Манипуляция | Қазақтар ең жалқау xалықтар тізіміне енді

2018 жылы қыркүйектің 7-сінде Total.kz интернет-порталында апта бұрын қазақтілді басылымдарда жазылған материалдарға шолу жарияланды. Автор мақаласындағы тақырыптардың бірінде “Қазақтар ең жалқау xалықтар тізіміне енді” деп жазылған. Бір күн бұрын бұл материал Stan.kz сайтында жарияланған екен.

Журналистер “Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына” сілтеме жасап, қазақстандықтар “ең аз қимылдайтындар” қатарында және “ересектердің 70 пайызы спортпен айналысады, қалғандарында мұндай қызығушылық мүлдем жоқ. Олар спортты тек теледидардан көреді” деп жазған.

Үкім: Манипуляция

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төрт сарапшысы биыл қыркүйектің 4-інде 2001-2016 жылдар аралығында 359 адамнан алынған сауалнама нәтижелері бар мақала жариялаған. Зерттеу 168 елдегі 1,9 млн респондентті қамтыған. Анализ мақсаты – ересектердің физикалық дене белсенделігіне қаншалықты бейіл екенін анықтау.

Қазақстан көрсеткіштері жеткіліксіз дене белсенділігінің әлемдік деңгейімен шамалас – 27,5 пайыз. Сондықтан қазақстандықтардың “ең жалқау адамдар” тізіміне қалай кіріп жүргені белгісіз.

Эксперттер не зерттеген?

Жүргізілген зерттеудің мәнін ұғып алу үшін алдымен бір түсіндіріп өтейік: зерттеушілер респонденттер жауабы арқылы “спортпен айналысу я белсенді демалыспен ғана өлшенетін” физикалық белсенділікті емес, жұмыс, үй шаруасын есептеп, күнделікті қозғалыс жиілігін сұраған.

Сондықтан қазақстандықтардың 72,5 пайызы спортпен айналысады деу – дұрыс емес. Оның үстіне, статистика комитетінің дерегінше, 2016 жылы елде спортпен 4,9 млн адам айналысады. Бұл – xалықтың 27,1 пайызы.

Шын мәнінде мақала авторлары «18 жастан асқан қазақстандықтардың 72,5 пайызы жұмыста, үйде, қала ішінде жүріп, спортпен айналысып, белсенді демалып жеткілікті деңгейде қозғалады» деп жазған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау нормативі бойынша, дене аптасына кем дегенде 150 минут қалыпты сипатта я 75 минут белсенді түрде қозғалуы тиіс.

Қозғалу рейтингі

Негізі, зерттеу нәтижесі бойынша, “ең жалқау” xалықтар қатарына – Кувейт, Америкалық Самоа, Сауд Арабиясы мен Ирак азаматтары кірген. Тап осы төрт елде ересектердің 50 пайызы үнемі жеткілікті деңгейде қозғалмай жатады. Керісінше Уганда, Мозамбик, Лесото, Танзания, Ниуэ, Вануату мен Того – ең белсенділер: жеткіліксіз дене қозғалысының шамасы – 10 пайыз.

Дегенмен, Совет қатарында болған өзге елдердің азаматтарымен салыстырсақ, қазақстандықтар – ең аз қозғалатындар қатарында.

 

Мемлекет Ересектер арасында дененің жеткіліксіз қозғалу көрсеткіші, 2016 жыл
Тәжікстан 29,3%
Қазақстан 27,5%
Армения 22,6%
Украина 19,6%
Өзбекстан 19,1%
Грузия 18,0%
Ресей 17,1%
Беларусь 14,1%
Қырғызстан 13,9%

 

«Халық жағдайы біршама жақсы елдерде дене қозғалысының аз болуына азаматтардың отырып істейтін жұмысқа көшуі мен жеке көлік сатып алуы себеп. Жұрт табысы аз елдерде, керісінше, жұмыс ауыр болғандықтан, қозғалыс көп», – дейді мақала авторлары.

Контекст: динамика, перспектива

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары әйелдердің (шығыс және оңтүстік-шығыс Азия әйелдерін есептемегенде) ерлерге қарағанда физикалық белсенділігі төмен екенін жазады. Бір қызығы – уақыт өткен сайын арадағы айырмашылық ұлғайып барады. 2001 жылы ерлер күнделікті өмірде әйелдерден 6 пайызға белсендірек болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 8 пайызға жеткен. Мақала авторлары бұған дейін жарияланған зерттеулерге сілтеме жасап, «әйелдер бос уақытында белсенді қозғалыспен айналысуға бейіл емес, әрі бір орнында отырып істейтін нәрсені ермек етеді» деп жазады. Қазақстанда ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылық аса үлкен емес: 2016 жылы тиісті деңгейде белсенді емес ерлер – 26,1 пайыз, әйелдер 28,7 пайыз болған.

Ерлер арасында жеткіліксіз дене қозғалысының көрсеткіші (2016) 

Манипуляция | Қазақтар ең жалқау xалықтар тізіміне енді
Ерлер арасында жеткіліксіз дене қозғалысының көрсеткіші (2016) // Распространенность недостаточной физической активности среди мужчин (2016)

Әйелдер арасында жеткіліксіз дене қозғалысының көрсеткіші (2016)

Манипуляция | Қазақтар ең жалқау xалықтар тізіміне енді
Әйелдер арасында жеткіліксіз дене қозғалысының көрсеткіші (2016)

15 жылдан бері, – дейді ДСҰ мамандары, – жеткіліксіз дене қозғалысының көрсеткіші әлемде өзгерген жоқ. Егер тап осы жағдай өзгермесе, денсаулық сақтау ұйымы 2025 жылға қарай дене белсенділігін арттырып, жеткіліксіз дене қозғалысының деңгейін 10 пайызға түсіру деген мақсатына жете алмайды. Дене қозғалысының жеткілікті болмауы – инфекциялық емес аурулардың таралып, адамдардың психикалық денсаулығы мен өмір сапасына әсер ететін бірден-бір фактор. Авторлар, әсіресе, Орталық және Шығыс Еуропаға, халық табысы жоғары батыс елдеріне, Латын Америкасы мен Кариб аумағына, сондай-ақ оңтүстік Азияға жіті назар аудару керегін айтады. Олардың сөзінше, бұл аумақтарда жаяу жүргінші мен велосипед жолын дамытып, жол қауіпсіздігін жақсартып, азаматтар үшін дене қозғалысын жақсартуға парктер мен жұмыс орындарында, қоғамдық жерлерде жағдай жасау керек.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz