Қытайды кінәлау – отпен ойнау

ЛОНДОН – COVID-19 дағдарысы күшейген сайын, Қытайдың ондағы рөлі туралы пікірталас та артуда. Белгілі жайттарға сүйенетін болсақ, Қытайдың кейбір шенеуніктері Ухандағы коронавирус індетінің ашылуын болдырмауға тырысқан кезде, тіпті ол туралы айтуға оқталған медицина қызметкерлерінің үнін өшірген уақытта үлкен қателік жасағаны анық. Қытай басшылары дағдарысты шешіп, жаңа қатердің алдын алу үшін тиісті шаралар қолданса да, осы қателіктерімен өмір сүруге мәжбүр болады.

Басқа елдер мәселені шешуге тырысудан гөрі Қытайдың алғашқы қателіктеріне сілтеме жасауды не себептен өздерінің міндеті деп санайтыны түсініксіз. Көптеген мемлекет үшін назарды Қытайға аударып және оны кінәлау өздерінің дайын болмауын жасыруға тырысқандай болып көрінеді. Сонымен қатар, Қытай үкіметін жауапқа тартпаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын “шабуылдаған” АҚШ президенті Дональд Трамп сияқты сынаушылар артып келе жатыр.

Коронавирустың салдарынан әшкереленген денсаулық сақтау және экономикалық дағдарысқа жан-жақты үйлестірілген іс-қимылды ұйымдастыру басты жаһандық басымдық болуы тиіс, әрі мұндай кінәлау ойыны жай ғана пайдасыз емес, сонымен қатар қауіпті.

Әлем бойынша және жекелеген мемлекет деңгейінде біз қауіпсіз әрі тиімді вакцинаның табылуын жылдамдату үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, сонымен қатар денсаулық сақтау дағдарысын бақылауда ұстауға қажетті диагностикалық және терапевтік құралдарды кеңінен қолданылуына бірігіп күш салуымыз керек. Пандемияға қарсы тұра алатын басқа бірде-бір жаһандық денсаулық сақтау ұйымы жоқ екенін ескере отырып, ДДСҰ белгілі бір саяси жетекшілерге ұнай ма, жоқ па, қалай болғанда да пандемияға қарсы күресу шараларының басы-қасында болуы тиіс.

Ұлыбританияның “Микробқа қарсы тұрақтылығы туралы тәуелсіз шолудың” төрағасы болған кезімдегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс тәжірибеме сүйенсем, менің ойымша, ДДСҰ көптеген ірі бюрократиялық халықаралық ұйымдарға ұқсайды.

Халықаралық Валюта Қоры, Дүниежүзілік Банк және Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты, ДДСҰ да ерекше қарқынды немесе ерекше ойлауға бейім емес. Бірақ, бұл ұйымдарды шетте ұстаудың орнына оларды жақсарту үшін жұмыс жасағанымыз дұрыс. Қазіргі дағдарыс жағдайында біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына да, ХВҚ-на да жаһандық дағдарыста тиімді және жетекші рөл ойнауға көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.

Бұрын да айтып өткенімдей, ХВҚ IV Қарарға сәйкес жыл сайынғы бағалаудың ауқымын кеңейтіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін қамтуы керек. Себебі ұлттық денсаулық сақтау жүйесі – қазір өткеріп жатқан дағдарыстардың алдын алуда немесе тым болмағанда күресу шараларын жүргізуде кез келген мемлекеттің қабілетін анықтайтын өте маңызды фактор. Мен бұл идеяны ХВҚ шенеуніктерінің өздерімен кездескенде де көтердім, алайда жауап ретінде мұндай бағалау тиісті сараптамадан өтпегендіктен олардың құзырына кірмейтіндігін естідім.

Сол кезде де, қазір де бұл жауап жақсы болған емес. Егер ХВҚ денсаулық сақтау жүйесін бағалау үшін тәжірибесі болмаса, оны сатып алуы керек. COVID-19 дағдарысы көрсеткеніндей, денсаулық сақтау мен қаржы арасында бір жаққа басымдылық бере алмаймыз. Саясаттың бұл екі саласы бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан оларды сәйкесінше қарастыру керек.

Қазіргі денсаулық сақтау мен экономикалық төтенше жағдайға байланысты халықаралық күресу шараларына ой жүгіртсек, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы айқын мысал бола алар еді. Дағдарыс АҚШ-тағы ішкі жинақ қаражатының жетіспеушілігіне байланысты шетелдік жинақтарға тәуелді АҚШ-тың тұрақсыз тұрғын үй ипотекасы көпіршігінен басталғанын бәрі біледі. Көпіршік жарылғанда, басқа елдер АҚШ-тан да көп зардап шекті, сол сияқты COVID-19 пандемиясы кейбір елдерге Қытайға қарағанда әлдеқайда ауыр тиді.

Десек те, әлемнің көптеген елдерінде бұрынғы дағдарыстың тыртықтары әлі көрініп тұрса да АҚШ-ты тұрғын үй көпіршігі үшін кінәлауға тырыспады. Керісінше, АҚШ экономикасының соңғы жылдары тұрақты өсімге оралғанын құптады, өйткені АҚШ-тың мықты экономикасы әлемнің барлық елдеріне пайдасын тигізеді.

Осы ретте қос стандарттың құрбаны болмаған жөн. Қытайдың жасаған үлкен қателіктерін түзетудің орнына, Қытай бізге не үйрете алатынын қарастырған дұрыс. Нақты айтсақ, Қытай басқалармен салыстырғанда өлім-жітім деңгейін ұстап тұру және дағдарыс басталғаннан кейінгі бірнеше апта ішінде экономиканың бір бөлігін қайта іске қосу барысында қолданған технологиялар мен диагностика әдістерін жақсырақ түсінуге зер салуымыз керек.

Біздің Қытай жылдық 6% өсу жолына қайта келу үшін қандай саясат қолданатынын бақылағанымыз дұрыс болар еді, өйткені қытай экономикасы жаһандық қалпына келтіруде сөзсіз маңызды рөл атқарады. Егер Қытайдың пандемиядан кейінгі өсу үлгісі көшбасшылардың соңғы жылдары ішкі тұтынуды және әлемнің қалған бөлігінен импортты ұлғайтуға күш салатын болса, бәрімізге де жақсы болары сөзсіз.

Қытайды кінәлау - отпен ойнау

Джим О’Нейл

Goldman Sachs Asset Management бұрынғы төрағасы, Ұлыбританияның бұрынғы қаржы министрі,
Chatham House төрағасы

Авторлыққұқық: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz