Коронавирус бәрін ұмыттырады: Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарына шолу

19 мамырда Қазақстан үкіметі экономикалық саясат саласындағы ең басты құжаттардың бірі, яғни 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспарды қарастырып, қабылдады. Құжатқа форма мен мазмұн жағынан сұрақ көп. Жоспарды арнайы Factcheck.kz үшін экономикалық шолушы Сергей Домнин талдап берді.

Дағдарысқа қарсы жасалған жоспарды зерттей келе мынандай ой түюге болады: еліміздегі атқарушы билікті бір жылдан астам басқарып отырған жаңа президент те, қазіргі экономикалық дағдарыстың басты себепкері коронавирус індеті де ҚР Үкіметінің жұмысқа деген көзқарасын еш өзгерте алмапты. Ол сол баяғы әдетіне салып, нәтижеге емес, процеске жұмыс істейді. Біздіңше жоспар асығыс жасалды да, негізгі шаралардың тиімділігі нақты есептелмеген және еш сыни талдау жасалмаған.

Қаулысы жоқ жоспар

Экономиканы қалпына келтіруге бағытталған дағдарысқа қарсы жоспар туралы ақпарат алғаш рет 27 сәуірде шықты. Ол кезде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп мәлімдеген еді:

Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін ең көп зардап шеккен салаларды қолдау үшін экономикалық өсімді қалпына келтіруге бағытталған кешенді жоспар әзірлеп береді. Біздің еліміз өз дамуының жаңа деңгейіне аяқ басты. Былайша, біз жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан экономика мен мемлекетті басқару жүйесінде ауқымды да түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру қажет.

Қ-Ж. Тоқаев

Ал 19 мамырда премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен Үкімет отырысында жоспар қаралып, қабылданды. «Кешенді жоспарды іске асыру елімізге сырттан келетін кері әсердің салдарын азайтып, отандық бизнестің қызметін жандандыру бойынша барлық маңызды сала мен практикалық іс-шараларды қамтуы тиіс, деп мәлімдеді премьер, – Кешенді жоспарда көзделген шаралар 6 миллионнан астам адам жұмыс істейтін бірқатар саланы қалпына келтіруге мүмкіндік береді».

Коронавирус бәрін ұмыттырады: Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарына шолу

Дағдарысқа қарсы жоспардың негізгі бағыттары туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов былай дейді: «Бұл шаралар экономика саласына кешенді қолдау көрсетуге бағытталған. Жалпы алғанда, аталған шаралардың құралдары салықтық ынталандыруды, реттеуші саясатты жетілдіруді, жеңілдетілген кредит беруді, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды, инфрақұрылымды және отандық өндірушілерді дамытуды қамтиды».

Алайда құжаттың мәртебесі әлі күнге дейін түсініксіз. Себебі ол Үкімет сайтында да, құжатты әзірлеуші мекеменің порталында да, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің сайтында да Үкіметтің қаулысымен немесе басқа формада ресімделген құжат күйінде жоқ. 19 мамырдан кейін қабылданып, Primeminister.kz (ҚР премьер-министрінің ресми ресурсы) сайтында тұрған Үкімет қаулысында 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар туралы сөз жоқ.

Ашық дерек көздерінде бұл жоспардың тек жобасы ғана бар. Құжаттың форматына қарай отырып, ол Үкімет қаулысы ретінде қабылдануы тиіс құжат болуы керек екенін аңғаруға болады.

Жоспар жобасының мазмұны мен ҰЭМ басшысының тезистерін салыстыра отырып, келесіні айтуға болады. 19 мамырда Үкімет отырысында қаралып, кейін қабылданған жоспардың, кем дегенде, негізгі тармақтары құжат жобасында көрсетілген шараларды қайталайды. Сондықтан біз 2020 жылғы дағдарысқа қарсы жоспарды талдауға арналған материалымызды осы жобаға сүйеніп жазамыз.

149 шарадан тұратын жоспар

Коронавирус бәрін ұмыттырады: Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарына шолу

Дағдарысқа қарсы жоспарды қараған кезде, бірінші кезекте, Қазақстан үкіметін осындай құжатты әзірлеп шыққаны үшін келеді. Жедел жасалған жоспар дегеніміз – билік тарапынан дағдарысты «ауыздықтауға» бағытталған өте маңызды әрі тиімді құралы, сондай-ақ бұл – атқарушы биліктің қызметін бақылауда ұстаудың тәсілі. Бұл, әрине, теория жүзінде, ал іс жүзінде барлығы жоспар бөлімдерінің декомпозицияларының сапасына, жауапты қызметкерлерге, тексеріс мерзімдері мен формаларына байланысты.

2020 жылғы дағдарысқа қарсы жоспар 149 шарадан тұрады және олар келесі 10 бөлімге бөлінген: инвестиция тарту, нақты сектор, қызмет көрсету экономикасы, ШОБ, макроэкономикалық тұрақтылық, экономиканы цифрландыру, әлеумет саласы, өңірлік даму, стратегиялық жоспарлау. Бөлімдердегі шаралар біркелкі емес. Мысалы, «нақты сектор» бөлімінде 39 шара, ал «Өңірлік даму» бөлімінде 2 шара ғана бар.

Методология тұрғысынан ШОБ, нақты сектор мен қызмет көрсету секторының шараларын жеке қарастыру онша дұрыс емес сияқты. Себебі шағын және орта бизнес тауар өндірісінде де, қызмет көрсету саласында да болуы мүмкін. Сондай-ақ ол өңірлік дамудың да бір бөлігіне жатады және экономиканы цифрландыру объектісі мен макроэкономикалық тұрақтандыру жөніндегі шаралардың қатарында болуы да ғажап емес.

Бұл жоспардың тағы бір жақсы жағы – онда шараларды орындау мерзімдері мен мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың орындалуына нақты жауаптылар бар. 149 шараның 98-і (66%) бойынша орындалу мерзімі – 2020 жылдың желтоқсаны. Жауаптылар арасында әлеуметтік-экономикалық блоктың барлық министрліктері, ҚР Ұлттық Банкі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингі, осыған қоса «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Атамекен» ҰКП да бар. Осы аталған мекемелердің басшылары кейін Президент құрған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамына кірді.

Жоспарда ұсынылған барлық шараларды шартты түрде 3 топқа бөлуге болады.

Біріншісі – өзекті қысқа мерзімді шаралар, яғни олар жоспардың атауында («экономикалық өсімді қалпына келтіру») көрсетілген мақсатқа тікелей жауап береді. Оның ішінде коронавирус пандемиясы мен одан туындаған экономикалық дағдарысқа жауап ретінде қабылданған шаралар да бар.

Жоспар ішінде мұндай шаралардың саны – 52 (яғни жоспардың 35%). Олардың арасында іскерлік белсенділікті барынша қолдайтын өте маңызды шаралар бар: «Өнімді кепілді түрде сатып алу практикасын енгізу» деген №14 шара, «2020 жылға ИИДМБ-ға көзделген қаражат аясында жоғары өндірісті өнім өндіретін кәсіпорындарға экспорт шығындарының 80%-ына дейін өтеп беру» деген №36 шара, «Даму институттарының өңдеуші өнеркәсіп субъектілері үшін кепілдік беруі» деген № 74 шарасы.

Дегенмен Үкімет енгізгісі келіп отырған қысқа мерзімді шаралардың арасында маңызды еместері де кездеседі. Мысалы «ЖК үшін АСР бухгалтерлік есепті жүргізуді тоқтату және салық есебін жеңілдету» деген №76 шарасы кәсіпкерлерге қалай көмектесетіні түсініксіз. Еліміздегі бухгалтерлік есептің қазіргі заңнамасына сәйкес, жеке кәсіпкерлердің көп бөлігі, яғни арнаулы салық режимі (мысалы патент) бойынша жұмыс істейтіндер онсыз да бухгалтерлік есепті жүргізбейді.

Салық төлеушілерге, әсіресе, №89 шарасы ұнайтын шығар: «Салық тексерісін тек ТБЖ-ға сәйкес немесе салық төлеушінің өз өтініші бойынша ғана жүргізу». Меніңше, салық төлеушіге тексеріс бойынша ерік берілсе, ол ешқашан өтініш бермейді.

Шаралардың екінші тобы – өзекті ұзақ мерзімді шаралар. Бұлардың қатарына баяғыдан келе жатқан проблемаларды шешуге бағытталған шараларды жатқызуға болады және оларды іске асыру 2020 жылмен шектелмейтін сияқты. Бұл шараларды іске асыру биылғы экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіруге қосымша әсер етпейді.

Жоспардың екінші тобындағы шаралардың саны – 46 (яғни жоспардың 49%). Олардың қатарында, мысалы, «ТжКБ ұйымдары мен жоғары оқу орындары педагогтарының ІТ-біліктілігін арттыру» деген №132 шарасы бар. Қазақстан экономикасының тарихын білетіндер №95 шарасын орындау мәңгілікке созылып кетуі мүмкін екенін айта алады: «Қаржы мониторингін күшейту, капиталды сыртқа шығару мен салық төлеуден жалтарудың алдын ала отырып трансферттік баға белгілеуді бақылау».

Мемлекеттің дағдарысқа қарсы жоспарында «Квазимемлекеттік сектордың тиімсіз шығындарын қысқарту» деген №99 шарасы не істеп жүргені түсініксіз. Бұл мәселемен компаниялар басқармасы экономикадағы дағдарыстың бар-жоғына қарамай айналысуы тиіс. Себебі табыс деңгейі шығындар тиімділігіне байланысты.

«Талшықты-оптикалық байланыс желілерін (МЖӘ КЖ ТОБЖ) салу және АЕМ-ді 3G және/немесе 4G-мен қамтамасыз ету жобасын іске асыру» деген №130 шараға қатысты да сұрақтар бар. Бұл шара елімізді дағдарыстан алып шығады деп айту онша дұрыс емес сияқты. «Қазақтелеком» мен «Транстелеком» жүзеге асырып жатқан жоба 2018 жылы іске қосылды, ал 2020 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша, жоспарланған 14,5 мың шақырым оптиканың 7,4 мың шақырымы салынды.

Үшінші шаралар тобы – бұлар, былай айтқанда, шара да емес, тек кейбір мәселелерді қарау немесе пысықтау бойынша Үкіметке берілген тапсырмалар. Мұндай шаралардың саны – 28 (яғни жоспардың 19%).

Бұл шаралар 2020 жылы экономикалық өсімге тікелей немесе жанама әсер етеді деп айту қиын. Себебі мәселені пысықтау мен қараудан ешқандай нәтиже болмауы да мүмкін. Сондай шараларға мысал: «Салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу» деген № 105 шарасы немесе «Дамудың маңызды бағыттары бойынша түбегейлі институционалдық және салалық реформалар үшін негіз болатын жаңа әлеуметтік-экономикалық бағытты қамтитын Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын өзектендіру» атты №147 шарасы.

Нақты санды көрсетсеңіздер

Құжатқа жасалған талдау қорытындысы бойынша 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар – экономиканы қалпына келтірудің жол картасынан бұрын, экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша мемлекеттік комиссияның қол астына біріккен Үкімет пен мемлекеттік сектордың жұмысын жүйелендіруге бағытталған құжат сияқты болып көрінді. Жоспардың құрылымы мен мәтінінен құжатты жасағандар қатты асыққаны көрініп тұр.

Алайда, менің ойымша, дағдарысқа қарсы жоспардың басты кемшілігі – онда нақты индикаторлар жоқ. Мысалы экономикалық өсім тоқсан сайын қанша болады? Сондай-ақ мемлекет инвестициясы, ақша-кредит саясаты саласындағы реттеуші шаралар өсімге қалай көмектесетініне байланысты болжамдар жоқ.

Нәтижесінде экономикалық өсімді қалпына келтіруге арналған жоспар шешімдерді жүзеге асыру құралы ретінде де, осы шешімдердің орындалу сапасын бақылау құралы ретінде де тым шашыраңқы.

Осылайша жалпы бюрократияның және оның ішінде қазақстандық бюрократияның, сол баяғы проблемалары қайта пайда болды. Яғни мемлекеттік органдар, тіпті, жоспар жасау деңгейінің өзінде мемлекеттік инвестициялар мен ЖІӨ, жұмыссыздық, инфляция, жекелеген секторлардың шығарылымы сияқты макроиндикаторлар арасындағы байланысты есептемейді (немесе көрсетпейді). Бұл олардың қабылданатын шешімдердің тиімділігіне қатысты түсінігін бұрмалайды да, нәтижеге емес, процеске жұмыс істеуге бағыттайды. Сондықтан осындай «процестік-мақсатты тәсіл» қолдана беретін жерден мемлекет инвестициясынан және жалпы шенеуніктер қабылдаған шешімдерден үлкен әсер күтудің қажеті жоқ.

2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша Кешенді жоспар қазақстандық бюрократияның тағы бір ерекшелігін айқын көрсетіп берді. Ол – қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттердің орнын ауыстыру, мәселені шешуге көптеген шара ұсынып, көп бастама көтеру. Осылардың барлығы назарды негізгі мақсаттан тайдырып жібереді. Мысалы біздің шенеуніктер қысқа мерзімді уақытта мемлекеттік саясаттың құралдарын аз да болса (10-20 шара) тиімді пайдаланудың орнына, бізге 150-ге жуық шара ұсынады. Олардың басым бөлігі Үкімет алдына қойылған нақты мақсатқа қатысы да жоқ. Шын айтқанда басында мақсат біреу-ақ еді ғой, ол – 2020 жылдың соңына қарай ЖІӨ-нің оң өсімін қалпына келтіру.

2020 жылғы дағдарысқа қарсы жоспарды дайындау барысында ҚР президенті «экономика мен мемлекетті басқару жүйесінде ауқымды да түбегейлі өзгерістер» туралы айтқан болатын. Алайда дағдарысқа қарсы жоспарда дәл осы мәселені шешуге бағытталған шаралар кешені ұсынылмайды. Енді бұл ұсыныстарды 2025 жылға дейінгі жаңартылған Стратегиялық жоспардан күтеміз. Ол жоспарды жасайтын адамдар 2020 жылғы қысқа мерзімді жоспардағы басты талаптарды ескереді деп үміттенеміз.

Экономический обозреватель, редактор проекта Ekonomist.kz. С 2008 года пишет для ряда общественно-экономических онлайн- и офлайн изданий, возглавлял казахстанский деловой журнал “Эксперт Казахстан”

Factcheck.kz