Коронавирусқа қарсы құзырет пен сенім

Сіздердің назарларыңызға ekonomist.kz сайтымен серіктестігіміздің аясында түрлі салалар бойынша сараптамалық материалдар ұсынуды жалғастырамыз. Бүгін сіздердің назарларыңызға тәуелсіз сарапшы, G20 Young Global Changer-2017-2018 Елена НовикованыңКоронавирусқа қарсы құзыреттілік пен сенім” деген материалын ұсынып отырмыз.


Биылғы мамыр айында СOVID-19 бойынша өткен Singularity University виртуал саммитінде сөз сөйлеген TIME колумнисі Алекс Гладштейн жаңа коронавируспен күрестегі екі негізгі өзекті  атап көрсетті: құзыреттілік және ашықтық. Пандемия кезінде қоғамдық денсаулыққа басшылық жасауда қарапайым табысқа жету үшін ел үкіметтері не құзыреттілігін көрсетуі тиіс (Қытайдағыдай), не ашықтығын көрсетуі керек, немесе осының екеуі де болуы қажет.

Гладштейн бірінші кезекте пандемиямен АҚШ-тың қалай күресетініне алаңдайтынын айтты, өйткені дәл сол сәтте елде қауіпке берілген жауап аса білікті болмады. Сонымен бірге, жағдайдың қалай қарай өзгеретіні беймәлім Ресейге қатысты алаңдауын білдірді.

Одан бері үш айға жуық уақыт өтті және колумнистің болжамы белгілі бір дәрежеде өзекті екенін көрдік. АҚШ  Worldometer кестесінде ауру жұқтырғандар саны бойынша бірінші орында тұр, ал Ресей – алғашқы үштікте. Теориялық тұрғыда құзыреттілік деңгейі ұқсас болғанымен, басқа посткеңестік мемлекеттердің әрқайсы COVID-19 қаупімен өзінше күресуде. Қашаннан өзгелерден аулақ жүретін Беларусьте 9 мамырға орай  президент Александр Лукашенконың парад өткізуі мен  коронавирус дегенді сөзді айтудың өзіне шектеу қойған  Түркіменстанды айтпағанда, аймақтағы ашықтық деңгейі аса бір назар аударатындай емес.

Ерекше маңызды құзыреттен тыс

2020 жыл бойынша заң үстемдігінің WJP индексі «үкіметтердің ашықтығы» бойынша Ресей Федерациясы (0.49), Қазақстан (0.46) мен Қытайда (0.43) өте ұқсас нәтиже көрсетті. Бұл елдер «ақпарат алу құқығына» қатысты да ұқсас көрсеткішке ие: РФ коэффициенті – 0.40, Қазақстандікі – 0.45, Қытайдікі – 0.49.

Қытайдың елдегі эпидемиологиялық жағдайды табысты реттеуіне қатысты пікірталас әлі де толастамай тұр. Осы мақаланы жазу кезінде бұл елде КВИ жұқтырудың белсенді жағдайы 100-ден төмен түскенін ескере отырып, кемінде Қытай вирустың алғашқы толқынымен сәтті күресе білді деуге болады. Қазір Ресей мен Қазақстан да карантин режимін жеңілдетіп жатыр, соның ішіне Қазақстанның жағдайға орай жылдам әрекет еткенін атап айтқан жөн. 2020 жылдың 15 наурызында  ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТЖ режимін енгізу жөнінде жариялады. Ресей бұл кезде  бизнесмен Олег Дерипасканың елді 60 күнге жабуға шақыруын талқылап жатқан болатын, магнат Дерипасканың қорқынышы тегіннен-тегін емес, оның активтері («Русал») Эбола салдарынан бір қауіпті бастан кешкен болатын.

Ал РФ президенті Владимир Путин тек  25 наурызда ғана мәлімдеме жасады, ал цифр қашанда дәлдікті ұнатады. Күнтізбедегі 10 күннің айтарлықтай айырмасы жоқтай көрінгенімен, миллион ресейлікке шаққанда COVID-19 жұқтырғандар саны 1571 болса, миллион қазақстандыққа шаққанда 277 адамнан келеді (түпнұсқа мақала 15 мамыр күні жарияланған. Одан бері бұл көрсеткіш 1 млн тұрғынға шаққанда 2598 ресейлік пен дәл осылай 1 млн тұрғынға шаққанда 511 қазақстандық болып өзгерді – 2020 жылдың  28 мамырындағы деректер).

Бұл, сонымен бірге, Ресейде миллион тұрғынға шаққанда 14 өлім (бұл көрсеткіш өсу үстінде) болуынан да көрінеді (одан беріде Ресейдің көрсеткіші өзгеріп, 1 млн тұрғынға шаққанда 28 адамға жетті; Қытай мен Қазақстанның көрсеткіші осы мақаланы жазу барысында өзгерген жоқ), ал Қазақстанда миллион адамға шаққанда 2 өлімнен келеді. Салыстыру үшін айтсақ, Қытайда млн тұрғынға шаққанда 3 өлімнен келеді.

Мұндай айырманы құзыреттіліктің сапасымен түсіндіру қиын. Әйтпесе, ресейлік әскери дәрігерлердің Италияда COVID-19 қаупімен күресуге көмектескенін, олардың көмегінің Қытай дәрігерлерінің әлемнің әр түкпіріндегі көмегінен еш кем болмағанын естідік. «Үкіметтің ашықтығы» мен «ақпарат алу құқығы» көрсеткіштерінің осынша ұқсастығына қарамастан, қай тұста не нәрсені қалт жіберіп алдық деген ойға қаласың.

Сенім мәселесі ме?

Экономикалық әріптестік және даму ұйымы (ЭӘДҰ) «транспаренттілік, адалдық, есептілік және мүдделі тараптардың араласуынан» тұратын «ашық үкіметтің» стратегиясы мен бастамаларын көрсетеді.

Қазақстанның COVID-19 қаупіне қарсы шараларын қарайтын болсақ, транспаренттілік деңгейі ойлағаннан айтарлықтай жоғары болғанын аңғарамыз. Үкімет қоғамды ақпараттандыру мақсатымен тұрақты конференциялар өткізумен шектелмей, ерте кезден-ақ жайсыз ақпараттарды да тарата бастады. 6 сәуір күні ҚР бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова  Қазақстанда КВИ жұқтырған әр бесінші адам медицина қызметкері екенін мәлімдеді. Бұл ақпарат қоғамда қызу талқыға түскеніне қарамастан, мемлекет одан кейін де транспаренттілік және қоғаммен сенімді қарым-қатынас қалыптастыру мақсатында мұндай ақпараттарды жаңғыртумен болды. Есмағамбетова  тек 21 сәуір күні ғана 127 медицина қызметкері ауру жұқтырғанын жария етті, сөйтіп сол күнгі мәлімет бойынша ауру жұқтырған дәрігерлер саны 652-ге жетті.

Транспаренттілікке ұмтылумен қатар, есеп беру тенденциясының артуы да байқалды.

Денсаулық сақтау министрінің «Даймонд Принцесс» лайнерінде болған жолаушылардың елге коммерциялық ұшақпен оралуына орай қазақстандықтардан кешірім сұрауы (хабардар етпегені үшін) есептілікке мән беретінін көрсетті. Мәселен, Қазақстанның бұрынғы бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин «…шамамен 11-16-сы күндері елімізге ақыры коронавирус кеп қалады» деп сәтсіз қателесіп, түрлі мем кейіпкеріне айналуынан кейін оны қызметінен алды. Дегенмен, іскерлік бедел мен есептілік мәселесіне қатысты мұндай қатаң көзқарас кейін біртіндеп жібігенін айтқан жөн. Арада ай өткенде әлеуметтік төлем жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осыған ұқсас жағдайға тап болғанда, оның сөзі анекдоттан ары асқан жоқ.

Адалдыққа келсек, Қазақстан «ұжымдық иммунитет» туралы талқыға бармай, көп кешіктірмей қоғамдық денсаулық пен денсаулық сақтау жүйесін сақтауға көше алды, бұл жағынан ҚР посткеңестік елдер арасында алғашқылардың бірі болып төтенше жағдай режимін жариялады. Бір айда 42 500 теңге әлеуметтік төлемге өмір сүру бола ма, болмай ма деген мәселе де көп талқыға түсті, бірақ үкімет халықты қиын жағдайға қалдырған жоқ, 4,4 миллионнан астам қазақстандық осындай әлеуметтік төлем алды.

«Ашық үкімет» стратегиясын көрсететін төрттіктің ішінде «мүдделі тараптардың араласуы» ғана көңіл көншітпейді деуге болады. Климаттың өзгеруі мәселесі туралы жаза жүріп байқағаным,  қазақстандықтар жекелеген әрекеттердің маңызын бағалауға бейім емес. Мұнда жеке мінез-құлқыңа жауапкершілікпен қарауға және өз үлесіңді қосуға шақыру мемлекеттік және/немесе корпоративтік мәселені қоғамның иығына артып отырғандай қабылданады. ТЖ жарияланғаннан кейінгі екі апта ішінде  1 500-ден астам қазақстандық карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ТЖ режимі алынып тасталғаннан кейін карантин шаралары сақталды, бірақ тәртіп бұзған азаматтарға қарсы әкімшілік жауапкершілік азайды. Бұл бүкіл ел көлемінде Yandex-тің өзін-өзі оқшаулау индексінің күрт түсуіне алып келді. 5 деген шкала көшенің бос екенін, ал 0 көшелердің жүктемесі көптігін білдіретін болса, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары 12 мамыр күні 2,3 және 1,9-ды көрсетті. Ал айыппұл салынбайтынын біле салған күні-ақ Алматы қаласында бұл көрсеткіш бірден 1,9 болып шыға келді.

Сенім жетіспей ме?

Қалыптасқан жағдай кезінде Үкімет жедел қимылдап, білікті әрекет етіп, транспаренттілік пен ашықтықты сақтауға тырысқанымен, қоғамдық сенім деген іргелі әрі маңызды нәрсе болмайынша, жетістікке жетуге мұның бәрі аздық етеді.  Ақпан айында, Қазақстанда әлі жаңа типтегі коронавирус тіркелмеген кезде  Қытаймен шекарадағы Ақжар ауылының тұрғындары екі ел арасындағы жүк қатынасын тоқтатуды талап етті, үлкен жүк көліктерінің күрделі карантин жүйесінен өтіп жүргенін де ескермеді. Жұрт елде коронавирус жоқ дегенге сенімсіздік танытты. Осы кезде Қазақстанда ауру жұқтырғандар бар деп жалған ақпарат таратқан бірнеше адам жауапкершілікке тартылды.

Алайда, Қазақстанда ауру жұқтырудың алғашқы жағдайлары тіркелгеннен кейін қоғамдық сенім 180 градусқа өзгеріп кетті. 1 мамыр күні  Оралдағы госпитальде жатқан симптомсыз инфекция жұқтырған 30 науқас аурухананың есігін бұзып, үйге шығаруды талап етті. Бұл жолы халық ешқандай да вирус жоқ екеніне сенімді болды. Ал  жаңа коронавируспен күреске 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінгенін естіген уақытта олардың көбі COVID-ті шынайы қауіп ретінде қабылдап, биліктің айтқанын орындаудан гөрі, конспирологиялық теориялардың шырмауына түсіп, әлеуметтік желіде ауру жұқтырған адамның қанша адаммен қол алысқанын санап отырғанды жөн көреді.

Қазақстанның карантиннен шыға бастауы да пандемия шарты талап етіп отырған қажеттіліктен гөрі биліктің халыққа жағуды көбірек ойлайтынын аңғартады. Мәселен, басқа қалаларға барғысы келетіндердің барлығы тест тапсыруы керек деген талап та тез-ақ өзгере салды. Ол талапты  алып тастады. Әйтпесе,  содан екі күн бұрын ғана Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәл осы ереженің арқасында ауру жұқтырудың 10 жағдайы анықталғанын айтқан болатын. «Қашықтан» да табысты жұмыс істеген кейбір бизнес түрлері (мысалы, кәсіби, консалтингтік, бухгалтерлік және сақтандыру қызметін көрсетушілер) немесе жеткізу қызметімен айналысқандар (гүл дүкендері, мысалы)  бизнесін қалыпты жүргізуге мүмкіндік алды.

Осы бір қиын кезеңде әлемдік көшбасшылардың бәрі де бір шындықты мойындады: «Сенімге құрылған көшбасшылық – өмірлік көшбасшылық» (Deloitte-тың жуырдағы баяндамасынан). Ал қазір, карантин шаралары жеңілдетілген уақытта сенімнің әрдайым мүдделі тараптардың үдесіне жауап бере бермейтінін түсінуіміз керек. Егер түпкі мақсат ұзақмерзімді сенім болса, оған күрделі экожүйе деп қарау өте маңызды.

Думан Смақов
Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы