Маска тақпаған жағдайда ЖСН, есепшот бұғатталатыны рас па?

Соңғы уақытта WhatsApp-та еліміздің барлық қалаларында рейт жүріп, маска тақпағаны үшін 83 мың теңге айыппұл төлеу керек екені, төлемеген жағдайда ЖСН, есепшот бұғатталатыны туралы аудиохабарлама тарап жүр. Ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрейік.

Маска тақпаған жағдайда ЖСН, есепшот бұғатталатыны рас па?

Аудиохабарлама мазмұны: Барлық қалада қатаң рейд жүріп жатыр. Маска болмаған жағдайда 83 мың теңге айыппұл жазып береді. Айыппұлды төлей алмасаң есепшотты, ЖСН нөмірді жауып тастайды. Двордан болсын ұстап алады. Маска тағуды ұмытпаңдар. Абай болыңдар!

Аудиохабарлама

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, жеке тұлғалардың санитарлық талапты сақтамаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы, бірінші тармағы бойынша 83 000 теңге айыппұл төлейтіні рас. Бірақ айыппұлды төлемеген жағдайда ЖСН, есепшотты жауып тастайды деген хабарлама шындыққа сай келмейді. Себебі заңнамада бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ. Толық ақпаратты ұсыну үшін заңгермен тілдескен болатынбыз.

Жалпы 83 000 теңге төлеу 425-баптың жеке тұлғаларға қатысты айыппұл соммасынан шыққан. 425-бап бойынша айыппұл салмас бұрын азаматқа хаттама толтырылады. Кез келген азамат ол хаттамамен келіспей, оны даулап, хаттама толтыру барысында тегін адвокатты талап етуге болады. Ал салынған айыппұл ерікті түрде төленбеген жағдайда ары қарай сот орындаушыға жіберіледі. Сот орындаушы ақшаны өндіруі үшін мәжбүрлеу шараларын қолдана алады. Бірақ бұл шаралар адамның конституциялық құқықтарын шектемеу қажет. Мәселен жалақыны толық ұстап қалу, нотариалдық қызметтерді бұғаттау және т.с.с.

Халық көбіне ЖСН блокка қою деп нотариалдық қызметтерді шектеуді айтады. Алайда бұл шектеулер тек қана мүліктік келісімдерге қатысты. Мысалы нотариустегі сатып алу, сату туралы келісімшарттар. Дегенмен кейбір нотариустер ол жағын білмей тіпті сенімхат беруден бас тартып жатады. Бұл әрине заңсыз және осындай жағдайларда нотариустен нотариалдық қызмет көрсетуден бас тарту жайлы ресми қаулы талап ету қажет.

Есепшотты бұғаттау бойынша, сот орындаушы борышкердің барлық банк шоттарын бұғаттай алады. Ал жалақы түсетін шот бұғатталып жатса, борышкер сот орыншаушыға соның жалақысы осы шотқа түсетіндігі жайлы анықтама көрсетсе ол бұғаттауды шешіп, борышкердің жұмыс берушісіне қаулы жібереді. Кейін осы 83 000 теңге өндірілгенге дейін жалақысының жартысын ұстап отырады.

Ержан Болатбек, заңгер

Заңгер сөзін қорыта келе айтарымыз, бас салып ешкім сол сәтте айыппұл төлетіп, ЖСН, есепшотты бұғаттамайды. Барлығы заң бойынша, өзіңіздің қатысуыңызбен іске асады.

Аудио мен фото туралы

Ақпараттың нақты қай күні тарағаны белгісіз. Алайда барлық қалада санитарлық талаптардың сақталуын тексеру мақсатында рейдтердің жүруі әбден мүмкін. 24 қазан ІІМ ел аумағында кең ауқымды “Автобус” жедел алдын алу іс-шарасын өткізді.

Үш күнге созылған іс-шара жолаушылар көлігінің қатысуымен болатын апаттар санын азайтуға, автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылауды күшейтуге бағытталған болатын. Мессенджерде тараған фото осы тексерістердің бірінен түсірілуі мүмкін.

Елімізде маска тақпай, санитарлық талаптарды бұзған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы, бірінші тармағы бойынша “Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу” туралы заңнамада жеке тұлғалар үшін 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны айтылған.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында: “Қоғамдық орында, халық жиналатын, қызмет алатын және демалатын ғимараттарда, қоғамдық көлікте, даладағы қоғамдық орындарда маска тағу міндетті”, – деген болатын.

Маска тақпауға болатын жағдайлар:

  • 5 жасқа дейінгі балаларға;
  • Әлеуметтік ара қашықтық сақталған жағдайда;
  • 5 адамға дейін спортпен топтық және жеке айналысқан тұлғаларға;
  • Денсаулығына байланысты таға алмайтын тұлғаларға;

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz