Манипуляция | Қатаң шектеу болмаған Швецияда COVID-тен қайтыс болғандар саны нөлге жетті

Карантин шектеулерін сынайтындар өздерінің дәлелін келтірген кезде міндетті түрде «Швеция тәжірибесі» туралы айтады. Швеция пандемияның басынан әлемнің басқа елдеріне қарағанда қатаң локдаун енгізуден бас тарып, содан бері, негізінен, сол бағытынан таймай келеді. Мұндай іс-әрекеттің қаншалықты дұрыс болғанын пандемия аяқталғанда біле жатармыз. Дегенмен қазіргі кезде қатаң шектеулердің қарсыластары өз әңгімесінде Швецияның мысалын келтіруден еш жалықпайды және олар оны көбіне контекстен тыс айтады. Өз кезегінде олардың айтқандарын түрлі желі қолданушылары пайдаланып, төмендегі мысалдағыдай кеңінен таратады.

«Швеция тәжірибесі» ТМД-ның көптеген азаматына да ұнайды, олардың айтуынша COVID-19-бен күрес кезінде әртүрлі шектеулерді пайдаланбауға да болатын еді. Посттың астына жазылған пікірлер Швеция үкіметін «адалдығы» үшін мақтап әлек. Алайда оқырмандар арасында «бұл жаңалық аудиторияны шатастырып жатыр» дегендер де бар. Біз де бүгінгі талдауымызды дәл осыған арнаймыз.

Мәлімдеме: Швецияда COVID-тен қайтыс болғандар саны қатаң шектеулерсіз-ақ нөлге жетті. Швеция 2020 жылы қатаң оқшаулау шараларынан бас тартқаны үшін түрлі жаланың астында қалғаны ерекше айтылады.

Instagram желісіндегі пост

Үкім: Манипуляция

Швецияда коронавирустан қайтыс болғандар саны жазда нөлге жеткенімен, хабарламада бұл жағдайға қатысты өте маңызды контекст жоқ. Түсіндіре кетейік.

Біріншіден, коронавирустан қайтыс болғандардың саны нөл болған күндер тек Швецияда ғана емес, мысалы Сингапур сияқты көптеген басқа елдерде де тіркелді. Мұндай жағдай пандемия толқындары арасында және 2020 жылы болды. Швециядағы эпидемиологиялық жағдай жаз кезінде өткен айлармен салыстырғанда едәуір жақсарғаны шындық. Өлім-жітім өте төмен деңгейге түсіп, кейде бірнеше күн бойы ешкім қайтыс болмаған кездер болды. Алайда қазір қандай да бір қорытынды жасауға және қайтыс болу деңгейі нөл деп айтуға ерте. Кей күндері адамдар әлі де қайтыс болып жатыр. Оған қоса Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің 30 шілдедегі хабарламасына сәйкес елдің кейбір аймақтарында ауру қайта өрши бастаған. Биылғы 29-аптадағы өсім өткен 28-аптамен салыстырғанда 42%-ға тең. 7 күн өткен соң, яғни 6 тамызда Агенттіктің сайтында инфекцияның таралуы төмен деңгейде емес екені туралы ескерту жарияланды. Аурудың 30-аптадағы өсу қарқыны 29-аптаға қарағанда – 30%.

Екіншіден, «Швеция өлім-жітімнің аз болуына қатаң оқшаусыз-ақ қол жеткізді» деген әңгіменің өзі жағдайды тым қарапайым етіп көрсетеді. Себебі онда кейбір шектеу шаралары, халықтың барлық ережені сақтауы, вакцинация, медицина ұйымдарының жұмысы және т. б. көптеген маңызды факторлар ескерілмей қалады.

Біз талдап жатқан бұл посттың дереккөзі – АҚШ-тың Foundation for Economic Education атты оңшыл либертариандық зерттеу орталығының сайтындағы шағын ғана материал. Кейін бұл ақпарат орыс тілді интернетте тарап, жеке ақпарат агенттіктерінен, әртүрлі форумдардан және жаңа славян табынушыларының сайтынан бір-ақ шықты.

Ең алғашқы дереккөзде контекст көбірек сақталған, бірақ хабарламаның айтар ойы сол қалпы. Автор шілде айының ортасында болған Швециядағы бір апталық нөлдік кезеңді ғана алып, барлық дәлелін осы мысалға құрады. Бұл манипуляция мен ақпаратты бұрмалауға әкеледі.

Швециялық тәжірибенің мәні неде?

Пандемияның басында Швеция жаңа вирусқа қарсы күресте өзінің ерекше көзқарасымен көпшілікті таң қалдырды. Елдің эпидемиологтары қатаң шектеулерден бас тартты, кейін мұндай тәжірибені әлемнің басқа да мемлекеттері қолдана бастады. Алайда интернет желісінде Швеция тәжірибесінің идеясын тым жеңіл әрі қарапайым етіп көрсетеді. Сондықтан бұл ел ешқандай шара қолданбады деген түсінік қалыптасты. Негізі олай емес.

Не болса да Швецияда да түрлі шектеулер енгізілді, оның ішінде әлеуметтік қашықтықты сақтау, 70 жастан асқан адамдармен байланысты шектеу, алдымен 500-ден, кейін 50-ден астам адам қатысатын жиналыстарға тыйым салу, университеттер мен орта мектептерді қашықтан оқытуға көшіру болды. Сонымен қатар азаматтарға ел ішіндегі саяхатты тоқтата тұру, ал жұмыс берушілерге қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру ұсынылды.

Пандемия кезінде шектеулер бірде алынып, бірде қайта енгізіліп немесе күшейтіліп отырды, барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты істелді. Мысалы 2020 жылғы қарашада қоғамдық орындарда топтық жиналыстар шегі 50 адамнан 8 адамға дейін төмендетілді. Қаңтарда бұл шектеу жеке жиналыстарға да қолданылды. Сонымен қатар сол кезде сауда орталықтарында, спорт және дене шынықтыру залдарында келушілер санына байланысты шектеулер енгізілді.

2020 жылғы желтоқсанда ұзақ уақыт бойы маска тағу режимін енгізуден бас тартқан Швеция үкіметі аурудың қарқын алуына байланысты қоғамдық көліктерде бұл ережені енгізді. Алайда алты айдан кейін, яғни 2021 жылғы шілдеде бұл ереже алынып тасталды.

Жұмсақ шектеулерден басқа, Швеция ауырған адамдармен байланыста болғандарды бақылауға және пандемияның бастапқы кезеңінде тест жасатуға көп көңіл бөлді.

Бұдан шығатын қорытынды: Швеция үкіметі қатаң шаралардан бас тарта отырып, азаматтардың жеке жауапкершілігіне үлкен мән берді және әр адам барлық ұсыныс пен ережені қатаң сақтайды деп сенді. Дегенмен артылған үміттің бәрі ақтала қоймады, мәселен 2020 жылғы қарашада премьер-министр Стефан Левен «швециялықтар бұрынғыдай барлық шеутеуді сақтамайды» деп мәлімдеп, азаматтарды кешкі астарға және спорт залдары мен кітапханаларға бармауға шақырды.

Басқаша айтқанда, швециялық тәжірибе дегеніміз – қатаң оқшаулау мен жұмсақ шектеулер арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Аралық нәтиже қандай?

Швецияның бұл стратегиясына қатысты қазір не айтуға болады? Негізі барлығы көп адам мақтап, көрсететіндей соншалықты мәз емес. Пандемия 10 миллион халқы бар елге қатты әсер етті. Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша қазіргі кезде Швецияда COVID-19-дан қайтыс болғандар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 142,5 адамға тең. Осы тұста қатаң оқшаулау жолын таңдаған басқа Скандинавия елдерінде өлім саны бірнеше есе төмен болды. Мысалы Данияда бұл көрсеткіш 100 мыңға шаққанда 43,93-ке, Финляндияда 17,99-ға, ал Норвегияда 15,05-ке тең.

Алайда басқа мемлекеттермен салыстыру міндетті түрде қатаң шаралардың артықшылығын немесе швециялық тәжірибенің сәтсіздігін көрсетпейді. Себебі қарсы дәлел ретінде Швецияны қатаң шаралар енгізіп, бірақ пандемиядан қатты зардап шеккен елдермен салыстырып, тиісті қорытынды жасауға болады.

Мұның бәрі тек COVID-19-бен күрес барысында көптеген фактордың маңызды екенін көрсетеді және біреулердің жетістігі мен сәтсіздігі тек локдаун стратегиясына немесе оның болмауына қатысты деп мәлімдеу дұрыс емес. Не болса да бұл жағдайдың анық-қанығына көз жеткізу үшін тиісті зерттеу жүргізу керек. Осыған қоса тек локдаунның өзі туралы айтатын болсақ, көп нәрсе оның қалай жүзеге асырылатынына да байланысты.

Біз тек Швеция мен оған мәдени, экономикалық және географиялық тұрғыдан жақын елдер (Дания, Финляндия және Норвегия) пандемиямен қалай күресіп жатқанын салыстырып көрсеттік.

Уақыт өте келе жаңартылып отыратын 1 миллион адамға шаққанда COVID-19-дан қайтыс болғандар бойынша деректер

Швецияның өзінде осы стратегияға қатысты консенсус әлі де табылмады. Мысалы 2020 жылғы сәуірдің ортасында елде коронавирустан қайтыс болғандар саны 1 мыңға жеткенде Швеция университеттерінің 22 зерттеушісі пандемияның әсерін дұрыс бағаламаған үкімет стратегиясын сынға алған еді. Ал 2020 жылғы желтоқсанда дәстүрлі жыл сайынғы эфир барысында Швеция королі Карл XVI Густав ел COVID-19-бен күресте сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеді. Онымен премьер-министр Левен де келісті.

Ал елдің бас эпидемиологы, швециялық стратегияны ойлап тапқан Андерс Тегнелл болашаққа үмітпен қарайды. Оның айтуынша «Швеция бұл күресте жеңілді» деп мәлімдеуге әлі ерте.

Швецияда ауру 2021 жылғы қаңтардың басында шыңына жетті. Ол кезде 1 миллион адамға шаққанда күніне 700-ден астам науқас тіркеліп отырды. Ауру ақпанның ортасында қайта қарқын алып, сәуір айының басында 1 миллион адамға шаққанда 625 жағдайға дейін жетті. Жаздың басына қарай ауруды жұқтыру мен өлім айтарлықтай төмендеді. Қазіргі кезде, жоғарыда Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі ескерткендей, ауырғандар саны тағы да артып келеді.

Уақыт өте келе жаңартылып отыратын күнделікті тіркелетін ауру жұқтырған адам саны бойынша деректер

Швециядағы вакцинация

Өлім-жітімнің азаюына Швецияда 2020 жылдың соңында басталған вакцинация да қатты әсер еткен сияқты. Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің мәліметінше, қазір елде вакцинаның екі компонентін 18 жастан асқан халықтың шамамен 53%-ы салдырды, ал 18 жастан асқан халықтың 79%-дан астамы бірінші компонентті алған. Our World in Data деректеріне сәйкес, Швециядағы вакцинация деңгейі біршама төмен (45%-ы толық вакцинацияланған). Мұндай пайыз халықтың жалпы санынан есептелуіне байланысты болуы мүмкін.

Қорытынды

  • «Швециядағы қайтыс болғандардың саны нөлдік деңгейде» деп мәлімдеуге және оларға осы стратегиясы үшін «жала жабылды» деп айтуға әлі ерте.
  • Біз тексеріп отырған посттың авторлары COVID-19-бен күрес барысында қатаң шектеулер қолданбаған Швецияның жетістіктері туралы айта отырып, көптеген басқа факторды ескермейді, мәселен олардың арасында маңызды рөлге ие вакцинация бар.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz