Манипуляция | Қолдан ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген балалар бедеу болады

Жыл басында танымал қазақстандық сайттардың бірінде белгілі журналист Серік Әбікен жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге келген балалар бедеу болатынын жазды. Журналист ресейлік педиатр, Ресей Ғылым академиясының академигі Александр Барановтың пікіріне сүйенеді.

Үкім: Манипуляция

Ресейде «жасанды жолмен дүниеге келген балалар» туралы мұндай әңгіменің айтылып жүргеніне біраз уақыт болды. Репродуктологтардың бұған қатысты өз жауабы мен дәлелі бар. Олардың пайымдауынша, бұл шындыққа жанаспайды, себебі ұрықтандыру түріне қарамастан кез келген баланың мүмкіндіктері мен оларға төнетін қауіп бірдей. 

«Ратель» сайтындағы бағанында журналист Серік Әбікенұлы белсіз еркек пен бедеу әйелдер саны және мемлекет тарапынан ДТҰ-ға (ЭКО) бөлінетін квота көлемі жыл сайын өсіп жатқанын жазған. Естеріңізде болса, былтыр біз де осы тақырыпты көтерген болатынбыз.

Сонымен қатар, журналистің айтуы бойынша, соңғы бес жылда «ЭКО қатерлі» деп есептейтін ғалымдардың саны артуда және олардың көпшілігі ресейлік педиатр, Ресей Ғылым академиясының академигі Александр Барановтың сөзіне жүгінеді.

Александр Баранов ДТҰ-ға (ЭКО) қатысты пікірін 2010 жылы былайша білдірген:

Әлемдік статистикаға сәйкес, ДТҰ (Денеден тыс ұрықтандыру) баланың мүгедек болып туылуына айтарлықтай әсер етеді.

Академиктің мәлімдемесі Ресей қоғамын дүрліктіріп, репродуктологтар маман ретінде көзқарасын білдірген болатын.

Академик В.И.Кулаков атындағы Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық медициналық зерттеу орталығының директоры, Ресей Медицина ғылымдары академиясының академигі, профессор Геннадий Сухих бұған қатысты былай дейді:

Профессор Барановтың “ДТҰ бала денсаулығына әсер етеді” деген мәлімдемесі – мүлде негізсіз,  шындыққа жанаспайды. ДТҰ бойынша туылған мыңдаған баланың денсаулығына негізделген зерттеу жұмыстары бар және бұл зерттеулер ДТҰ балаларының шынайы денсаулығын көрсетеді (балаларды 15-20 жыл аралығында бақылап отырған).

Манипуляция | Қолдан ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген балалар бедеу болады
Скрин https://eva.ru/ сайтынан

Шетелдік тәжірибе

Еуропалық және қазақстандық репродуктологтар да осындай пікірде. АҚШ, Еуропа және Жапонияның үздік клиникаларында жұмыс істеп, тәжірибе жинаған маман Маркус Ницшкенің factcheck.kz  тілшісіне берген пікіріне жүгінсек, ДТҰ балалары бедеу деген түсінікті жоққа шығаруға болады:

Барлық баланың денсаулығы дұрыс және оны тез тексеруге болады. Соңғы 40 жылдан бері миллиондаған адам осы әдісті пайдаланып келеді. Бұл әдіспен туған сәбилердің  дені сау, олар табиғи жолмен балалы болып жатыр. Бұл – факт.

Қазақстандық сарапшы

Қазақстандағы ДТҰ бойынша алғашқы зертхананың негізін салушы Салтанат Байқошқарованың сөзіне жүгінсек, ДТҰ арқылы тек дені сау немесе тек ауру балалар дүниеге келеді деп айтуға болмайды:

Иә, ауру сәби дүниеге келуі әбден мүмкін, оны ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. табиғи жолмен дүниеге келген баланың денсаулығында да  патология болуы ықтимал. Мұндай жағдай ДТҰ-дан кейін де болуы мүмкін.

Манипуляция | Қолдан ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген балалар бедеу болады
Сурет «Азаттық» радиосы сайтынан алынды

Қазіргі кезде әлемде төрт миллионнан астам адам жасанды ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген. Бұл әдіспен туылған балалар туралы түрлі әңгіме бар. Репродуктологтар мұны адамдардың жаңа технологияларға қорқынышпен қарайтынымен түсіндіреді. Түрлі әңгіменің пайда болуының басты себебі осы болуы керек.

Контекст

2018 жылдың жазында Луиза Браун 40-қа толған туған күнін атап өтеді. Луиза жасанды ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген (1978 жыл, Ұлыбритания) бірінші адам. 9 жылға жуық бала сүйе алмаған Луизаның ата-анасы үшін оның дүниеге келуі ғылыми жаңалықтан бұрын үлкен қуаныш еді.

40-қа толатын Луиза Браун екі баланың анасы, екеуін де табиғи жолмен туған.

Манипуляция | Қолдан ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген балалар бедеу болады
Сурет https://rep.ru сайтынан алынған

Луиза Браунға жарық дүние есігін ашуға екі ғалым – Патрик Стептоу және Роберт Эдвардс көмектескен. Луиза Браун 1978 жылы дүниеге келгенімен, ресми түрде Роберт Эдвардс кеш мойындалды. 2010 жылы ол медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанды.

Factcheck.kz