Meta Platforms: біз Қазақстан үкіметімен ортақ мәлімдеме жасамадық

2 қарашада Facebook желісіне ие Meta Platforms компаниясы Қазақстан үкіметінің «зиянды контенттерді хабарлауға қол жеткізгені» жайлы мәлімдемесін жоққа шығарды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Reuters агенттігіне электронды пошта арқылы хабарлаған Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша коммуникация бөлімінің директоры Бен Макконаги (Ben McConaghy) сөзінше, компания үкіметпен бірлесіп, мәлімдеме жасамаған.

Оның айтуынша, Қазақстан үкіметі биліктің жергілікті заңды бұзатын контенттерге тыйым салу туралы өтініштері бойынша өткен ғаламдық талқылау негізінде жеке мәлімдеме жасады.

Макконаги сөзінше, мұндай процесс тек Қазақстан үкіметімен емес, басқа елдермен де талқыланған.

1 қарашада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Facebook желісімен бірге интернетте “балалардың құқығын қорғауға арналған зиянды контентке қарсы мәселесі бойынша” тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келгенін хабарлаған.

Министрлік хабарламасында Facebook компаниясының Қазақстан үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмектесу үшін ішкі «контент жайлы хабарлау жүйесін» («Content Reporting System») қолжетімді еткені жазылған.

2 қарашада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook желісінде осы жағдайға байланысты пост жариялады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі негізгі келіссөздерді Гонконг қаласында орналасқан Қытай, Моңғолия және Орталық Азия өңірі бойынша “Meta” (“Facebook”) компаниясының өңірлік офисімен жүргізді. 1 қарашада жарияланған біріккен мәлімдеменің мәтіні мен оның БАҚ-та жариялануы аталған аймақтық кеңсенің басшылығымен толықтай келісілген болатын.

Аида Балаева

Контекст

  • Қыркүйекте Қазақстан парламентінің мәжілісі “бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, онда ел аумағында шетелдік интернет-платформалардың, әлеуметтік желілердің, мессенжерлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін бірқатар норма қамтылған.
  • Қазақстанда құқық қорғаушылар мен журналистер әлеуметтік желілер мен мессенжерлердің жұмысын шектейтін заңнамаға түзету қабылдануына қарсы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz