Коронавирус мутациясына қатысты мифтер

Еуропа елдерінің үкіметі қайта локдаун енгізіп, коронавирустың екінші толқынынан болатын зардаптың алдын алуға тырысып жатыр. Алайда бұл жолы вирустың қаупі туралы қорқыныш пен үрей еселене түсті. Осы орайда орыс тілді БАҚ «ешкімді аямайтын», «бұрынғыға қарағанда жұқпалы», «әлдеқайда тез тарайтын» және «бірден анықтай алмайтын» мутацияға ұшыраған коронавирус туралы хабар таратудан жан салмай жатыр. FactCheck.kz сайты COVID-19 мутациясы туралы негізгі болжамдар мен мәлімдемелерді талдап, олардың көбі шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады.

Коронавирус әлдеқайда жұқпалы әрі қауіпті болып барады

Үкім: Жалған

26 қазанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) алаңында өткен ресми брифинг барысында ДДСҰ-ның Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Райанның мәлімдемесі келесідей: «Қазіргі кезде вирустың әлдеқайда жұқпалы немесе қауіпті болып кеткеніне ешқандай дәлел жоқ».

Еуропада аурудың күзде күрт өсуіне қатысты түсініктеме берген Райан мырза бұл медицина қызметкерлерінің вирусты анықтау қабілетінің артуына және адамдардың үйде отырмауына байланысты екенін айтты.

2020 жылғы қаңтардан бастап ДДСҰ-да коронавирус өзгерісін мұқият қадағалап отыратын арнайы сарапшылар тобы жұмыс істейді. ДДСҰ-ның Коронавирусқа қарсы әрекет ету жөніндегі техникалық жетекшісі Мария Ван Керкховенің айтуынша, инфекция айналымы басталғаннан бері сарапшылар көптеген мутация тіркеген, алайда әзірге олар алаңдаушылық туғызып отырған жоқ.

«Мутация – үрей туғызатын қорқынышты сөз, бірақ іс жүзінде бұл вирус үшін қалыпты процесс <…> Мутацияның кей түрі вирусқа қатты әсер ете қоймайды», дейді маман.

Сондай-ақ оның айтуынша, әлі бір де бір мутация коронавирусқа қатты әсер етпеген, сондықтан вирусты анықтау, емдеу және оған қарсы вакцина жасау тәсілдері әзірге өзгеріссіз қалады. «Бұл тұрғыда ол өте тұрақты вирус», деді ДДСҰ өкілі.

Коронавирус мутацияға тез ұшырайды

Үкім: Манипуляция

Шынында да РНҚ-вирустары (оған суық тию, тұмау, COVID-19, АИТВ және басқа да аурулар кезіндегі инфекциялар жатады) мутацияға көп ұшырайды. «Алайда қолда бар мәліметтерге сәйкес, коронавирустар басқа РНҚ-вирустарға қарағанда баяу өзгереді. Бұл көшіру кезінде кездесуі мүмкін қателіктерді түзейтін «тексеруші» ферменттің әсерінен болуы мүмкін», деп жазады Nature ғылыми журналы.

Мәселен тұмау вирусының мутация саны коронавирустың айлық көрсеткішінен екі есе көп, ал АИТВ-да бұл көрсеткіш төрт есе жоғары, дейді Nature журналына пікір білдірген Базель университетінің молекулалық эпидемиологы Эмма Ходкрофт. Ғалымның айтуынша, SARS-CoV-2 мутациялары (қазіргі кезде олардың саны 12 мыңнан асты) вирустың таралу және адамдарға жұғу қабілетіне еш әсер етпейді, себебі олар ақуыз формасын өзгертпейді. Дегенмен формасын өзгертетін мутациялар көбіне вирустың өзіне зиянды.

Ашық дереккөздерде COVID-19 геномдарына қатысты мәліметтер бар, ол жерден келесі қызықты ерекшелікті аңғаруға болады: егер әлемнің екі шетіндегі коронавирус геномдарын салыстыратын болсақ, олар орта есеппен 30 мың нуклеотидтің ішінен тек 10 РНҚ-белгімен ерекшеленетін байқаймыз.

Осыған қоса ғалымдардың болжамы бойынша, қазіргі кезде коронавирустан ешкім қорғалмағандықтан, SARS-CoV-2 эволюциялық тұрғыдан дамып жатқан жоқ. Сондықтан вирустың өзіне пайдалы мутациялардың болуы екіталай, себебі коронавирус ешқандай мутациясыз-ақ адам ағзасына оңай еніп жатыр.

Коронавирус мутацияға ұшырайды, сондықтан оған қарсы вакцина тиімсіз болуы мүмкін

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, коронавирусқа қарсы кез келген вакцинаның тиімділігі туралы айту әлі ерте: себебі олардың ешқайсысы клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінен өткен жоқ. Екіншіден, ғалымдардың болжамы бойынша, болашақта пайда болатын вакцина коронавирустың кез келген штаммы үшін тиімді болады.

Осындай мәлімдеме жасауға австралиялық және америкалық ғалымдардың жақында жүргізген зерттеу нәтижелері негіз болды. Ғалымдар мутацияға ұшыраған SARS-CoV-2-ге қарсы сынақтан өтіп жатқан үміткер-вакциналар тиімді екенін растады.

Ғылыми еңбектің авторлары коронавирустың осы уақытқа дейін көп кездескен штаммын қарастырып, онда амин қышқылдарының біріне  арналған генетикалық нұсқаулық (№614) «D»-дан (аспарагин қышқылы) «G»-ға (глицин) ауысып кеткенін анықтаған. Бұл өзгеріс геномның ең маңызды спайк ақуызын кодтайтын бөлігінде болған. Дәл осы өзгеріске байланысты вирус тәжге ұқсайды және адам жасушаларына енуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда COVID-19 пандемиясына арналған D614G мутациясының рөлі туралы нақты түсінік жоқ екенін есте ұстаған жөн.

Понимание_мутации_что_значит_D614G_для_пандемии_COVID_19

Осы орайда ВВС-дің хабарлауынша, әлемде жасалып жатқан вакциналардың көбі вирустың бастапқы D-штаммы бойынша жасалған. Себебі пандемия басында жарияланған тізбектер арасында ең көп кездескен дәл осы штамм еді (төмендегі скриншотта сары түспен белгіленген).

Коронавирус мутациясына қатысты мифтер
Дереккөзге сілтеме

Кейбір ғалымдардың болжамы бойынша қайта бұл мутация коронавирусты әлсіретіп, вакциналардың тиімділігін арттырады (мына жерде жұмыстың препринт нұсқасы бар). Тәжірибе барысында сынақтан өтіп жатқан РНҚ-вакциналардың бірін алған тышқандар, маймылдар және адамдар ағзасы жауап ретінде D-ға қарағанда G вирусына қарсы антиденелер шығарған.

Біздің украиналық фактчекер-әріптестеріміз де РНҚ-вирустарына қарсы көптеген (мысалы қызылшаға немесе паротитке қарсы) вакциналардың өткен ғасырдың 30-70-ші жылдары пайда болғанына және олардың әлі де өте тиімді екеніне назар аударады. Сондай-ақ бұл вирустар коронавирустар сияқты тез, ал кей жағдайда олардан да жылдам мутацияға ұшырап, өзгеріп келетінін айтқымыз келеді.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz