Коронавирус зертханадан тарады: ақпараттың қай жері дұрыс емес?

ДДСҰ делегациясы 2021 жылдың басында Қытайға барды, осыдан кейін желіде коронавирустың пайда болу себептері қайта талқылана бастады.

Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында «COVID-19 ауруына әкелетін коронавирус 99,9% ықтималдықпен Уханьдағы зертханадан тарады» деген ақпарат тарап жатыр. Мысалы мұндай жаңалықтарды мына жерден және мына жерден табуға болады. Бұл мәлімдеменің авторы Гамбург университетінің профессоры Роланд Визендангер деп көрсетілген.

Коронавирус зертханадан тарады: ақпараттың қай жері дұрыс емес?
mk.ru сайтынан скриншот

Үкім: Кликбейт және манипуляция

Қазіргі кезде барлық ғалымдар бір пікірде, олардың айтуынша SARS-CoV-2 – табиғи жолмен пайда болған вирус. Дәл осындай қорытындыны вирустың шығу себептерін анықтау үшін Уханьға барған ДДСҰ сарапшылары да шығарды. Ал жоғарыдағы мәлімдемені жасаған профессор күмәнді дереккөздерге сүйенген, сондай-ақ БАҚ профессордың зерттеу жұмысы бұған дейін сынға ұшырағаны туралы сөз айтпайды. Дегенмен олар дереккөз ретінде сол сынап жазған материалға сілтеме жасайды.

«Әлемді дүрліктірген бұл коронавирус зертханадан тарады» деген нұсқаның дұрыс емес екенін біз өткен жылғы мамырда жазған едік.

Егжей-тегжейлі тоқталайық

Бұған дейін ДДСҰ-ның Қытай және басқа елдердің ғалымдарынан құралған бірлескен сараптамалық тобы коронавирустың таралу көзін анықтау мақсатында Ухань қаласына келген еді.

Бір айдан кейін тергеудің алдын-ала нәтижелері шықты, оған сәйкес сарапшылар тобы вирус табиғи жолмен пайда болғанын алға тартады. 9 ақпанда топ жетекшісі доктор Питер Бен Эмбарек мәлімдеме жасап, SARS-CoV-2 вирусының адамдар арасында таралуына аралық бір жануар себепкер болғанын айтты. Сондықтан бұл процесті түсіну үшін қосымша мақсатты зерттеулер қажет.

Осыған қоса ол «SARS-CoV-2 зертханада пайда болды» деген болжамның рас болуы екіталай нәрсе екенін атап өтті. Осыған орай болашақтағы тергеу жұмыстарында бұл нұсқа қарастырылмайды және зерттелмейді.

Қазіргі зерттеулердің болжамы бойынша жарқанаттар коронавирус үшін табиғи резервуар екені айтылады. Алайда доктор Эмбарек «вирус Уханьдағы жарқанаттардан тікелей тарады» дегенді жоққа шығарды, себебі қала олардың мекендейтін жерлерінен алыс жерде орналасқан.

Оның пікірінше бұл жағдайда вирус жарқанаттан басқа бір жануарға жұғып, тек содан кейін адамдарға жұққан. Жарқанат пен адам арасында қандай аралық жануар болғаны әлі белгісіз.

Вирус Уханьдағы Хуанань базарына мұздатылған тағамдар арқылы келуі мүмкін деген болжам бар. Питер бен Эмбаректің айтуынша, мұздатылған жануарлардан әзірленетін тағамдар, негізінен теңіз өнімдері, базарда жабайы және ауылшаруашылық жануарларынан жасалатын тағамдармен бірге сатылды. Ал олардың кейбіреуі Қытайдың басқа аймақтарынан әкелінді немесе импортталды.

Бұл нәтижелер вирустың табиғатын зерттеу бойынша жұмыстардың тек бірінші бөлігі ғана, енді олар әрі қарай нені және қай жерден зерттеу керек екенін түсінуге көмектеседі. Сондықтан бұл мәселе бойынша жаңа ақпарат әлі алда.

БАҚ-та жарияланған ақпараттағы қате мен манипуляция

Біріншіден, БАҚ кликбейт тақырып қою арқылы манипуляция жасап отыр. Визендангердің «вирус зертханадан тарап кеткеніне 99,9% сенімдімін» деген пікірі вирус расымен зертханада пайда болды деген сөз емес. Бұл тек нақты бір адамның пікірі.

Екіншіден, профессордың пікірін жариялаған кейбір БАҚ ақпарат көзі ретінде германиялық ZDF телеарнасының сайтын көрсетеді. Алайда сілтеме арқылы өтіп, мақаланы толық оқып шықсаңыздар, онда ZDF журналистерінің фактчек жүргізгенін және Визендангердің неге қателескенін түсіндіретінін көресіздер. Неге екені белгісіз, рерайт жасаған басқа басылымдар бұл туралы ештеңе жазбаған.

Коронавирус зертханадан тарады: ақпараттың қай жері дұрыс емес?
Проф. Роланд Визендангер (Фото: Себастьян Энгельс)

Мәселен ZDF журналистерінің айтуынша, профессор вирустың жасанды түрде пайда болғанын жаза отырып, әлеуметтік желілердегі түрлі сілтемелерін және The Epoch Times сияқты (қастандық теорияларын таратумен танымал) жаңалықтар порталдарын көп пайдаланатынын жазады.

Айтпақшы профессордың өзі телеарнаға сұхбат беріп тұрған кезде оның жұмысы ғылыми қауымдастық үшін емес, жалпы қауымға арналғанын айтады. Дегенмен қазіргі кезде оның мақаласының препринті Researchgate сайтында жарияланған. Бұл сайтты «әртүрлі бағыттағы ғалымдардың басын қосатын әлеуметтік желі» десе де болады.

Бір қызығы, профессор жұмыс істейтін Гамбург университеті оның жұмысына сын артпайды. Олардың айтуынша Визендангер жоғары деңгейдегі ғылыми дәлелдер келтірмесе де, көп әрі салмақты ақпарат келтіріп, көпшілік арасында пікір алмасуға септігін тигізді. Университеттің мұндай түсініксіз хабарламасын академиялық еркіндікті қолдаудың ең жарқын мысалы ретінде қарастырайық.

Контекст

Сондай-ақ желіде «COVID-19 вирусы бүкіл әлемге тарамай тұрып ол туралы Қытай билігі білді және ақпаратты әдейі жасырды» деген мәлімдемелер тарап жатыр. Бұл ақпаратқа қатысты зерттеуді мына жерден оқуға болады.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz