Манипуляция | Пальма майы ракты арттырып, ерлерді белсіз етеді

Өткен жылдың соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттар тобы премьер-министрге сырттан әкелінетін пальма майы мен одан жасалатын өнімдердің сапасын толық бақылауға алу туралы ұсыныс білдірді.

Халық қалаулылары үкімет басшысына Қазақстанға әкелінетін пальма майының көлемі жыл сайын артып бара жатқанын және ЕАЭО-ның пальма майында және өзге тамақ өнімдерінде глицидиль эфирінің шекті деңгейі туралы шешіміне кедергі келтіретін «пальма лоббилерінің» бар екенін атап көрсетті.

БҰҰ-ДДСҰ (JECFA), Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі бойынша еуропалық агенттік (EFSA), Ракты зерттеу бойынша халықаралық агенттік (IARC), Беларусь ғылым академиясы және Ломоносов атындағы ММУ жанындағы қолданбалы медицина және азық-түлік қауіпсіздігі орталығының сарапшылар кеңесінің жарияланымын зерделеген депутаттық сауалдың авторлары былай деді:

Мәлімдеме: Пальма майының құрамында болатын глицидиль эфирі бірқатар рак ауруларын, ДНҚ мутациясы және хромосомды ауруларды, сондай-ақ белсіздікті тудырып, ерлерді зарарсыздандыруда.

ҚХА

Үкім: Манипуляция

Ракты зерттеу бойынша халықаралық агенттік (IARC) глицидиль эфирін «адам үшін канцерогенді» өнімдердің 2А тобына жатқызады. IARC қорытындысы бойынша, қызыл ет пен ыстық кофе де қауіптіліктің осы деңгейіне жатады. Соған қарамастан, глицидиль эфирінің адамдарға ықпалы толық зерттелген жоқ, оның потенциалды қаупі тышқан, егеуқұйрық және атжалмандарға жасалған тестілеу негізінде жасалған.

Жануарларға жасалған мұндай тәжірибелер FAO/ДДСҰ-ның (JECFA) тағамдық қоспа бойынша бірлескен сараптамалық комитетінің глицидиль эфирін генотоксикалық канцероген деп бағалауға жол ашты, яғни ол жасушаның геніне және ДНҚ-на әсер ету арқылы ісіктің өсуін қоздыратын зат. Алайда тағы бір рет айтып өтейік, біз адамдарда белгілі бір «хромосомалық аурулардың» пайда болу мүмкіндігі туралы емес, тәжірибелік кемірушілерде қатерлі ісіктің даму механизмі туралы айтып отырмыз.

Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі бойынша еуропалық агенттік (EFSA) жүргізген зерттеу авторлары да тышқандар мен егеуқұйрықтарға жүргізілген тәжірибелерге сүйене отырып, глицидиль эфирлерінің канцерогендік және генотоксикалық потенциалын көрсетті. Онда глицидолдың еркек тұқымдастардың ұрықтануына жағымсыз әсері бары анықталды: тәжірибе нәтижесінде эпидидимальды сперматозоидтардың мөлшері 36 пайызға төмендеді. Осы мәлімет негізінде тағаммен бірге глицидиль эфирін қолдану нәтижесінде ерлерге белсіздік қаупін туғызады деген негізсіз қорытынды жасалуы мүмкін.

Глицидиль эфирлері өсімдік майын 200 °C-тан жоғары температуға дейін қыздырғандағы диацилглицеринде пайда болады, мәселен, тазарту кезіндегі иіссіздендіру (дәмді, иісті, түсті жою – ред.) кезеңінде. Глицидиль эфирлер диацилглицериннің жоғары мөлшері (4-12%) сипатталатын пальма майында негізгі мәселені туындтады.

Дереккөз: EFSA, 2016

Бастапқы дереккөз не дейді?

ҚХА өкілдері сілтеме жасап отырған Беларусь ұлттық ғылым академиясы глицидиль эфирлерінің адам денсаулығына әсерін зерттемеген. Ғылыми институт 4 жыл бойы пальма майының денсаулыққа әсерін және оның құрамын, сапалық сипаттамасын зерттеген, ал 2019 жылы пальма майы бар тағамдық өнімдер және оның фракциясына қатысты шектеу енгізді. Беларусь ғалымдарының ендігі мақсаты – өнімдердегі пальма майының нақты көлемін анықтауды меңгеру, сондай-ақ қолданыстағы технологиялармен өсімдік майларындағы және шикізаттағы глицидиль эфирлерінің мөлшерін анықтаудың халықаралық әдістемесін бейімдеу.

Ломоносов атындағы ММУ жанындағы қолданбалы медицина және азық-түлік қауіпсіздігі орталығы да глицидиль эфирлерінің адам денсаулығына әсерін әлі анықтаған жоқ. Алайда БАҚ-та орталық директорының бірінші орынбасары Дмитрий Еделевтің мәлімдемесі кеңінен таралып кетті: «ДДСҰ-ның рак институты тәжірибелік түрде адамда пайда болатын рактың үштен бірі, яғни, 37%-ы глицидолмен байланысты өнімдерді тұтынғаннан болатынын анықтады. Бірақ бұл мәлімет ешқандай құжат жүзінде нақтыланбаған.

Глицидиль эфирлері тағам өнімдерінде болу дұрыс па?

Иә, жоғарыда сілтеме жасалған халықаралық институттардың ешбірі де глицидиль эфирлері бар өнімдерден толықтай бас тартуға кеңес бермейді. Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі бойынша еуропалық агенттігі (EFSA) оның адам денсаулығына қаупін анықтау үшін әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деп санайды.

Мұндай жағдайда өнімдегі глицидиль эфирлері құрамының деңгейін реттеу орынды стратегия болмақ. 2018 жылдан бері еуропалық мемлекеттердегі нормаға сәйкес, дүкендерде сатылатын майларда және азық-түліктерге қолданылатын ингредиенттерде бұл заттың мөлшері 1 мг/кг-дан аспауы керек.

Өткен жылдың тамыз айынд Еуразиялық экономикалық комиссияның коллегиясы өсімдік майларындағы, тағам өнімдеріндегі глицидол және май қышқылдарындағы глицидиль эфирлерінің нормативін бекітуді қарастыратын бірыңғай санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдады. Шешім әлі күшіне енген жоқ, ал депутаттар өздерінің депутаттық сауалында соның себебін білгісі келетінін жеткізген.

Премьер-министр Асқар Мамин сауалға берген жауабында қазіргі уақытта Ресейдің глицидиль эфирлері мөлшерінің рұқсат етілген деңгейін белгілеу үшін Кедендік одақтың «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне аналогтық өзгерістер әзірлеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол ЕАЭО техникалық регламентіне өзгерістер енгізу жұмыстары одаққа мүше мемлекеттердің бәрі келіскен жағдайда бір жыл ішінде жүзеге асуы мүмкін екенін айтты.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz