Манипуляция: “Конституцияға өзгеріс енгізілген соң мемлекет экс-президенттерді асырайды”

Әлеуметтік желілер мен мессенжерлер арқылы 5 маусымда жоспарланған республикалық референдумға қатысты “осы 46-бапта қазіргі президент пен экс-президент отбасыларымен бірге өмір бойы мемлекеттің қамқорлығында болатын тармақтар бар” деген мәтін тарап жатыр. Factcheck.kz мәселенің ақ-қарасын анықтауды ұйғарды.

Манипуляция: "Конституцияға өзгеріс енгізілген соң мемлекет экс-президенттерді асырайды"
Желіде тараған ақпарат

46-бап толық көрсетілмеген. Оңбаған қулар! Осы 46-бапта қазіргі президент пен экс-президент отбасыларымен бірге өмір бойы мемлекеттің қамқорлығында болатын тармақтар бар! Осы 46-баптың тармақтарына “жоқ” деп дауыс беру керек!..

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция

Қазіргі Конституцияның 46-бабы 4 тармақтан тұрады. Оған сай, ҚР Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісе алмайды және Президент пен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету, қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Яғни, бұл қазіргі референдумға қатысы жоқ факт. Заңның жобасына сәйкес, 46-баптың 4-тармағын, яғни “Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады” деген тұсын алып тастау ұсынылып отыр.

Экс-президенттер бұрынғыдай мемлекет есебінен қамтамасыз етіле береді (бұл жаңалық емес), бірақ түзетудің мәні — Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалмайды.

Конституцияның 46-бабы:

      1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды.

      2. Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

      3. Осы баптың ережелері Республиканың экс-Президенттеріне қолданылады.

      4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады (осы тармақты алып тастау ұсынылып отыр).

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz