Манипуляция | Коронавирус беткі қабатта өмір сүре алмайды

Инфодемия дәуірінде жағымды жаңалық алтынмен тең. Көңілді ақпарат бірден тарап кетеді де, кейде уақыт өте олардың да нақты емес екеніне көз жеткіземіз. Мессенджерлерде тараған кезекті «жағымды жаңалықтың» қаһарманы вирусология профессоры, Хендрик Штрек. Ғалым бастаған топ «коронавирусқа күрделі әрі қымбат зерттеу жүргізді». Зерттеушілер вирустың заттың бетінде сақталмайтынын және тек тыныс алу жолы арқылы берілетінін анықтады-мыс.

Германияның басқа қалаларына қарағанда эпидемия ертерек басталған және ауырғандар саны көбірек Хайнсберг қаласындағы COVID-19 коронавирусын жұқтырған адамдардың пәтерін зерттеп, беткі қабатта өмір сүруге қабілетті вирустардың жоқ екенін анықтады, тек қабілетсіздері бар <…> Тіпті барлығы инфекция жұқтырған үйлерде де беткі қабатта өмір сүруге бейім бірде-бір вирус табылмады!

Үкім: Манипуляция

Хабарламада Германияда жүргізілген зерттеу мәліметтерін бұрмалау бар. Зерттеу барысында ғалымдар есік тұтқаларынан, қашықтан басқарылатын пульт пен ұялы телефондардан сынама алып, COVID-19-дың қоршаған ортада өмір сүру уақыты мен қалай жұғатынын анықтамақ болды. Бірақ профессор Штрек бастаған зерттеу тобы ғылыми ортаға неміс ғалымдарының қорытындысы мен тәсілін сипаттайтын, тіпті препринтті де ұсынған жоқ.

Көпшілікке тек 2020 жылдың 9 сәуірінде «COVID-19-ды кластерлік зерттеудің алдын ала нәтижесі мен қорытындысы (Гангельт муниципалитеті)» деген атпен екі беттік құжат қана ұсынылған. Құжатта жаңа коронавирустың түрлі заттардың бетінде өмір сүру қабілеттілігі туралы ештеңе айтылмаған. Ғалымдар зерттеудің мақсаты Хайнсберг ауданында COVID-19-ға қарсы иммунитет дәрежесін анықтау болғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, ол 15%-ға жеткен. Дегенмен құжатта ешқандай дәлел келтірілмеген.

Ғалымдардың осы саладағы жұмыс барысын көрсеткен туиттер-парақшадағы соңғы жазба 12 сәуірде жарияланған. Онда зерттеу кезінде жиналған үлгілер сараптамадан өтіп, жақын арада қорытынды бағаға ие болып, қоғамға, оның ішінде ғылыми ортаға қолжетімді болады делінген. Профессор Штрек 17 сәуірде өзінің туиттер парақшасында «жақында нәтижелер препринт түрінде қолжетімді болады» деп атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, препринт те дәлелденген ғылыми дерек болып саналмайды.

Хабарлама қайдан шықты?

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мұндай мәтіннің тарап кетуіне профессор Штректің аралық есеп таныстырылымында сөйлеген сөзі себеп болды. Ғалымның пікірінше, жаңа коронавирусты инфекцияланған беткі қабаттан жұқтырып алу мүмкіндігі өте төмен. Дәлел ретінде ол есік тұтқаларынан, ұялы телефон мен әжетханалардан алынған үлгілерден зертхана жағдайында COVID-19-ды «өсіру» мүмкін болмағанын келтірді.

Ғылыми орта неміс вирусологының сөзіне күмәнмен қарап, нақты дәлел жоқ және мүлдем маңызды емес деп қабылдады.

Зерттеу туралы сын неге көп?

Профессор Штрек пен әріптестерінің жұмысын Хайнсберг ауданы орналасқан Солтүстік Рейн-Вестфалия үкіметі қаржыландырды. Зерттеу басталған кезде оның мақсаты «қалыпты өмірге қадам басу үшін федералдық үкіметке адекватты шаралар жасауға қолдау көрсету екені» мәлімделген. Аралық нәтижелердің таныстырылымы рецензияланған ғылыми басылымның парақшаларында емес, Солтүстік Рейн-Вестфалия премьер-министрлігінің канцеляриясында баспасөз-конференциясында болды.

Германиялық ZEIT ONLINE басылымы осы жер басшысының үміттендіретін зерттеу нәтижесін әдейі жасатқан болуы мүмкін дейді. Бұл Пасха алдында аймақтағы карантин шараларын жұмсартып, саясаткердің рейтингін көтеретін еді.

Бұдан бөлек, ғылыми орта Хайнсбергтегі зерттеу барысын әлеуметтік желілерде тегін жариялап отыруға сұранған StoryMachine PR-агенттігімен серіктестігін әрқалай түсінді.

Ғалым пиаршылармен ортақ жұмысын оған қарапайым азаматтар мен БАҚ тарапынан сұрақтар көбейгенімен және Гангельтке журналистердің келгенін қаламайтынымен, сонымен қатар StoryMachine құрғандардың бірімен достық қарым-қатынаста екенімен түсіндірді.

Беткі қабатқа қатысты мәселе

АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы заттарды ұстағаннан COVID-19-ды жұқтыру мүмкін екенін айтады (егер сіз затқа қол тигізгеннен кейін аузыңызды, мұрныңызды немесе көзіңізді ұстасаңыз).

«Бұл вирустың негізгі таралу тәсілі емес, дегенмен біз әлі зерттеп жатырмыз», – деп жазды америкалық инфекционистер.

«Зерттеу COVID-19 вирусы пластик пен тот баспайтын болатта 72 сағат, мыстың беткі қабатында 4 сағаттан аз және картонда 24 сағаттан аз өмір сүретінін көрсетті», – деп мәлімдеді ДДСҰ. The New York Times жаңа инфекция туралы ең танымал сұрақтарға жауап берілген кітапта да былай деген: басқа коронавирустарды зерттеу олардың металл, шыны және пластик қабатта екі сағаттан тоғыз күнге дейін сақталатынын көрсетті.

Дегенмен ғалымдар адамға вирус жұқтыру үшін беткі қабат қаншалықты инфекцияланған болуы керек екенін әзірге анықтамады. Ұмытпаңыз, үйде кез келген дезинфекция құралы (мәселен, хлорлы немесе спиртті) вирусты жойып жібере алады.

Обьективтілікті сақтау үшін Factcheck.kz редакциясы жарнамадан бас тартып, мемлекеттен, ірі компаниялар мен саяси топтардан алшақ болу принципін ұстанып, тәуелсіздігін сақтап келеді. Қазір Factcheck.kz сіздердің қолдауларыңызға мұқтаж. Оқырмандарымыздың біздің шотқа аударған қаржысы – фактчекер-журналистер, аудармашылар мен ұжымның басқа мүшелеріне еңбекақы, қаламақы төлеу үшін қажет. Олар ары қарай да тоқтамай еңбек етіп, шындықты, жалған мен манипуляциядан ажырата бермек. Біз сенімді дереккөзден тексерілген тәуелсіз ақпарат алуға әркімнің құқы бар екеніне сенеміз.


Өтінеміз, кез келген сомманы таңдаңыз…



немесе өзіңіздің біздің есепке аударғыңыз келген соманы жазыңыз

Маргарита Бочарова
Журналист-аналитик. Магистр социальных наук