Коронавирус белсіздікке себеп бола ма?

12 наурызда Хубэй провинциясы халық үкіметінің ресми сайты COVID-19 вирусы белсіздікке әкелетіні туралы мақала жариялады. Мақала Қытайда бұқаралық резонанс тудырып, әлеуметтік желіде талқылана бастады. Жарияланған мақала бірнеше сағаттан кейін ресми сайттан алынып тасталғанына қарамастан, көптеген халықаралық БАҚ жаңалықты таратып үлгерді. Мысалы, Интерфакс Москва: «Ғалымдар ерлердің репродуктивті денсаулығына коронавирустың зияны туралы хабарлады», «Московский Комсомолец»: «Коронавирус ерлердің белсіздігіне әкелуі мүмкін», Global Times: «Коронавирус аталық безге зиян, ерлердің белсіздігін тудыруы мүмкін».

Factcheck.kz «COVID-19-бен ауырып шыққан ерлер кейін белсіздікке тап болады» деген ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Үкім: Манипуляция

Барлық басылым 12 наурызда Хубей үкіметінің ресми веб-сайтында жарияланған баяндамаға және MedRxiv.org платформасында пайда болған зерттеу жұмысына сілтеме жасаған.

Жарияланған баяндама клиникалық зерттеуден өтпеген. Бірнеше сағаттан кейін үкімет сайтынан алынып та тасталды. Айта кетейік, MedRxiv.org ресурсы ғылыми және/немесе медициналық қауымдастық әлі қабылдамаған және/немесе мақұлдамаған мақалаларды жариялай береді, сондықтан оларда қате де, нақты анықталмаған ақпарат болуы мүмкін. Халықаралық медициналық қауымдастық растамаған зерттеулердің негізінде COVID-19 вирусы еркектің белсіздігіне әкеледі деп айту – қате.

Нақты тоқталсақ

Баяндаманы Ли қаласында орналасқан Хуажонг ғылым және технология университетінің Тунцзи репродуктивті медицина орталығының профессоры Ли Юйфэн бастаған сарапшылар тобы әзірлеген. Олар COVID-19 вирусының еркектің репродуктивті денсаулығына мүмкін болатын теріс әсері туралы теориялық тұрғыда атап өткен. Сондай-ақ, мақалада ғалымдардың өздері «қазіргі уақытта бірде-бір зерттеу жұмысы коронавирус инфекциясы аталық безді зақымдап, ерлердің ұрықтылығына әсер ететіні растамады» деп мойындайды. Олардың сөздерін ВВС NEWS келтіреді.

Ғалымдар адам ағзасына әсер етуі бойынша COVID-19 және SARS вирустары ұқсас екенін атап өтті. Екі инфекция да бір жасушалық рецепторға, ACE2-ге өтеді. SARS инфекциясы теория жүзінде орхит пен кейбір репродуктивті жасушалардың зақымдануына әкелеіп, ерлердің иммундық жүйесіне қатты әсер етуі мүмкін. Сарапшылар пікірінше, COVID-19 инфекциясы да теория жүзінде сперматозоидтар мен андрогендердің синтезіне әсер етуі мүмкін.

Нақты зерттеулер мен расталған жағдайлардың болмауына қарамастан, COVID-19 вирусының ерлердің ұрықтылығына теріс әсері туралы баяндама 2020 жылдың 10 наурызында аурухана сайтында жарияланды. Ал 12 наурызда Хубэй провинциясы үкіметінің ресми сайтында пайда болды. Алайда жаңалық Қытайдағы әлеуметтік желіде тарап кеткеннен кейін баяндама екі ресурстан да өшіріліді.

Тағы бір зерттеу жұмысы 12 ақпанда MedRxiv.org ресурсында жарияланды. Бұл жолы мақала авторлары Сучжоудағы Нанкин университетіндегі аурухана филиалының ғалым-урологтар тобы еді. Олар өз жұмысында жаңа коронавирус бүйректі зақымдап, ерлердің репродуктивті жүйесінің ұлпасына теріс әсер ететінін көрсетті. Мұндай зақым теория жүзінде еркектің ұрықтылығына әсер етіп, кейін белсіздікке әкелуі мүмкін. Осыған қоса мақалада авторлары былай дейді: «Бүйрегі зақымданған кейбір адамдар арасында бірнеше зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ олардың COVID-19 вирусының кесірінен тыныс алу жүйесі де дұрыс жұмыс істемеді. Екі ауру арасындағы байланыс механизмі белгісіз». Нақты дерек те жоқ, емделушілердің жалпы клиникалық жағдайы да көрсетілмеген. Қысқа мерзімде әрі тек «кейбір» емделушілер арасында жүргізілген зерттеулер негізінде COVID-19 вирусы ерлердің белсіздігіне әкеледі деп айту – қате.

Еске сала кетейік, MedRxiv.org платформасында медициналық қауымдастық тарапынан ешқандай сын пікір жызылмаған және ешкім бағаламаған мақалалар жарияланады. Жарияланған ақпарат «шикі» және қате болуы мүмкін, ал зерттеу нәтижелерін клиникалық практикада пайдалану ұсынылмайды. Бұл жарияланған пікірге назар аудармау керек деген сөз.

Осыдан кейін COVID-19 вирусының ерлердің репродуктивті функциясына әсері және белсіздіктің даму ықтималдығы туралы Ресейдің ғалымдары пікір білдірді, оларды «Известия» жариялады.

Ғалымдардың айтуынша, коронавирус пен одан пайда болуы мүмкін белсіздік арасында тікелей байланыс жоқ. Сонымен қатар, COVID-19 вирусына клиникалық деректері ұқсас SARS атипті пневмония вирусы репродуктивті жүйе ұлпаларының қабынуын тек аурудың соңғы сатысында тудыруы мүмкін. Бұл вирустың еркектің ұрығына әсері туралы нақты деректер жоқ.

…атипті пневмониямен ауырған адамдарда атабездің қатты зақымданғаны байқалмады. Бірде-бір адам белсіздік пайда болғаны туралы хабарламады

Дмитрий Еникеев, ғалым, И. М. Сеченов атындағы Урология және адамның репродуктивті денсаулығы институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары

«Қатты қабыну иммундық жүйенің шамадан тыс реакциясынан туындаған… Бұл белсіздікке әкелуі мүмкін. Алайда мұндай фактіні растайтын клиникалық дәлел болған емес», – деп атап өтті МФТИ геномдық инженерия зертханасының жетекшісі, ғалым-генетик Павел Волчков.

ТүмМУ (Түмен мемлекеттік университеті) аға ғылыми қызметкері Мария Орлованың пікірінше, мұндай күрделі асқынуға қосымша бактериялық инфекция әкелуі мүмкін. Оның айтуынша, қоздырғыштар ағзаға қан ағысымен бірге таралуы мүмкін. Бәлкім, сол жағдайда бұл ішкі жыныс органдарының қабыну процесіне әсер етіп, кейін белсіздікке әкелуі мүмкін. «Алайда мұндай жағдайдың болу мүмкіндігі өте төмен, сондықтан біз мұндай асқынумен өте сирек кездесеміз», – дейді Орлова.

Ресей ғылым академиясының медицина-биологиялық ғылымдар секциясының жетекшісі, вице-президент Владимир Павлович Чехонин «РИА-Новостиге» берген сұхбатында COVID-19 вирусы мен ерлердің белсізді арасындағы байланысты анықтау үшін көптеген зерттеу жұмыстары қажет екенін мәлімдеді. «Қазіргі кезде бұл тек болжам, жорамал ғана. Бүгінде мұндай қорытынды жасауға негіз жоқ. Мұндай сұрақтарға жауап беру үшін академиялық тәжірибе, эксперименталды түрде расталған деректер және терең талдау жұмысы қажет», – дейді академик Чехонин.

Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-инфекционист Елена Цыганова да өзінің ресейлік әріптестерінің көзқарасын растайды. «Первый канал» тілшісінің «Жаңа коронавирус белсіздікке әкеле ме?» деген сұрағына былай деп жауап берді: Жоқ, мұндай деректер жоқ».

Қорытынды

  • 2020 жылдың наурызындағы жағдай бойынша әлемде коронавирустың ерлердің белсіздігіне әсері туралы бірде-бір клиникалық зерттеу жүргізілген жоқ.
  • Қазіргі кезде халықаралық ғылыми әдебиет пен клиникалық практикада коронавирустың ерлердің ұрығына әсері туралы бірде-бір жағдай ресми тіркелген жоқ.
  • Қытай ғалымдарының «COVID-19 бен еркектің белсіздігі арасында байланыс бар» деген мәлімдемесі дәлелсіз әрі оған ғылыми негізі жоқ.
  • Халықаралық БАҚ Қытай дәрігерлерінің ғылыми расталмаған зерттеулеріне сілтеме жасап жариялаған мақалалары оқырмандарды адастырып, әлемде COVID-19 вирусы туралы жалған ақпараттың кең таралуына әкелді.
Factcheck.kz