Күндізгі ұйқы өлімге әкеп соға ма?

Қазақстан мен Ресейдегі бірқатар БАҚ Қытай ғалымдарының күндізгі ұйқының өлім қаупін тудыратыны туралы зерттеуін жариялады. Ресурстардың хабарлауынша, күндіз бір сағаттан астам уақыт ұйықтайтын адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына 34%-ға жиі ұшырайды. Одан бөлек, жалпы өлім қаупі 30%-ға артады. Бұған қоса, күндізгі ұйқы күніне 6 сағаттан артық ұйықтайтындарға да қауіп төндіреді. Сонымен бірге, күндізгі ұйқы ұзақтығына қарамастан өлім қаупін 19%-ға арттырады.

Біз бұл жаңалықты айналып өте алмадық, сондықтан зерттеуде не айтылғанын және бұқаралық ақпарат құралдарының бұл ақпаратты қаншалықты сенімді жеткізгенін тексеруді ұйғардық.

Үкім: Манипуляция

Расында да ғалымдар күндізгі ұйқы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары қаупі арасында және барлық себептен қайтыс болу арасында өзара байланыс барын анықтады. Алайда өз мақаласында олар бұл байланысты себеп-салдар деп келтірмейді. Күндізгі ұйқы жоғары қауіп-қатер себебі бола ма немесе мәселе басқа факторларда жатыр ма, бұл пікірталас тақырыбы болып қала береді. Одан бөлек, БАҚ-тың зерттеу авторларының тұжырымдарын едәуір ықшамдағанын атап өткен жөн, бұл да белгілі бір дәрежеде берілген ақпараттың дәлдігіне және оқырмандардың оны қабылдауына әсерін тигізеді. Жалпы алғанда бұл – күндізгі ұйқының ықтимал залалын анықтаған алғашқы зерттеу емес.

Толығырақ

Чже Пан мен оның әріптестері күндізгі ұйқы мен жүрек-қан тамырлары аурулары және/немесе барлық себептен болатын өлім-жітім қаупінің байланысы бойынша 20 топтық зерттеуге жүйелі талдау және метаталдау жүргізген, оған 313 651 адам қатысқан. Барлық мақалалар PubMed, Embase және Web of Science сынды ғылыми зерттеулер базасынан алынған. Сонымен бірге 5 зерттеу Азиядан, 5 — АҚШ-тан, 6 — Еуропа мен Ұлыбританиядан, 3 — Израильден алынған және 1 зерттеу — әлемнің түкпір-түкпіріндегі 21 елді қамтыған. 20 зерттеудің алтауы жүрек-қан тамырлары аурулары мен барлық себептен қайтыс болуды, жетеуі – тек жүрек-қан тамырлары ауруларын, ал қалған жетеуі – барлық себептен болатын өлім-жітімді қарастырған. 14 зерттеу түнгі ұйқының орташа ұзақтығын өлшеген. Зерттеу қатысушыларының 38,9%-ы күндіз ұйықтайтындарын хабарлаған. Қатысушыларды бақылаудың орташа ұзақтығы 9,2 жылды құрады (вариация 2 және 19 жыл аралығы).

Барлық себептен болатын өлім-жітім

Метаталдауға күндізгі ұйқы мен барлық себептен өайтыс болу арасындағы өзара байланысты көрсететін 13 зерттеу енгізілді (231 502 қатысушы және 26 923 өлім жағдайы), яғни күндізгі ұйқының болуы барлық себептен қайтыс болу қаупін 19% арттырған. Оған қоса, бір сағаттан асатын күндізгі ұйқы бұл қауіпті 30% дейін арттырады. Ал қысқа (бір сағатқа жетпейтін) күндізгі ұйқы керісінше – бұл көрсеткішті 9%-ға дейін төмендетеді. Түнгі ұйқының ұзақтығын ескерген зерттеулер шағын топтық талдауларға қосылды. Бұл есептеулер күндізгі ұйқысы 60 минуттан асатын және түнгі ұйқысы 6 сағаттан асатын қатысушыларда өлім қаупі 13%-ға артатынын көрсетті. Басқа топтарда айтарлықтай байланыс табылған жоқ. Сонымен бірге, көп өлшемді мета-регрессиялық талдау түнгі ұйқы ұзақтығының өлім қаупіне әсер етпейтінін көрсетті.

6 зерттеуді қамтитын иілген мөлшер-әсердің сызықты талдауы күндізгі ұйқы ұлғайған сайын өлім қаупі де күрт артатынын көрсетті. Күндізгі ұйқының ұзақтығын күн сайын 30 минутқа арттыру барлық себептен болатын өлім қаупін 10%-ға арттырады.

Жүрек-қан тамырлары аурулары (ЖҚА)

Мета-талдауға күндізгі ұйқы мен ЖҚА қаупі және ЖҚА өлімі арасында айтарлықтай байланыс көрсетпеген 13 зерттеу енгізілді (180 936 қатысушы және 8 897 ЖҚА оқиғасы). Алайда, шағын топтардың талдауы күндіз ұйықтайтын әйелдерде ЖҚА қаупі жоғары екенін (31%) көрсетті. Сонымен бірге, қарт адамдарда ЖҚА қаупі ұлғаяды (36%). Күндізгі ұйқысы бір сағаттан асатын қатысушыларда ЖҚА қаупі күндіз ұйықтамайтындарға қарағанда 34%-ға артады. Бұл ретте бақылау кезеңі 10 жылдан кем зерттеулерді қоспағанда, сезімталдыққа жасалған талдау күндізгі ұйқы мен ЖҚА қаупі арасындағы статистикалық маңызы бар байланысты анықтады — мұнда қауіп-қатер 17%-ға артады.

Чже Панның айтуынша, күндізгі ұйқының ағзаға әсер ету себептері әлі анықталмаған. Бірақ кей зерттеулер ұзақ күндізгі ұйқының қабынудың жоғары деңгейімен байланысты екенін көрсетті, бұл жүрек саулығы мен өмір ұзақтығы үшін қауіпті. Өзге зерттеулер күндізгі ұйқыны жоғары қан қысымымен, қант диабетімен және жалпы денсаулықпен байланыстырады.

Талқылау мен балама пікірлер

Қытай ғалымдарының бұл тұжырымдарымен барлық маман келісе бермейді. Ресейдегі Алмазов Ұлттық сомнологиялық орталығы зертханасының жетекшісі Юрий Свиряев Газета.ru басылымына берген пікірінде адамның өмір салтының маңызды екенін айтады:

Қытай зерттеушілері тәжірибе кезінде жүрек-қан тамырлары ауруларының басқа да қауіп факторларын қалай бағалағанын түсіну қажет. Біздің орталықта 22 мың адам қатысқан зерттеу жүргізілді. Біз бұл адамдардың 6 сағатқа жетпейтін қысқа ұйқысы мен шамамен 9 сағаттық ұзақ ұйқысын зерттедік және аурудың пайда болу қаупін емес, аурудың өршу жиілігін анықтадық. Қауіп-қатерді анықтау үшін көп жұмыс істеу керек және патологияның дамуына ықпал ететін басқа факторларды да ескерген жөн.

Ю. Свиряев

Ұйқы мәселелерімен айналысатын бірқатар америкалық институт күндізгі ұйқы адамға көмектеседі деген пікірмен келіседі. Алайда бар мәселе ұйқының ұзақтығына байланысты. Мәселен, ұлттық ұйқы қоры күндіз 20-30 минут ұйықтауға кеңес береді. Бұл ретте қор күндізгі ұйқының зияны туралы айтпайды, бірақ 20 минуттан артық ұйықтаудың әлсіздік пен дезориентация тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Сонымен бірге, күндізгі ұйқының жүрек жеткіліксіздігінің жоғары қаупімен байланысты екенін көрсеткен зерттеу туралы айтылған.

Америкалық ұйқы қауымдастығы күндізгі ұйқының ұзақтығына қарай қандай да бір пайда әкелуі мүмкін екенін хабарлайды. Мысалы, 15-30 минут аралығындағы ұйқы шаршауды басуға және қосымша қуат алуға көмектеседі. 30 минуттан кейін адам қалың ұйқы фазасына енеді. Қалың ұйқыдан кейін ояну есте сақтау қабілетін, шешім қабылдау қабілетін және шығармашылықты жақсарта алады, бірақ сонымен бірге әлсіздік сезімін тудыруы мүмкін.

Сондай-ақ қауымдастық Томохидэ Ямада мен әріптестерінің ұзақ күндізгі ұйқы, ұйқышылдық және метаболикалық синдромның даму қаупінің артуы арасындағы байланысты анықтаған зерттеуін мысал ретінде келтіреді. Атап айтқанда, 40 минуттан асатын күндізгі ұйқы метаболикалық синдромның даму қаупін едәуір арттырумен байланысты. Одан бөлек, 90 минуттық ұйқы мен  күні бойы шамадан тыс шаршау сезімі бұл қауіпті шамамен 50% арттырады. Бұл ретте 40 минуттан аз ұйықтайтындардан қауіп-қатері табылған жоқ. Ал 30 минуттан аз ұйықтайтындарда метаболикалық аурулар қаупінің аздап төмендеуі байқалған.

Әйтсе де, күндізгі ұйқы қауіпті ме? Түскі уақытта ұйықтайтын Наполеон, Черчилль, Эйнштейн, Эдисон және т.б. тарихи тұлғалардың дәстүрлерін ұстануымыз керек пе? Қазіргі зерттеулер әлі нақты жауапқа тоқталған жоқ. Бұл мәселедегі ғылыми пікірді «байланысты» сөзімен сипаттауға болады. Соған қарағанда барлығы көптеген факторларға байланысты болмақ, олардың ішінде күндізгі ұйқының ұзақтығы да маңызды.

Чже Пан мен оның әріптестері өз тұжырымдары пікірталасқа нүкте қояды деп санамайды. Қорытындыда олар күндізгі ұйқы, өлім және жүрек-қантамыр аурулары қаупі арасындағы байланыс негізіндегі нақты механизмдерді зерттеу үшін қосымша зерттеулер қажет деп жазады. Мұнда ұзақ мерзімді бақылау зерттеулері мен генетикалық зерттеулер де қажет.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz