Құқық қорғаушылар “саяси тұтқын” Арон Атабекпен кездесті

Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) 15 жыл қамауда отырған ақын, диссидент Арон Атабекпен кездесті. Ол кездесу барысында халінің нашарлағанын айтты. Бұл туралы Bureau.kz сайты хабарлады.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының дерегінше, Арон Атабек Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. ҰААТ қатысушылары Арон Атабекпен 18 тамызда кездескен.

«Екі қолым аурады, жоғары көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым да ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксафонға коляскамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болу керек. Толық (медициналық-ред) тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда сәуле (облучение) алу қауіпті деп есепеймін», – деген Арон Атабек.

Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" Арон Атабекпен кездесті
Арон Атабектің 2021 жылғы 4 тамыз күні жазған қолхаты.

Мекеме әкімшілігі топ мүшелеріне Арон Атабектің амбулаториялы картасын көрсеткен. Мұнда оның 4 тамызда қан анализін тапсырудан, флюрографияға түсуден, буындарын ренгенге түсіруден бас тартқандығы жазылған. Мекеме басшысы Қапышев Әділхан Атабектің медицина қызметкерлерінің бақылауында екенін айтқан.

Кездесу барысында Арон Атабек бұған дейін құқық қорғаушы Елена Семенованың жиі келгенін, бірақ ұзақ уақыттан бері келмей кеткенін айтқан. Кездесу соңында Арон Атабек мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазбайтынын, үш жылдан кейін бостандыққа шыққан соң толықтай өтемақы төлетуге шағымданатынын жеткізген.

Азаттық радиосының жазуынша, Арон Атабек 2006 жылғы “Шаңырақ” оқиғасынан 18 жылға сотталған. Билік оны сол оқиға кезінде қаза тапқан полицейдің өліміне кінәлі деп тапқан. Құқық қорғаушылар үкімнің негізсіз екенін айтып, оны “саяси тұтқын” деп таныған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz