Қожахметов өнеркәсіптегі ірі апаттар мен жұмысшылардың мерт болуына қатысты не деді?

6 қазан күні ҚР Парламент мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында депутат Арман Қожахметов Қазақстанның кәсіпорындарында жұмыс істеп жатқан азаматтардың өндірістік қауіпсіздігі мәселесін көтерді.

Оның сөзі 1:53:09 секундта басталады

Депутаттың айтуынша, 2016-2020 жылдары республикадағы өндіріс орындарында 120-дан аса ірі апат болып, 60-тан аса адам қаза тапқан. Бұдан бөлек, Қожахметов елде ТЖ болуы мүмкін 9 мыңнан аса өндіріс мекемелері бар екенін атап өтті.

Factcheck.kz редакциясы депутат айтқан деректерді тексеріп көрді.

Мәлімдеме: «Қазақстанда 9 мыңнан аса өнеркәсіп кәсіпорындары бар, оларда 230 мыңға жуық қауіпті өндірістік объектілер пайдаланылады».

Арман Қожахметов

Үкім: Техникалық қате және шындық

Техникалық қате мынада: Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2021 жылғы есептеу бойынша Қазақстанда 11 506 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Олардың 8582-і өңдеуші өнеркәсіп, 1240-ы тау-кен қазу өнеркәсібі мен карьерлерді әзірлеу, 1040 кәсіпорын сумен жабдықтау болса, 660 кәсіпорын электр энергиясы, газ, бу мен ыстық сумен жабдықтайды.

Шындық мынада: Бір өкініштісі, қазақстандық статистика елдегі қауіпті өндіріс объектілерінің қанша екені туралы нақты мәлімет бермейді. Дегенмен Төтенше жағдайлар министрлігі бірнеше рет мекеменің 230 мыңнан аса қауіпті өндіріс объектілеріне мемлекеттік бақылау жасап жатқанын айтқан болатын.

Мәлімдеме: «2016-2020 жылдар аралығында республикадағы өндіріс орындарында 120-дан аса ірі апат болып, 60-тан аса адам мерт болды».

Арман Қожахметов

Үкім: Техникалық қате және Үкім жоқ

Техникалық қате мынада: Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігінің дерегі бойынша, осы кезеңде Қазақстанда өндіріс орындарында 133 ірі апат болған. 2016 жылы – 23, 2017 жылы – 16, 2018 жылы – 27, 2019 жылы – 28, 2020 – 28, ал 2021 жылы – 11.

Неге үкім жоқ: Қазіргі күні Қазақстанда өндіріс орындарында жарақаттану жағдайларын есепке алатын бірыңғай жүйе жоқ, сол себепті қанша адам мерт болғанын дәл анықтау мүмкін болмай тұр. Бұл туралы Қазақстан кәсіподақ федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым бірнеше рет айтты. Оның орнына, мемлекеттік құрылым өкілдері жыл сайын осы статистиканы айтады, бірақ мекемелердің деректері бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді, сол  себепті өндірісте нақты қанша адам қаза тапқанын білу мүмкін емес.

Министрліктер жариялаған мәлімет бойынша, 2016 жылы Қазақстандағы өндірістерде 255 азамат көз жұмды, 2017 жылы – 244, 2018 жылы – 215, 2019 жылы – 180, 2020 жылы – 208, ал 2021 жыл басталғалы – 114. Өндіріс түрлеріне бөлінген жоқ және ірі апаттармен тікелей байланысы жоқ.

Ұлттық статистика бюросы елдегі өндірістік жарақаттар туралы өзіндік деректерді ұсынған: 2016 жылы жұмыс істеу кезінде 255 адамның қаза тапқаны тіркелген, 2017 жылы – 211, 2018 жылы – 215, 2019 жылы – 190, ал 2020 жылы – 203.

Сондай-ақ 2020 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Ашық НҚА сайтында елдегі апаттық-құтқару жұмыстарын қамтамасыз ететін ұйымдарды реттеу жөніндегі ұсынысты жариялады. Құжатта қаза тапқандарға байланысты статистика келтірілген және ол статистиканың алдыңғы мәліметтерден айырмашылығы айтарлықтай. 2017 жылы өндірісте бір адам қайтыс болғаны жазылған, 2018 жылы – 4, 2019 жылы – 8, ал 2020 жылдың үш айында – бір адам. Мүлдем бөлек сандар, оған қоса мұнда дереккөздер көрсетілмеген.

Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің зерттеушілері «Энергетикадағы өндірістік жарақаттануды талдау» баяндамасында 2016 жылы елдегі өндіріс орындарында 460 өлім жағдайы тіркелсе, 2017 жылы – 451, ал 2018 жылы – 321 делінген.

Қазақстанның кәсіподақ федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым бұл саладағы ресми статистика елдегі шынайы жағдайды көрсетпейтінін атап өтті. Себебі көптеген өндірістік жарақаттану фактілері жасырын болады, ал шынайы деректер бұдан да нашар болуы мүмкін.