Lancet COVID-19-дан ревакцинациялаудың пайдасыздығы туралы жазды ма?

Жақында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде The Lancet ғылыми журналы COVID-19-ға қарсы жаппай ревакцинациялаудың пайдасыз екені жайлы мәлімет жариялады деген хабар тарады. Мұндай тақырыптағы мақалаларды көптеген ресейлік және қазақстандық ақпарат агенті сайтынан табуға болады. Хабарлама әлеуметтік желілерге тарап кетті, онда кейбір қолданушы оны өзінше түсіндірді.

Instagram-дағы пост скриншоты (makslorann аккаунты)

Factcheck.kz бұл хабарды зерттеп, бәрі қаншалық біржақты екенін білді. Бәрі ондай емес екені белгілі болып отыр.

Үкім: Кликбейт және Манипуляция

Көптеген ақпарат ресурсындағы мақала тақырыбы мен лиді Lancet журналының ревакцинацияның пайдасыз екенін (кейде зиян екенін) көрсететін «деректері» бар «зерттеу жариялады» деп хабарлайды. Дегенмен, біріншіден, бұл рецензиядан өткен зерттеу емес, «Көзқарас» бөліміндегі мақала. Екіншіден, ревакцинация туралы әлі де жеткілікті дерек жоқ. Вакцинаның екі дозасы SARS-CoV-2-нің қазіргі нұсқаларынан жеткілікті түрде жақсы қорғайтыны туралы дерек бар. Бұл туралы ревакцинацияға қатысты ұстанымын дәлелдеп жатқан мақала авторлары да жазады.

Бұл мақалада тұрған ештеңе жоқ. Ревакцинация мәселесі көтеріліп жатыр, сондықтан ғалымдар бұл мәселеге қатысты пікірін білдіруге тиіс және құқылы.

Мәселе әлеуметтік желідегі вакцинаға қарсы қауымдастықтар кликбейт хабарламасын вакцинацияның пайдасыз екені мен зиянының дәлелі ретінде келтіргенінде болып тұр. Бірақ мақалада ғалымдар вакцинацияның маңызды және қажет екенін анық көрсетеді.

БАҚ-тағы бұрмаланған ақпаратқа назар аударуға бізге әскери дәрігер және ғылымды насихаттаушы Алексей Водовозовтың Telegram-дағы жазбасы мен Fakecheck.ru сайтындағы әріптестеріміздің материалы көмектесті.

Толығырақ: мақалада не айтылған?

Ғылыми қоғамдастықта ревакцинация тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Бұған кейбір мемлекет халқын коронавирусқа қарсы қайта егуді бастағаны да әсер етіп отыр. Дегенмен «ревакцинация қажет пе» деген сұраққа әлі нақты жауап жоқ.

Шынында, The Lancet журналындағы мақала осы даулар аясында шықты. Онда ДДСҰ-ның бас зерттеушісі Сумия Сваминатаннан тұратын ғалымдар тобы бүгінгі күні ревакцинацияның қаншалық қажет екені туралы айтады және ревакцинацияға теріс пікір білдіреді. Мақала авторлары бірнеше дәлел келтіреді.

Ғалымдар вакцинаның екі дозасы әлі күнге дейін коронавирустың қолданыстағы нұсқаларынан жеткілікті түрде жақсы қорғайтынын айтады. «Дельта» нұсқасы пайда болғаннан кейін вакциналар тиімділігі төмендегеніне қарамастан, олар әлі де аурудың ауыр ағымынан қорғайды.

Осылайша, ғалымдардың пікірінше, қазіргі мәліметтер халықтың жалпы тобына ревакцинацияның қажет екенін көрсетпейді. Дегенмен олар болашақта ревакцинация қажет болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ мұндай шешім сенімді деректер мен талдаулар арқылы расталуға тиіс.

Сонымен қатар, мақала авторлары ревакцинация тым ерте немесе тым жиі енгізілсе, әсіресе миокардит немесе Гийена-Барре синдромы сияқты иммунның жанама әсерлерін тудыруы мүмкін вакциналарға қатысты қауіп туындауы мүмкін екеніне алаңдайды. Бұл халықты вакцинадан бас тартуына жеткізуі мүмкін.

Бұл жерде мұндай реакциялардың қаупі өте аз екенін ескерту қажет. Ғалымдар бұл жағдайда ревакцинация міндетті түрде елеулі жанама әсерлер туғызады демейді, тек қауіпті ескереді. Олар «қазіргі кездегі вакциналар қауіпсіз, тиімді және өмірді құтқарады» деп айтты.

Мақала авторлары вакциналардың симптомсыз ауруға немесе ауыр ауруға қарағанда вирустың таралуына қарсы тиімділігі төмен болғанына қарамастан, тіпті вакцинация деңгейі жоғары топтарда вакцина алмағандардың әлі де вирус жұқтырушы болып отырғанын және олардың өзі ауыр ауруларға шалдығу қаупіне ұшырайтынын айтты.

Осыған байланысты ғалымдар бірінші кезекте вакцинаны әлі алмағандарды вакцинациялау қажет деп санайды. «Вакциналар үлкен пайда әкелетін жерді кеңінен қамтыса, олар вирус нұсқаларының одан әрі дамуын тежеу ​​арқылы пандемияның аяқталуын жылдамдатуы мүмкін», — деп қорытындылайды авторлар. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бастапқы вакцинаны әлемнің басқа да халқы толық салдырмайынша, ревакцинацияға мораторий енгізуге шақырғанын еске салды.

Қорытындылай келе, Алексей Водовозовтың мына сөзін келтірейік: «Бұл мақала вакциналардың пайдасыз екені туралы емес. Бұл мақала ревакцинацияның әсері жоқ екені, оның зиян екені, өлтіретіні немесе басқа да БАҚ-та жазылғандар туралы емес. Бұл мақала ойды бөлісу жайында. Басқа ештеңесі жоқ».

Медет Есимханов
Журналист Factcheck.kz. Изучал международные отношения и государственную политику.