Қытай вирус “өндіруші” ел ме?

Коронавирустың кең таралуына байланысты Қытайды адамзат тарихындағы эпидемияларға айыпты ретінде қарау жиілеп келеді. Мамырдың 11 күні  «Bugin.kz»  сайтының тәуелсіз авторы Ақмарал Берекеттің орыс тілді медиадан тікелей аударған «Қытайда пайда болған: Адамзат тарихындағы 10 эпидемия туралы не білеміз?» деген материалы жарық көрді.

Ол жерде кемінде он эпидемияның сегізі Қытайда пайда болған деген тұжырым жасалады. Біз бұл аңыздың шын-өтірігін анықтау үшін 1918 жылдан бергі эпидемиялардың шығу тегін тексердік.  

Нәтижесінде материал авторы оқырманды шатастыратын кем дегенде екі деректі бұрмалағаны анықталды. Сол арқылы халық арасындағы синофобиялық көңіл күйді ушықтыру мен пропоганда белгілері байқалады.

Қытай және Испан тұмауы (H1N1)

Пандемия «испанки» в 1918-м: вирус, поразивший треть человечества
Париж, 1918-1919 жылдар

Үкім: Манипуляция

Бұл вирустың “Отаны” — АҚШ, ал соңғы зерттеулер Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде эпидемия Батыс майданында антисанитарлы жағдайдан соң тез тарағанын дәлелдеген.

Мысалы Антон Эркорэканың “Испан тұмауының шығу тегі мен оның бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысы” деген еңбегінде бұл кеңінен тарқатылып айтылады. Француз жеріне миллиондаған солдаттың жиналуы, стресс жағдайы, әскерилерге тиісті көмек пен жағдай жасалмауы сынды көптеген факторлар бұл вирустың тез таралуына және 100 миллионға дейін адамның өліміне әкеп соққан. Алғашқы аурулар 1918 жылы АҚШ-та тіркелген. Оны Қытай жерінде пайда болды деуге негіз жоқ. Дегенмен кей ғалымдар осындай пікір ұстанады, бірақ нақты айтуға дәлел жеткіліксіз.

Қытай және Азия тұмауы (H2N2)

9 худших пандемий в истории человечества | Город | Time Out
Көрнекі сурет Тime out сайтынан алынды.

Үкім: Шындық

“Ауруды бақылауда ұстау мен прафилактика орталығының” хабарлауынша 1956 жылдың басынан 1958 жылға дейін жалғасқан тұмау түрінің Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Гуйчжоу аймағында пайда болғаны рас. Бұл вирустан 1,1 миллион адам көз жұмды.

Қытай және Гонконг тұмауы (H3N2, 1968)

Үкім: Жартылай шындық

Ол кезде Гонконг Британия колонияларының бірі болғандықтан вирустың шығу жері Қытай деп айту шындыққа жанаса қоймайды. Гонконг Қытайдың қарамағына тек 1997 жылы ғана өтті.

Тұмаудың өзіне келер болсақ ең алғашқы белгілері 1968 жылдың шілдесінде Гонконгте тіркелген. Қыркүйекке қарай эпидемия статусын алды. Сол кезде 1 миллионға жуық адам көз жұмды: көбіне 65 жастан асқан адамдарға қауіпті. Бұл вирус түрі қазір де маусымдық тұмау ретінде жүріп тұрады.

Қытай және Орыс тұмауы  (H1N1)

Үкім: Жартылай шындық

Бұл вирус түрі 1977 жылы анықталғанға дейін бір жыл бойы ел арасында кең тарап кеткендіктен, шыққан жерін анықтау қиын. Бұл туралы NCBI (National Center for Biotehnology Information) жазды.  

Бірақ эпидемияның атауына қарамастан алғашқы деректер Қытайда тіркелген.

Қытай және Атипті пневмония (Sars-CoV)

В Беларуси выявлен первый случай заражения коронавирусом SARS-CoV ...

Үкім: Шындық

CDC -дің жазуынша алғашқы фактілері 2003 жылы Қытайда тіркелген. Кейін Тайвань, Гонконгқа да жеткен. Бұл — пневмонияның ауыр түрі. 

Бұл — коронавирустың әсерінен туындайтын респираторлы ауру. Анықталған жылы Америка құрлығының екеуіне де, Еуропа мен Азияның бірнеше еліне тараған. Бірақ келер жылы (2004) тоқтатып үлгергендіктен еш жерде тіркелмеді.

Қытай және Құс тұмауы  (H5N1)

Үкім: Жартылай шындық

Құс тұмауы — бұрыннан бар вирус. Ең алғашқы деректерде Италия аумағындағы құстар туралы айтылады. Бірақ, құс тұмауының адамға жұғу фактісі 2003 жылы Қытайда тіркелген.

Ол 24 жасар Пекиндік әскери азамат болған. 2003 жылдың күзінде оның жағдайы күрт нашарлап ауруханаға жеткізілген, кейін 3-желтоқсанда бақилық болған. Дәрігерлер алғашында бұл пациентті атипті пневмония жұқтырды деп есептейді. Бірақ артынан анализ қорытындылары мұны терістеген соң өлім себебі белгісіз боп қалған еді. Соңғы зерттеулер оның құс тұмауы болғанын және бұл әлем бойынша алғашқы дерек екенін көрсетеді. 

Қытай және Шошқа тұмауы  (H1N1)

Үкім: Жалған

Шошқаларда кездесетін вирустың алғаш рет адамға жұғуы Мексикада тіркелген.

2009 жылы Солтүстік Америкада анықталған вирус 74 елге таралып, көбіне дені сау, жас адамдарды жалмаған. 

Қытай және Распираторлы синдромды Таяушығыс коронавирусы (Mers-cov)

Үкім : Жалған

ДДСҰ дерегінше, коронавирустың бұл түрі 2012 жылы Сауд Арабиясында тіркелген. Кей ақпарат көздерінде вирусты тасымалдаушы және адамға жұқтырушы бір өркешті түйелер екені айтылса да, мұның нақты дәлелі жоқ және анықталмаған. Ауру жұқтырғандардың 35 пайызы көз жұмады, кейде белгілері білінбеуі де мүмкін

Қытай және Коронавирус (SARS-Cov-2)

ВОЗ объявила пандемию в связи с COVID-19
Оңтүстік Корея көшелеріне дезинфекция жасалып жатқан сәт

Үкім: Шындық

Алғашқы белгілері Қытайдың Ухань қаласында тіркелген. 2019 жылдың соңында анықтала бастаған вирус кейін әлемнің өзге елдеріне жайылған. Маусым айының басындағы деректерде вирусты 7 миллионнан астам адам жұқтырып, оның 397 мыңнан астамы қайтыс болған еді. 

 

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz