Мақұлданған вакцинаны еккендерге ЕО-ға кіруге рұқсат етілуі мүмкін

Еурокомиссия Еуроодақта бекітілген екпені салған шетел азаматтарына ЕО-ға кіруге рұқсат беруді ұсынды. Шетелдіктер Еуроодақ елдеріне кіруі үшін COVID-19-ға қарсы вакцинаны екі апта бұрын салуы тиіс. Бұл туралы Eурокомиссия сайтында хабарланды.

Ұсынылған вакцинаның тізімінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы төтенше жағдайға мақұлдаған екпе де бар.

Қазіргі таңда Еуроодақ AstraZeneca, Pfizer/BioNTech, Moderna и Johnson & Johnson секілді компаниялардың вакциналарын мақұлдаған. Ал ресейлік «Спутник-V» наурыз айынан бері Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің шешімін күтіп отыр.

Наурыз айынан бастап Еурокомиссия дипломатиялық бөлімдерге ковид-құжаттарын жасап шығаруды тапсырған. Бұған дейін Еуроодақ елдерінің мемлекет басшылары электронды құжатты енгізуге келісім жасаған. Алайда кейбір мемлекет басшылары бұл шешімге қарсы шықты. Олардың айтуынша, электронды құжат вакцина тапшылығына байланысты кейбір мемлекеттердің құқығын шектейді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz