Құқық қорғаушылар Ресейдегі репрессия туралы баяндама жариялады

Ресей Украинаға басып кіргелі Ресейде азаматтық қоғам мен тәуелсіз медиаға қысым көбейді. Осыған байланысты 2022 жылдың мамырында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне “ОВД-Инфо” жобасы, “Сова” ақпараттық-талдау орталығы, “DOXA” онлайн-редакциясы және “БАҚ құқықтарын қорғау орталығы” бірлесіп баяндама жариялады. Бұл туралы Deutsche Welle сайты хабарлады.

Баяндамаға сай, “соғыс уақытындағы қуғын-сүргіннің” негізгі бағыттары — сайтты бұғаттау, медианы жабу, “Ресей әскерінің беделін түсіргендерге” қылмыстық әрі әкімшілік іс қозғау, сонымен қатар, “шетел агенті” туралы заңды күшейту және олардың тізімін кеңейту.

Журналистерге қысым көрсету

Баяндама авторларының жазуынша, бұл әсіресе соғыстың алғашқы апталарында жиі қолданылған. 24 ақпаннан бері “Роскомнадзор” 181 медианы бұғаттаған, бұдан бөлек 21 редакция жұмысын толық немесе уақытша тоқтатқан. Ал 11 медиа Ресей-Украина соғысы туралы жазуды тоқтатқан.

Құқық қорғаушылардың жазуынша, бұғаттау санының күрт артуы 2020 жылдан бері «Ақпарат туралы» заңға енгізілген 84 өзгерістің әсерінен болуы мүмкін.

Құқық қорғаушылардың дерегінше, Ресей Украинаға басып кіргелі 101 ресейлік журналист кәсіби қызметі немесе соғысқа қарсы ұстанымы үшін зардап шекті. Бұдан бөлек 1 маусымға дейін РФ Қарулы Күштері мен мемлекеттік органдары туралы «фейк тарату» жаңа бабы бойынша журналистерге қарсы кемінде он іс қозғалған.

Соғысқа наразыларды қудалау

Баяндамаға сәйкес, тиісті заңнамаға бірқатар тиісті түзетулер қабылданған. Ал наурыздың ортасынан бастап Украинадағы соғысқа наразы адамдарды қылмыстық және әкімшілік қудалау басталды.

Соның ішінде, 26 мамырдағы жағдай бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «РФ Қарулы Күштері беделін түсіруге бағытталған қоғамдық әрекеттер» бабы бойынша 2100-ден астам іс қозғалған. Ресей әскері туралы «фейк таратқаны» үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын жаңа бап бойынша 24 ақпаннан бері 52 іс қозғалған. Сонымен қатар, шерулерде кем дегенде 16 000 адам қамауға алынған.

Баяндамаға сай, Украинадағы соғысқа дейін де Ресей билігі “шетел агенті” туралы заңды азаматтық қоғам бастамаларын басып-жаншу үшін пайдаланған. Ал соғыс басталғалы Ресей билігі ұйымдар мен жеке тұлғаларды көпшілік алдында айтылған соғысқа қарсы ұстанымы үшін “шетел агенті” тізіміне енгізді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz