Манипуляция | Израильдік жаңа дәрі коронавирустан емдейді

Израильдің «Детали» ақпараттық-сараптамалық сайтында коронавирусты емдей алатын жаңа израильдік препараттың пайда болуына орай «Әлемде алғаш рет: Жаңа израильдік препарат «коронасы» бар науқастарды емдеп шықты» деген тақырыппен жағымды жаңалық жарияланды. Мақалада Иерусалимдегі «Хадасса» ауруханасында коронавируспен ауырып жатқан бес науқастың емделу курсы туралы айтылған. Ем алу процессі сау донорлардан алынған адам жасушаларын қолдануға негізделген. Мақалаға сәйкес, барлық бес науқастың жағдайы ауыр болып, екеуінің жағдайы тіпті мүшкіл болған. Ал 30 қыркүйек күні соңғы бесінші науқас сауығып, ауруханадан аман-есен шығарылды.

«Аллоцетра» деп аталатын дәрі-дәрмек «Хадассадағы» терапевтік және коронавирустық бөлімдердің меңгерушісі, медицина профессоры Дрор Меворахтың зерттеулері негізінде жасалғаны айтылады. Бұған дейін бұл препаратты емі жоқ деп есептелген сепсис ауруымен ауыратын он науқасқа қолданып, сынақты сәтті өткізген.

Енді осы ақпаратты тексеріп, жаңа дәріге қатысты жағдайды түсіндіріп кетейік.

Үкім: Шындық және Манипуляция

Шындығы, мұндай препарат расымен бар және оған қатысты ақпарат негізінен дұрыс. Сондай-ақ өндірушінің ресми хабарламасына сәйкес, эксперимент кезінде бес науқас жазылып шыққаны да жалған емес.

Енді манипуляцияға келейік, бұл препарат коронавирустың өзін емес, онымен бірге ілесіп жүретін цитокин дауылының ауыр формасын емдейді (мұның не екенін төменнен оқыңыз). Сондықтан бұл – коронавирусты емдейтін дәрі емес. Ал материалдың тақырыбы, мақаланың мәтіні және оның әлеуметтік желіде тарап жатқан мазмұны оқырмандарды шатастырады.

Осыған қоса қазіргі кезде препараттың тиімділігі туралы айту әлі ерте. Біріншіден, дәрі-дәрмектің тек алғашқы сынағы өтті, ал оған бар жоғы бес-ақ науқас қатысты. Екіншіден, препаратты өндіруші компанияның өкілі алғашқы сынақ туралы есеп соңғы науқас шыққаннан кейін 28 күн өткен соң шығады деп хабарлаған еді. Сондықтан қазір сауығып кеткендер дәрігерлердің бақылауында жүр. Үшіншіден, осыдан кейін препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігін растау үшін одан да көп пациенттердің қатысуымен зерттеулер өткізу қажет. Осының бәрін ескере отырып, компания асығыстық танытып, тым ерте мәлімдеме жасаған сияқты.

Тағы бір маңызды жайт, «Хадасса» ауруханасындағы коронавирус бөлімінде жұмыс істейтін Дрор Меворах препаратты әзірлеп шыққан «Enlivex Therapeutics Ltd» компаниясының негізін қалаушысы әрі бас ғылыми және медициналық қызметкері. Клиникалық сынақтарды Меворах жұмыс істейтін «Хадасса» медициналық орталығы қаржыландырған. Ал «Хадасса» орталығын «Hadasit Bio-Holdings Ltd» компаниясын басқарады, ол өз кезегінде «Enlivex Therapeutics Ltd» акцияларының 13% иеленеді. Дәрі-дәрмекке қатысты сынақтар өндіруші компанияның тікелей қатысуымен жүргізілгендіктен, бұл мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін.

Дәрі туралы

Коронавирус ауыр жағдайдағы науқастарда цитокин дауылына әкелетіні белгілі болғанда, компанияға препаратты COVID-19-бен ауырғандарға сынап көру туралы ой келген.

«Аллоцетра» дегеніміз – ерте апоптозы бар донорлық жасушалардан тұратын емдік зат, оның ішінде ерте апоптозы бар жасушалардың кемінде 40%-ын қамтитын аллогендік мононуклеарлық жасушалардың суспензиясы кіреді. Суспензия Рингер-лактат ерітіндісімен сұйытылып, көктамырға егіледі.

Израильдің «The Marker» басылымына берген сұхбатында компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Шай Новик донорлық жасушалар коронавирустан емделіп шығып, қанында антиденелері бар адамдардан емес, сау адамдардан алынатынын айтты. Емдеу бірінші кезекте ауыр және өте ауыр жағдайдағы адамдарға арналған. Себебі ондай адамдардың ағзасына шабуылды вирус емес, иммун жүйесінің өзі жасайды.

Коронавирустың ауыр түрімен ауыратын науқастарда макрофагтардың белсенділігін азайту қажет. Біз оларға өлуге жақын қалған жасушаларды берудің жолын таптық. Олардың ағзасы осындай жасушаларды «жұтқан» сайын босаңсып, «барлығы орнықты» деп белгі беретінін анықтадық.

Ш. Новик

Клиникалық сынақ туралы

Новиктің айтуынша, бес науқасқа арналған емдеу жұмыстары Денсаулық сақтау министрлігінің келісімі бойынша жүргізілген. Оған дейін мұндай тәжірибе сепсиспен ауырған 10 науқаспен де өткізілген. Олардың барлығы емделіп шыққан. Екі жағдайда да жанама әсерлер байқалмаған. Коронавируспен ауырғандар бар жоғы бір аптада аяққа тұрып кеткен.

Егер клиникалық зерттеулер базасының Clinicaltrials.gov атты сайтын қарайтын болсақ, онда «Аллоцетра» сынақтарының сипаттамасын табуға болады. Ол бойынша сынаққа бес адамды тарту жоспарланған екен. Қатысушыларды қабылдау 14 тамызда басталған, алайда содан кейін клиникалық сынақтар туралы ақпарат жаңартылмаған.

Сайттағы мәліметтерге сәйкес, зерттеу жұмыстарын толығымен аяқтау 2021 жылдың ақпанына жоспарланған. Шай Новиктың айтуынша, сынақ қорытындысы туралы есеп соңғы науқас шыққаннан кейін 28 күн өткен соң дайын болады. Clinicaltrials.gov сайтындағы мәліметтер де сол кезде жаңартылатын шығар.

Сондықтан препараттың жетістігі туралы айту әлі ерте. Ресми түрде сынақ процесінің бірінші кезеңі әлі жалғасуда, оған тек бес адам қатысып жатыр.

Осыған қарамастан Израильдің «Globes» басылымының хабарлауынша, аталған компания АҚШ-тың Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектер сапасын санитариялық қадағалау жөніндегі басқармасымен және Израильдің Денсаулық сақтау министрлігімен қазіргі сынақ нәтижелері негізінде препаратты төтенше жағдайларда қолдануға рұқсат алу мүмкіндігін қарастыру бойынша келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмекті «жанашырлықпен қолдануға» рұқсат бар, яғни адам ауыр жағдайда жатып, басқа емдеу әдістері таусылған кезде қолдануға болады.

2020 жылдың төртінші тоқсанында сепсиске байланысты орган жетіспеушілігін емдеу үшін «Аллоцетр» сынақтарының екінші кезеңі жоспарланған. Ал COVID-19-дан емдеуге арналған препараттың келесі сынақтары қашан болатыны әлі белгісіз.

Мүдделер қақтығысы

Препаратты әзірлеуге қатысқан Дрор Меворах – «Enlivex Therapeutics» компаниясының негізін қалаушысы әрі бас ғылыми қызметкері. Clinicaltrials.gov сайтында көрсетілген клиникалық сынақтың сипаттамасында демеуші ретінде «Хадаса» медициналық ұйымы көрсетілген. Зерттеу дәл осы жерде жүргізілген, ал профессор Меворах сонда жұмыс істейді.

Осыған қоса «Хадасса» медициналық орталығы «Hadasit» компаниясының иегері, ол өз кезегінде «Hadasit Bio-Holdings» биотехнологиялық компаниясының акционерлерінің бірі. Ал «Hadasit Bio-Holdings» болса «Enlivex Therapeutics Ltd» акцияларының 13%-ын иеленеді. Көріп отырғанымыздай, бәрі өзара байланысты және бір-біріне тәуелді.

Тағы ескеретін жайт, «Enlivex Therapeutics Ltd» компаниясы өзінің сәтті сынақтары туралы жариялағаннан кейін оның Тель-Авив қор биржасындағы акциялары 83%-ға өскен. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Мүдделер қақтығысы — клиникалық сынақ нәтижелері бұрмаланды деген сөз емес. Алайда бұл ескерілуі тиіс фактор. Бұл, қайткенмен де, барынша нақты әрі тәуелсіз клиникалық зерттеулерді күту керек дегенді білдіреді.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz