Мәди Ахметов ауыл жастары туралы не деді?

9 ақпанда өткен мәжілістің пленарлы отырысында Nur Otan фракциясының депутаты Мәди Ахметов ауыл жастарының миграциялық көңіл-күйі жайлы сөз қозғап, депутат сауалын жолдады. Ахметовтың айтуынша, ауыл жастарының әрбір төртінші өкілі өз ауылында өмір сүруге ниетті емес. Осы орайда Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:33:42

Мәлімдеме: Әсіресе, бұл жалпы жастар санының 1 млн 600 мыңын құрайтын ауыл жастарына тікелей қатысты. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, ауыл жастарының әрбір төртінші өкілі өз ауылында өмір сүруді жалғастыруға ниетті емес, миграциялық көңіл-күй жоғары.

Мәди Ахметов, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық және манипуляция

Шындығы мынада: Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы мәліметі сәуір айында шығатындықтан, біз соңғы (2020 жылғы) мәліметпен салыстырдық. Осы дерекке сәйкес, елімізде 14-28 жас арасындағы жалпы жастар саны – 3 739 883 адам. Соның ішінде ауыл жастары 1 638 045 адамды құрайды, яғни депутаттың айтқанымен сәйкес келеді.

Манипуляциясы мынада: Ал депутаттың “ауыл жастарының әрбір төртінші өкілі көшкісі келеді” деген мәлімдемесіне келер болсақ, қандай да бір зерттеуге не сауалнамаға сүйенгені белгісіз. Дегенмен, депутаттың келтірген дерегі Friedrich Ebert Қорының жасаған зерттеуіндегі “ауыл жастарына” қатысты деректермен сәйкес келеді. Бірақ, Мәди Ахметов ауыл жастарына қарағанда қала жастарының эмиграцияға деген ынтасы жоғары екенін көре тұра неге ол туралы мәлімдеме жасамағаны қызық. Мәлімдеме тек біржақты болғандықтан әрі депутат сауалнама дерегін өзінің ыңғайына сай пайдаланғандықтан, үкім – манипуляция.

Мысалы, 2015-2017 жылдар аралығында ауылдық жерден 340 мың жас қоныс аударған, бұл тенденция өкінішке орай жалғасуда.

Мәди Ахметов, мәжіліс депутаты

Үкім: Жалған және шындық

Жалғаны мынада: ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіше, 2015-2017 жылдар аралығында ауылдық жерлерден 14-28 жас аралығында 238 548 адам қоныс аударған. Ал депутат 340 мың деп көрсеткен деректі қайдан алғанын білмейміз, ресми статистика әлдеқайда аз.

Бәлкім, депутат 29-35 жас аралығын да қосып айтқан болар, біз бұл статистиканы да қарадық. Ұлттық статистика бюросының бізге берген мәліметіне сай, 2015-2017 жылдарда 29-35 жас аралығында 80 290 адам ауылдан қалалы жерлерге қоныс аударған.

Шындығы мынада: Соңғы 5 жылдағы статистиканы қарасақ расымен де ауылдан қоныс аудару тенденциясы өсіп жатыр, тек 2020 пандемияға байланысты азайып қалған.

Мемлекеттік органдардың мәліметінше, елімізде ерекше назар аударуды қажет ететін 1 миллионнан астам жастар бар. Олардың қатарына жұмыссыз, табысы күнкөріс денгейінен төмен, мүгедектігі бар және асоциалды жастар кіреді. Бұл топтағы жастардың 536 мыңы ауылдық жердің тұрғындары.

Мәди Ахметов, мәжіліс депутаты

Үкім: Дәлелденбеген

Елімізде “ерекше назар аударуды қажет ететін жастарға” қатысты арнайы статистикасы жүргізілмегендіктен нақты санын көрсету қиын. Дегенмен, Статистика бюросында “жұмыс күші құрамына кірмейтін адамдар” статистикасы жүргізіледі, сондағы мәліметке сәйкес, 2020 (ең соңғы дерек) 14-28 жас аралығында 1 354 900 адам осы санатқа кіреді. Депутат бәлкім, осы статистиканы меңзеуі мүмкін.

Сонымен қатар, депутат осы санатқа “жұмыссыз, табысы күнкөріс деңгейінен төмен, мүгедектігі бар және асоциалды жастарды” кіргізеді. Әрқайсын жеке-жеке қарағанымызда депутаттың көрсеткен дерегі шықпады. Елімізде 15-28 жас аралығында табысы күнкөріс деңгейінен төмен173 691, жұмыссыз80 400, мүгедектігі бар31 700 адам болса, “асоциалды” санатқа байланысты статистиканы таппадық.

Дегенмен, депутат осы санатқа “түрмеде отырғандарды” келтіруі мүмкін. Сондықтан түрмеде отырған 14-28 жастағы жастардың санын қарап көрдік, алайда ашық дереккөзден таппағандықтан, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдадық. Сауалдың жауабына сай, алдағы уақытта материалымызды жаңартатын боламыз.

“Жастар” термині жайлы

  • Ұлттық статистика бюросының мәліметінде жастар 14-28 аралығын қамтиды;
  • БҰҰ-да жастар 15-24 аралығы қарастырылады;
  • ДДСҰ-да 2015 жылдан бастап жастар 25-44 аралығын қамтиды;

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz