Манипуляция | Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина үздік 200-ке енді

15 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронаврусқа қарсы алғашқы қазақстандық вакцинаны, 31 шілдеде екіншісін тіркеді. Бұл үміткер вакциналар механизмінің бір-бірінен айырмашылығы бар: біріншісі белсенді емес вирус тобына, екіншісі вирус бөлігі вакцинасы тобына жатады.

Қыркүйекте QazCovid-in® белсенді емес вакцинасын адамдарға, екіншісін әзірше жануарларға салып, сынап жатыр. Екеуін де Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Қазақстан ғылыми-зерттеу институты жасады. Ғалымдарға мемлекеттік медиа өз тарапынан қолдау білдіріп жатыр, атап айтқанда, мынадай жаңалықтар таратып отыр:

«The Washington Post басылымы Қазақстанда жасалып жатқан COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны пандемияны тоқтатуға көмектесетін перспективалы, экспериментал 200 вакцинаның қатарына қосты».

«Қазақпарат» ХАА

Үкім: Манипуляция

Шынында, The Washington Post  басылымындағы «Бұлар — бақылауға тұрарлық коронавирусқа қарсы басты вакциналар» деген атаумен тұрақты жаңаратын материалда қазақстандық ЕКІ вакцина да аталады. Авторлар дүниежүзіндегі жалпы 184 үміткер вакцинаны «бақылауға» кеңес береді (лидте оны 200-ге жеткізіп, домалақтайды). Материалда сипатталғандай айқайлаған тақырыбына қарамастан вакциналар, тым болмағанда, дүниежүзінде коронавирусқа қарсы вакцина, негізі, 200-ден аздап асатыны үшін де анау айтқандай ерекше перспективалы емес.

The Washington Post дереккөзі — Милкен институтының зерттеу орталығы. Оның қызметкерлері деректерді, мәселен, medRxiv және bioRxiv алдын ала басып шығарғанынан, АҚШ-тың клиникалық сынақ реестрынан, Еуропа одағы және COVID-19 жөніндегі ДДСҰ-дан, ДДСҰ құжаттарынан, жаңалықтардан жинайды.

Бүгінде орталық жалпы көлемдегі 203 үміткер вакцинаны бақылап отыр. Қазіргі таңда олардың 26-ы клинкалық сынақтың әртүрлі кезеңінде.

Зерттеушілер 10 үміткер вакцинаны «жетекші вакциналар» ретінде бөлектеп отыр. Олар — басқаларға қарағанда клиникалық сынақта алға жылжығандар. Үміткерлер «рейтингін»  III кезеңге өткендер бастап тұр. Бұл тізімде қазақстандық вакциналар жоқ.

Коронавирусқа қарсы вакциналарды көптеген беделді ұйым мен БАҚ бақылап отырғанын айта кеткен жөн. 25 тамызда ДДСҰ 31 үміткер вакцина клиникалық тексеруден өткенін, 142-і клиникалық зерттеулерге дейінгі кезеңде екенін хабарлады. Соңғыларының қатарында қазақстандық вакциналар да бар.

Коронавирусқа қарсы отандық вакциналар Лондон гигиена және тропика медицинасы мектебінің вакцинация орталығында белгіленген. Бірақ вакцина өндіріп жатқан елдерді атамаған. Британ зерттеушілері барлығы 234 үміткер вакцинаны бақылап отыр.

Ағылшынша ақпарат тарататын Covidvax.news интернет-ресурсы Қазақстанның тек бір үміткер вакцинасын ғана атайды, онда да оны клиникалық сынаққа дейінгі кезеңде екенін айтады. Жалпы алғанда сайт авторлары әртүрлі кезеңдегі 76 әзірлемені көрсетеді.

Қазақстан вакциналары The New York Times, RAPS, The Guardian, BioRender, The STAT, National Geographic, Bloomberg трекерлерінде айтылмайды. Бұл ресурстарда, ереже бойынша, клиникалық сынақтан өткен барлық үміткер вакцина айтылады, тек кей вакцина клиникалық сынаққа дейінгі кезеңде тұр (атап айтқанда, көп талқыланатыны).

Осылайша, отандық Биологиялық қауіпсіздік институты ғалымдарының әзірлемелері негізінен белгісіз және бақыланбайды. Мұның себебі Қазақстанның әзірше адамға арналған вакциналарды жаппай өндіретін үлкен тәжірибесінің жоқтығында болуы мүмкін.

Анықтама

Белсенді емес вакцина — құрамына адам клеткаларына инфекция жұқтыруға қауқарсыз вирус бөліктері кіретін вакцина (мысалы, көкжөтелге қарсы вакцина). Бұл — ағзада вирус мутациясы болмайтын, иммунитеті әлсіз адамдарға да егуге болатын ең қауіпсіз нұсқа. Бір жағынан, мұндай вакциналар бір дегенде күшті, тұрақты иммун жауабын бере алмайды, сондықтан екінші рет вакцина алуға тура келуі мүмкін. Бүгінде COVID-19-ға қарсы үш белсенді емес вакцина Қытайда клиникалық сынақтың III кезеңінде тұр.

Вирус бөлігі вакцинасы — құрамында антиген ақуызы бар вакцина, яғни вирус «бөліктері» (мысалы, В гепатитіне қарсы вакцина). Адам ағзасына тағы бір қауіпсіз нұсқа — осы. Оған белсенді емес вакцина сияқты тұрақты иммунитет туғызуға қауқарсыздық тән. Бүгінде коронавирусқа қарсы вирус бөлігі вакцинасы жөнінен бәрінен бұрын Қытай алда келе жатыр. Онда үміткер вакцина клиникалық сынақтың II фазасында тұр. АҚШ, Ресей және Куба әзірлеушілері жасаған үміткерлер біріктірілген клиникалық сынақтың I және II фазасынан өтіп жатыр.

Медицина препараттарын клиникалық сынаққа дейінгі зерттеу барысында зерттеушілер оның адам ағзасына қалай әсер ететінін; ол әсер етуі үшін, солай бола тұра жанама әсерлердің аз жиілігін тудырмас үшін оның қанша дозасын қолдану керек екенін; оның қаншалықты улы екенін; қалай сақтау қажет екенін; оның компоненттері ағзаға қалай әсер ететінін және тағы басқасын анықтап жатыр. Тестілер in vivo-да жануарларға және in vitro-да тін өсіндісіне жүргізіліп жатыр. Клиникалық зерттеулерге өтуге Денсаулық сақтау министрлігінен рұқсат керек.

Клиникалық зерттеулер кезеңінде ғалымдар дені сау еріктілерге сынақ жүргізіп, препарат туралы білімін кеңейтеді. Бұл кезде жанама әсерлер мен олардың жиілігі тіркеледі, дозасы түзеледі, әртүрлі препарат өзара қалай қарым-қатынас жасайтыны, оларды бірге қолдануға болатын-болмайтыны анықталады. Бұл кезеңді үш фазаға бөлуге болады: I фаза (20-80 ерікті), II фаза (100-300 ерікті), III фаза (1000-3000 ерікті). Клиникалық сынақ жүргізуге рұқсаты бар ұйымдар саны шектеулі, оларды мемлекет қадағалайды.

Мәтін орыс тілінен аударылды.

Маргарита Бочарова
Журналист-аналитик. Магистр социальных наук