Қырғыз медиа қауымдастығы Болот Теміровті қудалауды тоқтатуды талап етті

«Медиа Қырғызстан» ұйымы Болот Теміровті қудалауды тоқтатуды талап етті. Бұл туралы 24.kg сайты хабарлады.

20 сәуірде Болот Теміровке қатысты “жалған құжат жасады” және “мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті” деген тағы да қылмыстық іс қозғалған. Ұйым биліктің журналиске қатысты мұндай әрекеттерін “қудалаудың күшеюі және оның кәсіби қызметіне кедергі жасау” екенін айтады.

Тергеу Болоттың жалған әскери билет пен уақытша куәлік пайдаланғанын хабарлады. Бірақ құжаттарды уәкілетті мемлекеттік органдар берген болса, олар қалай жалған болуы мүмкін? Шекара қызметі Болоттың төлқұжатына мөр басқанын ескерсек, оны 14 жыл бойы шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыптау — ақылға қонымсыз. Егер құжаттар жалған болса, онда Болот Теміровті емес, осы құжаттарды берген шенеуніктерді жауапқа тарту керек.

Теміровтің адвокаты мен «Медиа Қырғызстан» ұйымының мәлімдемесінен

«Медиа Қырғызстан» дерегінше, бұл Болот Теміровке жасалған үшінші шабуыл. 2020 жылдың қаңтарында Қырғыз Республикасы Мемлекеттік кеден қызметі басшысының орынбасарына қатысты зерттеу жарияланғаннан кейін үш адам Теміровті соққыға жыққан.

2022 жылдың қаңтарында Теміров “Екі күнде қалай 37 миллион сом табуға болады? Садыр Жапаров және Ташиевтер схемасы” зерттеуін жариялаған. Екі күннен кейін милиционерлер Temirov Live кеңсесіне басып кіріп, Болот Теміровті ұстап, офис техникасы мен басқа да редакциялық құрал-жабдықтарды тәркілеген. Бұл кезде журналиске “есірткі сақтады” деген де айып тағылған еді.

Осы орайда «Медиа Қырғызстан» ұйымы Қырғызстан азаматтарын Теміровке қолдау көрсетуге шақырды.

Біз, Factcheck.kz редакциясы, «Медиа Қырғызстан» ұйымының мәлімдемесін қуаттаймыз және Қырғыз президенті Садыр Жапаров мырзадан журналист-зерттеуші Болот Теміровке (Боло Темиров) қатысты саяси астары бар қуғынды дереу тоқтатып, осы іске қатысы бар барлық адамдарды жазаға тартуға шақырамыз. Демократиялы елде журналиске қысым көрсету сөз бостандығы мен адам құқықтарына жасалған қастандық деп білеміз.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz