Көсем фермасы: нұрботтар мен нұрсүйгіштерді кім басқарады?

Нұрботтар – әрбір қазақстандыққа белгілі құбылыс. Олар әлеуметтік желіде фейк аккаунттармен шенеуніктердің мәлімдемелеріне пікір жазып, тұңғыш президент пен үкімет жобалары жайлы мақтау айтып, қажет болса билікті сынағандарға “тарпа бас салады”. Нұрсүйгіштер – ішкі саясат пен мемлекеттік органдар жайлы жағымды пікір айтып, нұрботтармен біріге партия идеяларын таратады.

Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетпей тұрғаннан бастап астана атауын өзгертуге дейін біз Facebook-тағы нұрботтарды бақылап, ресми органдар мен мемлекеттік бағдарламалардың, мекемелер мен партия бастамаларын әйгілеумен айналысатын фейк аккаунттардың үлкен бір жүйісін анықтадық.

Бұған қоса, нұрботтарды қаржыландыру қағидасын анықтап, боттарды құрып, басқарумен айналысатын және бір компанияны таптық. Бұл үшін біз соңғы жылдары Тұңғыш президент қорының Facebook парақшасына пікір жазған аккаунттарды кездейсоқ ашып отырып, сараптама жүргіздік.

Нұрсүйгіштер: олар кімдер?

Аккаунттарды тексеру үшін Bellingcat командасының мүшесі Хэнк ван Эссомскрипт жазған Graph.Tips скриптін пайдаландық. Суреттерді RevEye плагинімен тексердік. (Құралдар туралы ақпаратты telegram арнамыздан, ал әдіснаманы мына жерден қарасаңыз болады.)

Пікір жазатын аккаунттардың барлығы бірдей:
— суреттері ВКонтакте желісінің ресейлік не қырғызстандық сегментінен ұрланған;
— парақшаларында жазба не мүлдем жоқ не аз;
— әлгі аккаунттар тек Тұңғыш президент қорының, мәжілістің, Рухани жаңғыру, Нұр Отан партиясының парақашаларында ғана пікір жазады.

Қарапайым мысалдар:

  • Камшат Умбетова | Сурет якутиялық Ирина Хандыдың ВКонтактесінен алынған. Бірде-бір жеке комментариі жоқ, барлық пікірі ресми парақшаларға жазылған және “достарының” бәрі ақпанда қосылған.
  • Альбина Абилова|Сурет якутиялық қыздың әлеуметтік желісінен алынған. Бірде-бір жеке комментариі жоқ, барлық пікірі Нұр Отанның айналасындағы парақшаларда жазылған.
  • Ерасыл Султанов | Сурет ВКонтакте қолданушысы Александр Хамнушкиннің парақшасынан алынған. Бірде-бір жеке комментариі жоқ, барлық пікірі Нұр Отанның айналасындағы парақшаларда жазылған.
  • Карим Ахмедов | Суретін қайдан алғаны белгісіз.Бірде-бір жеке комментариі жоқ, барлық пікірі Нұр Отанның айналасындағы парақшаларда жазылған және негізгі достары 2018 жылдың тамызында қосылған.

Инстаграмдағы боттар

Инстаграмда да тап осы жағдай: Боттардың бәрі бір аккаунтқа – Рухани жаңғыру (РЖ) мен Тұңғыш президент қорының (ТПҚ) парақшасына пікір жазады.

  • @madina_8181 есімді қолданушы шын мәнінде Мадина Жанысбаева емес. Аккаунттағы суреттердің бәрі 7 ақпанда жүктелген және олар Якутия тұрғыны Ирина Степановаға тиесілі. @madina_8181 үш аккаунтқа — Рухани жаңғыру, ТПҚ және Алмат Меңдіғалиұлы есімді әлдебір азаматқа тіркелген. Оның профайлында бизнесмен екені айтылады, бірақ 2011 жылы Жас Отан атқарушы хатшысының орынбасары болған.
  • Тағы бір белсенді пікір жазушы – Әмира Таңатарова атымен отыратын @amiratanatarova. Оның суреті басқа бір якут қызы – Алена Алексееваға тиесілі. “Амира” 22 парақшаға тіркелген. Оның арасында да Алмат Меңдіғалұлы бар.
  • @aisulu_8080-нің де “өмірбаяны” осындай: жазбалары 7 ақпанда шыққан, суреттері Якутиядан, Рухани жаңғыру мен ТПҚ парақшаларына жазылған.

Айта кету керек, парақшалар жүйелі құрылған, маркетинг жағынан алғанда да тәп-тәуір. Олар жазатын коментарийлердің ешбірі қайталанбайды – пікірді арнаулы копирайтер не копирайтерлер тобы жазатыны көрініп тұр. Дегенмен жазылатын пікірілердің сипаты бір. Ал Нұр Отан партиясының парақшасына пікір жазатындардың көбі – кәдімгі адамдар.

Фейсбук боттарының кейбірі партиялық мақсаттарынан бөлек 2017-2018 жылдары 365info.kz сайтының қазақша нұсқасын жарнамалау үшін қолданылған. Боттар 2018 жылы белсенділігін күшейткен. Көбі бір топқа мүше, әрбірі кірген бірдей топтар саны 1-10 аралығында.

Жеке аккаунттардан боттар тек Максим Споткайдың – “НҰР-Медиа” холдингі бас директоры орынбасарының посттарына ғана пікір жазады.

Боттар қандай парақшаларға жазылған:

“Суши Болото” немесе Әблязовтің мың бір жүзі

Тексеру кезінде нұрботтардың және бір жобасын анықтадық. Суши Болото парақшасы Қазақстанда экстремист деп танылған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының жетекшісі әрі қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовпен “ақпараттық соғыс” мақсатында ашылған.

Бұл парақша бір зерттеуге жүк болады. Тіпті тап осы атпен ашылған топ та бар.

Жуырда әлеуметтік желілердегі Әблязовті жақтайтын-даттайтын парақшаларды да шолып шықпақпыз. Әзірге байқағанымыз – біз тапқан боттардың жартысы осы парақша мен топтың жазбаларына белсенді түрде пікір жазады.

Топтағы жазбалар мен олардың стилистикасы, мазмұны түсінікті де шығар, бірақ бір-екі мысалын көрсетейік.

Боттарды кім құрады?

Тұңғыш президент қорының парақшасын тексеріп жатып, өз атымен парақша ашып, қор мен нұр-парақшаларға пікір жазған екі адамның аккаунтын тауып алдық.

Бізге қызық көрінгені олар – Максим Споткайды есептемегенде – боттар өздеріне жүктелген тақырыптан тайып, үнемі комментарий жазып жүретін екі адам. Әлгі екі адамды мұқият қарап шығуға бекіндік.

Тектеріне қарап екеуін туыс, тіпті бауыр деуге болады — Магомет пен Майрбек Завриевтер. Алғашқысы желіде белсенді ғана емес, Қазақстанда болып жатқан жағдайларға қатысты сыни пікір жазып отырады. Екіншісі — Нұрсұлтан Назарбаев саясатын қолдаған көлемді және сауатты жазбалар жариялайды. Әлеуметтік тақырыптар туралы да посттар жазады.

Екеуінің де профайлында жұмыс орындары ретінде бір компания — “SMMNETWORK” жауапкерлігі шектеулі серіктестігі көрсетілген. Не компания екенін тексеріп көрейік.

SMMNETWORK-тің тең құрылтайшысы — “Kazakhstan Today” Агенттігі” ЖШС (“KAZAKHSTAN TODAY MEDIA GROUP” ЖШС-мен шатыстырып алмаңыз), SMMNETWORK басшысы ретінде Тургымбаева Аяжан есімді азамат көрсетілген. ЖШС Астанада тіркелген.

Аяжан ақпарат агенттігі бар жеке кәсіпкер ретінде де, Алматыдағы Мұқанов, 241 мекенжайында орналасқан VISION PRO компаниясының басшысы ретінде де тіркеуде тұр.

VISION PRO тұрған мекенжайға Завриев Магометке тиесілі “МИР PRESS” МЕДИА АГЕНТТІГІ” ЖШС да тіркеуде тұр. Завриевтер мен Тұрғымбаева — Facebook-те дос. Алайда Аяжан Тұрғымбаеваның парақшасы аса белсенді жүргізілмейді және онда не боп жатқанын “тек достары” ғана көре алады.

Бұл компаниялар медиаконтент жасаумен және оны жарнамалаумен айналысады. Сондай-ақ Магомет Завриевтің профилінде kazsmm.kz сайты көрсетілген, бірақ бұл портал қазір жұмыс істемейді.

Біз HeadHunter және Linkedin арқылы өздерін SMMNETWORK қызметкерлері деп көрсеткен бірнеше адамның бүгіні мен өткенін тексеріп көрдік. Олардың барлығы да жоғарыда аталған парақшаларды дамытумен айналысқан.

Біз атаған компаниялардың ешбірінде жеке сайт не жарнама лендингі жоқ. Мемлекеттік сатып алумен айналыспайды. Бірақ, бір қызығы, мемлекеттік кіріс комитетінің дерегінше, шағын өнеркәсіп ретінде тіркелген компания салықты жап-жақсы төлейді. Бұл – әрине – олардың ақша айналымы жақсы деген сөз.

Медиаконтент өндірумен айналысатындар ешбір жарнамасыз, лендингісіз тапсырысты қалай іздейтінін айта алмаймыз: біз – қаржыгер емеспіз. Бірақ зерттеу кезінде анықтаған дерегіміз бойынша, компания табысының бір бөлігі ТПҚ, Нұр Отан, Рухани Жаңғыру парақшаларын жүргізуден, Мұхтар Әблязовке қарсы желідегі кампанияларға қолдау көрсетуден келетіні анық.

АПДЕЙТ 02.04.2019
kompra.kz сайты бізге SMMNETWORK ЖШС-нің байланысы көрсетілген схеманы ұсынды.

П.С.: Нұр-маркетинг үшін KPI

Айта кету керек – осы материал жазылып жатқан сәтте жазылушылар саны 58 мыңнан асса да, Тұңғыш президент қорының парақшасына белсенділердің дені – боттар. Тіпті боттар ғана белсенді деуге де болар. Ондаған жазбаны шолып шығып, тірі аккаунттар жазған бірнеше комментарий ғана байқадық. Әблязовке қарсы аккаунттарда да солай – ондағы тірі қолданушылар мүлде белсенді емес.

Манадан бері оқып отырғаныңыз тек құрғақ сөз болмас үшін ТПҚ, Factcheck.kz және «Бәсе» паблигіне Popsters.ru сервисінің көмегі арқылы жасалған парақшалардың анализін ұсынамыз. Сервис ER (қолданушыларды тарту), LR (лайктар рейтингі),  комментарийлерді, жазылымды және т.с.с. түрлі параметрлер бойынша анализ жасауға мүмкіндік береді.

Скриншоттан көріп отырғандарыңыздай (толығырақ мына жерден жүктей аласыз) – біздің сайтты дамыту ТПҚ-ныкіне қарағанда 4 есе эффективті, ал “Бәсе” ТПҚ-ны көрсетілген параметрлер бойынша 20 есе басып озған. Соған қарамастан, барлық уақыт ішінде біздің Facebook парақшамызды дамыту үшін (СММ маманның қаламақысымен есептегенде) 500 000 теңгеден де аспайды.

Бұдан барып мұндай KPI-дің керегі не және тапсырыс берушіге қолданушыларды шынымен де қолдау маңызды ма әлде олардың анда-санда жылт етіп, фейк комментарийлер жазғаны маңызды ма деген сұрақтар туындайды. Біздіңше, жауап тайға таңба басқандай.

Тұңғыш президент қорының баспасөз қызметі былтыр үздік атанды. Баспасөз хатшыларының жұмысына баға беруде олардың әлеуметтік желідегі парақшалармен қалай жұмыс істейтіні ескерілді ме, жоқ па – белгісіз. Ескерілмеді деп үміттенеміз.

Материал пайдалы болды деген үміттеміз. Енді біз әлеуметтік нұршыл маркетингіні зерттеп, уәде еткеніміздей Әблязовке арналған парақшаларды бақылап отырамақпыз.

 

Обьективтілікті сақтау үшін Factcheck.kz редакциясы жарнамадан бас тартып, мемлекеттен, ірі компаниялар мен саяси топтардан алшақ болу принципін ұстанып, тәуелсіздігін сақтап келеді. Қазір Factcheck.kz сіздердің қолдауларыңызға мұқтаж. Оқырмандарымыздың біздің шотқа аударған қаржысы – фактчекер-журналистер, аудармашылар мен ұжымның басқа мүшелеріне еңбекақы, қаламақы төлеу үшін қажет. Олар ары қарай да тоқтамай еңбек етіп, шындықты, жалған мен манипуляциядан ажырата бермек. Біз сенімді дереккөзден тексерілген тәуелсіз ақпарат алуға әркімнің құқы бар екеніне сенеміз.


Өтінеміз, кез келген сомманы таңдаңыз…



немесе өзіңіздің біздің есепке аударғыңыз келген соманы жазыңыз

Павел Банников
Журналист, редактор. Филолог-славист. Соавтор и составитель ряда работ по журналистике и языку вражды. Работал журналистом и редактором в различных научно-популярных, развлекательных и общественно-политических изданиях Казахстана. Главный редактор проекта «Фактчек в Казахстане». Медиатренер, создатель образовательного проекта Factcheck.Academy