтерді талдау | “Қыздық перде” – “пәктік” өлшемі ме?

Секс сауат мәселесі маңызды тақырыптардың бірі. Басқаны айтпағанда, технология мен ғылым дамыған заманда адамдардың санасында “қыздың пәктігі” туралы қате түсініктер, соқыр нанымдар әлі де бар. Бұл мифтер тіпті медиа арқылы тарайды, ал кейбір медицина өкілдері кейде осыған қатысты ғылыми негізі жоқ ақпаратқа сүйенеді.

Мұның зардабын күн сайын көптеген адам тартып жатыр. Олардың қатарына “қыздық пердесін” қалпына келтіруге арналған хирургиялық операция жасатуға мәжбүр қыздар, “қыз қалпында” келгенін дәлелдеу үшін түрлі тексерістен өтетіндер, сонымен қатар алғашқы неке түнінен кейін төсекте қан іздері болмағаны үшін күйеуі мен күйеуінің отбасы мүшелері “қыз болмай келдің” деген айыпқа көніп жүргендер бар. 

Factcheck.kz секс туралы айту жай ғана маңызды емес, ол туралы айтылуы қажет деп санайды. Сонда ғана біз адамдарды жалған диагноздардан, гендерлік стигматизациядан және дискриминациядан, жала жабу мен зорлық-зомбылықтан сақтай аламыз. 

Қыздардың пәктігі туралы кең тараған жаңсақ пікірлерді талдамас бұрын, маңызды ескерту жасағанды жөн көрдік:

Пәктік — ғылыми немесе медициналық түсінік емес. Ол әйелдер мен қыздарға қатысты гендерлік дискриминацияны көрсететін әлеуметтік, мәдени және діни концепция. Дегенмен, мифтерді тексеру барысында бұл сөзді және алғашқы жыныстық қатынасқа дейінгі адамның күйін білдіретін күнделікті қолданыстағы сөздерді пайдалануға тура келді.

1-миф. Алғашқы жыныстық қатынас кезінде қыздық перде жыртылады.

Үкім: Жалған 

“Перде” сөзінің (лат. hymen – хаймен) қолдану себебі көп жағдайда әйелдердің жыныс мүшесінің қалай қалыптасқаны туралы қате түсініктерден шығады. Көп адам пердені қынапқа кіре берістегі тесікті қаптап тұрған пленка тәрізді қатпар деп ойлайды, алайда бұл қате. Негізінен, ол дөңгелек пішінді, қынаптың шетін бойлай орналасады және тесіктің бір бөлігін ғана жауып тұрады. Ересек адамдарда ол перде созылады. Сондықтан, еркектің жыныс мүшесі не саусағы кіргенде хайменді “жыртпайды” және “теспейді”. Көп жағдайда хайменді зақымдамай-ақ оңай өтіп кетеді.

Жалпы хаймен қынаптың жетілу барысында пайда болатын рудимент. Ол ешқандай да биологиялық функция атқармайды.

Әркімнің хаймені (әлеуметте кең тараған атауы — “пердесі”) әртүрлі. Ол сыртқы пішіні көлеміне, формасына және түсіне қарай ерекшеленеді. Кейбір адамдарда ашық күлгін я болмаса түссіз, кейбіреулерде ашық түсті не ақшыл болуы да мүмкін. Одан бөлек, уақыт өте келе формасы, көлемі және иілгіштігі өзгеріп отырады. 

Мифтерді талдау | "Қыздық перде" – "пәктік" өлшемі ме?
Перденің сырты көрінісінің мысалдары (дереккөз)

Қабыршақтың қынапқа кірер тесікті толық жабуы сирек кездеседі. Бірақ, бұл жағдай хирургиялық емдеуді қажет етеді. Себебі, мембрана тұтастай жауып тұрса, менструация сұйықтығының ағуына кедергі келтіреді. Қолда бар деректерге сүйенсек, бұл жағдай адамдардың 0,001 – 0,0001%-де кездеседі.

Сонымен қатар, адам хайменсіз де туылуы мүмкін. Мұндай жағдайларды растайтын құжаттар да бар. 

2-миф. Алғашқы жыныстық қатынастағы қан қыздың пәктігін білдіреді.

Үкім: Жалған 

Көп мәдениетте қыздардың пәктігі жоғары бағаланады (тіпті асқақтатып жіберуі де мүмкін), онымен қыздың абыройын өлшейді. Кей жерлерде бірінші неке түнінен кейін ер баланың туысқандары жас жұбайлар жатқан төсектен қан іздерін тексереді. Яғни, бұл әрекет қыздық перде “жыртылған” кезде қан шығу керек деген түсініктен туған. Дегенмен, біз жоғарыда атап өткендей, қыздық перде жыртылмайды. Жалпы қыздың жыныстық қатынасқа түскені не түспегенімен және қанның болуының арасында байланыс жоқ. Мұны түрлі ғылыми зерттеулер растап отыр. Сондықтан, қанды “пәктік өлшемі” деу дұрыс емес. 

  1. Хаймен созылғыш келеді және онда қан тамырлары аз. Сондықтан да, секс кезінде жараланғанның өзінде көп қан ақпауы мүмкін. 
  2. Сонымен қатар, кез келген жыныстық қатынасқа түскенде, бірінші, оныншы тіпті жиырмасыншы мәрте болсын, хаймен аздап зақымдалғанынан қан ағуы және ауыруы мүмкін. Оның себебі көп. Мысалы, жеткілікті деңгейде қозбау, майдың, яғни смазканың болмауы, эмоционалды толқу, зәр шығару жолдарындағы инфекция және т.б. Сонымен қатар, хаймен тек жыныстық қатынас кезінде ғана бұзылмайды немесе созылмайды. Мысалы, гимнастикамен айналысқанда, атқа мінгенде, тампон салғанда, гинеколог тексерген кезде немесе мастурбация жасағанда зақымдалуы мүмкін. 
  3. Бірінші секс кезінде қыздардың көбінде қан болмайды. Мысалы, біз қарап шыққан зерттеулерде жүргізілген сауалнамаларға сәйкес (мынау және мынау), қатысушылардың төрттен бірінен жартысына дейінгі бөлігі бірінші жыныстық қатынас кезінде қан болмағанын айтқан.

3-миф. Хайменді операция көмегімен қайта қалпына келтіруге болады

Үкім: Жалған

Бірқатар елде “қыздық пердені қалпына келтіруге” арналған операциялар кең тараған. Ол гименопластика деп аталады, мұны түрлі себеппен жасау мүмкін. Дегенмен, қыздар бұл операцияға көп жағдайда некеге дейінгі секске тыйым салынғанына не нақты бір ортада бұл “ұят” саналуына байланысты жүгінеді. Алайда, жоғарыда атап өткен екі мифті талдаған кезде хайменнің жыртылмайтынын, демек оны “қалпына келтіру” мүмкін емес екенін айттық. Ал, қан – пәктіктің дәлелі емес. 

Гименопластика қалай жасалады: хирург хайменнің шеттерін тігеді. Жыныстық қатынас болғанда тігіс ашылып, қан ағуы керек. Алайда қан шықпай қалуы да мүмкін. Сондықтан, кейбір жағдайда операцияда қанға ұқсайтын заттан тұратын желатин капсула салынады. Ол секс кезінде жарылып, ішіндегі сұйықтық сыртқа шығады.

Мұндай операцияны өткізуде бірнеше проблема бар. Гименопластика қымбат тұратынын былай қойғанда, операциядан кейін “сәтті нәтиже” болады деп ешкім кепілдік бермейді. Бұл операция адамдардың санасына әйелдерге қатысты дискриминация мен стигматизацияға жол ашып, қауіпті мифтерді мықтап орнықтырады. 

4-миф. Қыздың пәктігін медициналық тексеріс арқылы анықтауға болады.

Үкім: Жалған 

Некеге дейінгі секске қойылған табу гименопластикаға ғана сұранысты тудырған жоқ. Қазіргі кезде “Пәктікті анықтауға арналған тест” деп аталатын процедураға да жүгінетіндер қатары көбейді. Яғни, дәрігер перденің “бүтіндігін” екі саусағымен тексереді. Шындығына келгенде, хайменді бұлай қарау арқылы қыздың бұрын соңды жыныстық қатынасқа түскенін не түспегенін, сонымен қатар зорланғанын немесе зорланбағанын 100% анықтау мүмкін емес.

Зерттеулерге сүйенсек,  қынапқа жыныс мүшесінің кіргенін растау үшін хайменнің зақымдалғаны және көлемі туралы ақпарат жеткіліксіз. Себебі хайменнің табиғи өзгерісі мен жарақат салдарынан болған өзгеріс арасында ұқсастық бар.

Тіпті сексуал зорлық-зомбылық құрбандары туралы айтқанда, ол бала не ересек болсын, көбісінде жарақат айқын көрінбейді. Сондықтан дәл осы себеп үшін сарапшылар аногенитал тексеріс көмегімен зорланғанын не зорланбағанын анықтау жеткіліксіз дейді. Өкінішке қарай, “пәктікті” тексеру үшін тест өткізіп жүрген дәрігерлердің көбі бұл ақпараттан хабарсыз. 

“Пәктікті” тексеру кезінде ауыратынын, оның стресс және психологиялық жағынан ауыр екенін айту, мұндай тексерулер де гименопластика секілді әйелдерге қатысты дискриминация мен стигматизацияны күшейтетінін қайталау қажет емес шығар.

2018 жылы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы, “БҰҰ-әйелдер” және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы “пәктікті” тексеруге тыйым салуға шақырды.

Мұндай орынсыз және медициналық тұрғыдан зиян тесттерді жүргізу адам құқықтары мен этикалық стандарттарды, соның ішінде медицинаның “Зиян келтірмеңіз” деген негізгі принципін бұзады.

БҰҰ

Түйін

  1. “Қыздық”, “пәктік” ғылыми не медициналық терминге жатпайды. “Қыздық перде” пәктік өлшемі емес.
  2. Алғашқы жыныстық акт кезінде “перде” жарылмайды, жыртылмайды, бөлінбейді және тесілмейді. Себебі, ол қынапқа кіреберістегі тесікті толықтай жауып тұрған перде емес.  Көбінесе ол дөңгелек тәрізді, созылады және формасын өзгерте алады. 
  3. Алғашқы жыныстық қатынаста қанның болуы қыз “пәктігінің” дәлелі емес. Әйелдердің көбінде алғашқы секс кезінде қан болмаған. Перде және қынаптың шеті зақымдалса, қан болады және ауырады. Бірақ мұндай жағдай кез келген жыныстық қатынас кезінде болуы мүмкін. 
  4. Гименопластика, “қыздықты қалпына келтіруге” арналған операция түйіннің 2- және 3-пунктілерінде келтірілген қате түсініктерге негізделген. Сонымен қатар, осы мифтерді одан әрі күшейтеді.
  5. “Пәктікті растауға арналған тест” туралы да осыны айтуға болады. Анығын айтқанда, мұндай тест адамның секспен айналысқанын не мүлде айналыспағанын көрсете алмайды. Бұл тест әйелдерге физикалық және психологиялық тұрғыдан зиян. Сонымен қатар, әйелдердің сексуал өмірі туралы жағымсыз стереотиптерді күшейтеді. 

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Factcheck.kz