Кредит қазақстандықтардың шынайы өмірін қалай жасырып отыр?

Бұл материалды ForSet дата-коммуникациясы стипендия бағдарламасының түлегі, журналист Мадина Жақсылықова әзірледі.

Ресми дерек бойынша, пандемияға және геосаяси жағдайға қарамастан, Қазақстандағы көптеген экономикалық көрсеткіш өсіп отыр. Бұл ретте қарыз қазақстандықтардың айтарлықтай бөлігінің өмір сүру деңгейін сақтауға көмектеседі. Мақалада кредит Қазақстандағы шындықты қалай бүркемелейтіні туралы айтамыз.

Ресми дерек бойынша, 2022 жылғы бірінші тоқсандағы бір қазақстандық қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 285,4 мың теңге болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 230,8 мың теңге еді. 2022 жылғы мамырдағы зейнетақының орташа мөлшері 105,2 мың теңге; ал 2021 жылғы мамырда 97,5 мың теңге. Былтырдан бері өмір сүру минимумы 7 мың теңгеге өсіп, 2022 жылғы мамырда 42,6 мың теңгеге жетті.

Мемлекет нені айтпай отыр?

Елде табыс пен сатып алу қабілетімен қатар халықтың кредит қарызы да артты. Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс күші санатында 9,27 миллион адам бар. 7,2 миллион адам кредит төлеп жатыр. Осылайша, төлеп жатқан несиесі бар жұмыс күшінің болжамды үлесі 77,7%. Демек, еңбекке жарамды 5 қазақстандықтың төртеуі дерлік кредит төлейді, 2 миллионы ғана кредитсіз өмір сүріп жатыр.

Жыл басында жеке тұлғалардың негізгі қарызы бойынша берешегінің орташа мөлшері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мәліметі бойынша 1,589 млн теңге. Бірінші несие бюросының есептеуі бойынша, халықтың 27,8%-інде екі, 13,3%-інде үш, 6,3%-іде төрт, 7%-інде бес және одан да көп кредит бар. Оның үстіне былтыр елімізде 333 мыңға жуық адам кредит алушылар қатарына қосылды. 2010-2021 жылдар аралығында жеке тұлғалардың кредит алу жалпы көлемі 2,1 трлн теңгеден 10,7 трлн теңгеге өсті.

Кредит қазақстандықтардың шынайы өмірін қалай жасырып отыр?
Инфографика: Мадина Жақсылықова

Өмір сүру деңгейін жақсартуға деген ұмтылыс па, күн көру амалы ма?

Қаржы аналитигі Расул Рысмамбетовтің пікірінше, қазақстандықтар табысы мен тұрмыс деңгейі көтерілгендіктен емес, күн көру үшін қарызға батып отыр. Жеке тұлғаларға берілген несиелердің ішінде тұтынушылық несиелердің үлесі —  66%. Кейінгі 5 жылда бұл көрсеткіш 65-71% аралығында өзгерді.

Егер 2000-жылдары азаматтардың кредит жүктемесінің өсуі сәнді тауарлар алуға, 2-, 3-пәтер сатып алуға қатысты болса, қазіргі тұтынушылық кредит алудың өсуі отандастарымыздың кедей екеніне байланысты. Адамдар несиеге киім-кешек, қажет тұрмыстық техника, көбінесе балаларға арналған мектеп формасын және басқа да қарапайым заттар алады. Сондықтан кредиттің қазіргі өсімі халықтың табысы төмен екенін жасырады. Жеке тұлғаларға берілген кредиттің 66%-і тұтыну несиелері үлесіне жатады, бұл – жоғары көрсеткіш. Көп ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елімен салыстырғанда жоғары. Сонымен бірге басқа елдерде тұтынушылық кредит “consumer loans” деп аталады. Бұған автонесие, ипотека және басқа да кредит түрлері кіреді. Ондай көрсеткіштерді ескерсек, цифрлар бұдан да көп болады.

Расул Рысмамбетов


Ведомство кредит беретін маусым деп қандай да бір мезгілді атамайды. Дегенмен қолда бар дерекке қарасақ (төмендегі инфографиканы қараңыз), жыл соңына таман, әсіресе 1 қыркүйек пен Жаңа жылға қарай жеке тұлғалардың кредитті көбірек алатынын көреміз. Көбісі баланы мектепке дайындау үшін, сыйлық сатып алуға, дастархан жаюға алады. 2020 жылы көктемде көрсеткіш артты, бұл COVID-19 пандемиясы кесірінен болған локдаунға байланысты.

Кредит қазақстандықтардың шынайы өмірін қалай жасырып отыр?
Инфографика: Мадина Жақсылыкова

Жақсару иллюзиясы

Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк Қазақстанда 90 және одан да көп күн кешіктірілген жеке тұлғаларға берілетін кредит үлесі төмендеп жатқанын хабарлады. 2016 жылы ол 14% болса, 2022 жылдың өзінде 3,5%. Бірақ Расул Рысмамбетов бұл көрсеткіш қазақстандықтарды шатастырмауы керек дейді:

Проблемалық кредиттер азаюының екі себебі бар. Көбінесе біздің банктер кредитті қайта қаржыландыру кезінде оны проблемалық кредиттер портфелінен алып тастайды. Сондықтан банктер кредитті белсенді түрде қайта қаржыландыру кезінде проблемалық кредит көлемі азаяды.

Ведомстваның кредиттің қанша проценті басқа кредитті өтеуге берілетіні туралы ақпараты жоқ.

Бұл қазақстандықтардың жақсы өмір сүре бастағанын, кредиті қалта қақпайтынын және шындықты жасырмайтынын білдіре ме? Әлде елдегі экономикалық көрсеткіштің жақсаруы жасанды жүріп жатыр ма? Ал билік өмір сүру құны мен әлеуметтік төлем көлемін айтарлықтай көтеруі керек пе?

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz