Мечников сау адамға вакцина қажет емес, ал науқасқа өте қауіпті деді ме?

Әлеуметтік желі қолданушылары ресейлік биолог Илья Мечниковтың суретінде “дені сау адамға вакцина қажет емес” деген мәтіні бар ақпаратты белсенді бөлісіп жатыр. Factcheck.kz оқырмандардың өтініші бойынша мұның қаншалықты рас екенін тексерді.

Мечников сау адамға вакцина қажет емес, ал науқасқа өте қауіпті деді ме?

Дені сау адамға вакцина қажет емес, ал науқас адамға өте қауіпті.

Желіде тараған суреттегі сөйлемнің аудармасы.

Үкім: Фейк

Илья Мечниковтың мұндай мәлімдемесін ашық деректерден таппадық. Сонымен қатар, бұл тұжырым ғалымның көзқарасына және оның жазған еңбектеріне қайшы. Илья Мечников — физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, иммунологияның негізін қалаушылардың бірі, жасушалық иммунитет теориясының “атасы” . Ал “науқас адамға вакцина қауіпті” деген сөйлемді тексерсек, ғалымның бұлай айтуы мүмкін емес екенін түсінеміз. Себебі, Мечников науқастарға құтырмаға қарсы вакцина еккен.

Мечников сау адамға вакцина қажет емес, ал науқасқа өте қауіпті деді ме?
И. И. Мечников Пастер институтының зертханасында отыр. Фото: Оdessa-memory.info

Илья Ильич Мечников (1845-1916) — 19 ғасырдың аяғы – 20 ғасырдың басындағы танымал биолог. Сонымен қатар, фагоцитоз және иммунитет теориясы туралы ілімнің негізін қалаушы, салыстырмалы патологияның, эволюциялық эмбриология мен микробиологияның, сонымен бірге, иммунологияның негізін қалаушылардың бірі. Осы деректерге сүйене отырып, оның вакцинаның тиімсіз немесе қауіпті әдіс деп ойлағанын болжау өте қиын. Сонымен қатар, ол 1886-1887 жылдары Одессада бактериологиялық станцияны басқарды. Станцияда құтырма және сібір жарасына қарсы вакциналарды ойлап тапқан француз ғалымы Луи Пастердің идеясы зерттеліп, вакцина жасауға негізделген.

…Мен бұрынғы екі оқушыммен бірге Одессада Пастер ашқан бактериологиялық зертханада құтырмаға, күйдіргіге және т.б. ауруға қарсы екпе салу жұмысын ұйымдастыруды ұйғардым.

Ғалымның естелік жазбасынан

Ал мынау Илья Мечниковтың 1883 жылғы «Ағзаның емдік күші туралы» цитатасы.

Бірақ мұндай жағдайда, бактериялар өкпе жарасы арқылы немесе тыныс алу жолдары арқылы ағзаға енген жағдайда не істеу керек? Осы орайда Пастердің жұқпалы ауруларды зерттеуі әлі күнге дейін ғылыми тұрғыдан түсіндірілмеген. Қызылша, шешек, іш сүзегі және басқа да дертпен ауыратын адамдар екінші рет ауырмайтыны белгілі.

Сонымен қатар, Мечников Пастердің ғылыми тұжырымдамасы бойынша, кейбір бактериялар патогендік әсерін әлсірететінін және олардың ауыр түрде өтетін формасынан қорғайтынын айтқан. Пастердің сібір жарасы мен тауық холері деп аталатын аурулардан қорғау үшін алдын-ала егу туралы зерттеуі әлемге танымал.

Илья Мечников Одесса бактериологиялық станциясында жұмыс істеген кезде пациенттерді құтырма ауруына қарсы вакцина егу қажет екенін қалай сендіргені туралы да жазған.

Бізге бір қызды алып келді. Оның қорыққаны сонша, инъекцияға қалай рұқсат бергенін білмей қалды. Бір күн өтті. Енді екінші инъекцияны егу қажет. Ол келмеді. Оларды іздеуге адам жібердік. Келесі күні тауып, станцияға алып келді. “Сен кеше неге келмедің?”, – деп сұрадым. Оның анасы инъекциядан қорқатынын айтты. Кейін қалтамнан кәмпитті шығарып, кішкентай қызға бердім. Анасы мен қызы ештеңе түсінбегенін біліп, жаным ауырып қалды. Себебі, олар амалсыз келді. Кішкентай қыз бірінші екпеден соң жағдайы жақсарып, жүгіре бастады. Анасы оны сауықты деп ойлады. “Балаңызға өлгісі келмесе бізге уақытылы келіп отырсын, ал біз оған жамандық жасамайтынымызды айтыңыз” , – дедім анасына. Құтырма ауруын жеңіл өтеді деп ойламау керек. Удың миға жетуіне жол бермеу керек. Кеше келмедіңіз, тағы бірнеше күн өтсе, қызыңызды ештеңе құтқармас еді. Ал екпеден қорқудың қажеті жоқ. Жылады. Енді бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

“Илья Мечников” кітабынан үзінді, авторы Глеб Буланников.

Илья Мечников 1888 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Парижде Пастер институтында жұмыс істеді. Мұнда да түрлі жұқпалы ауруға қарсы вакцина жасаумен айналысты.

Контекст

  • Желі қолданушылары танымал адамдардың атынан жалған немесе манипуляциясы бар дәйексөздерді жиі таратады. Мысалы, Муаммар Каддафи “пандемия туралы білген және 2009 жылы вирус жасанды болатынын” айтқан-мыс.
  • Осындай бұрмаланған ақпарат Жак Атталидың да атынан тараған. Желіде жиі бөлісілген мәтінде Аттали “жаңа әлемдік тәртіпті орнату үшін пандемия қажет” деп айтыпты-мыс.
  • Бізден бөлек Мечниковтың мәлімдемесін voxukraine.org сайтындағы әріптестеріміз де тексерген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz