Қоңыровтың Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың ғарыш бағдарламалары туралы мәлімдемелеріне фактчек

7 сәуірде ҚР мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында Қазақстан Халық партиясының депутаты Айқын Қоңыров премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында ғарыш саласын дамыту қажеттігі туралы айтып, қызықты мәлімдеме жасады. Біз тексеруді жөн көрдік.

Мәлімдеме: Біріккен Араб Әмірліктері Марсты зерттеу жобасын жүзеге асырып жатыр.

Айқын Қоңыров

Үкім: Шындық

Шынында БАӘ Марсты зерделеу жобасын жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде биыл ақпан айында ғаламшар орбитасына шығарылған, «үміт» деген мағынаны білдіретін «Әл-Амаль» ғарыш зондының көмегімен Марстың атмосферасы мен климатын зерттеп жатыр.

Ол туралы БАҚ жарыса жазған еді. Бұл ел тарихы мен Таяу Шығыс және Солтүстік Африка (MENA) аймағы тарихындағы алғашқы ғаламшараралық миссия. Ол Жапониядағы Танэгасима ғарыш орталығынан H-IIA жапондық зымыран-тасығышының көмегімен 20 шілде күні ұшырылды. Арнайы сайттан ғаламшар зондының нәтижелерімен танысып, суреттер мен видеоларды көруге болады.

Қоңыровтың Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың ғарыш бағдарламалары туралы мәлімдемелеріне фактчек
Дереккөз

Жалпы, БАӘ-нің жоспары Қызылжұлдызды зерттеумен бітпейді. Бұл елдің ғарыш бағдарламаларымен Мухаммед Бин Рашид Ғарыш орталығының сайтына кіріп танысуға болады.

Мәлімдеме: Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің жартысында ғарыш бағдарламалары бар және кейінгі он жылда инвестицияларын екі есеге – 2010 жылы 775 миллион доллардан 2020 жылы 1,3 миллиард долларға дейін арттырды.

Айқын Қоңыров

Үкім: Шындық

Бұл туралы Euroconsult консалтинг агенттігінің (ғарыш секторына маманданған) мемлекеттік ғарыш бағдарламалары туралы 21-ші талдамалы есебіне сілтеме жасай отырып БАҚ-та хабарланған.

Мәселен, Middle East eye былай деп жазды: «MENA аймағы елдерінің (Таяу Шығыс пен Африка) жартысынан көбінде мемлекеттік ғарыш бағдарламалары бар немесе болған. БАӘ ғарыш саласында аймақ бойынша көш бастап тұрғанымен, басқа елдер де инвестиция көлемі мен ғарыш бағдарламаларының амбициясын арттырып жатыр», – деді ғарыш саласына маманданған Euroconsult консалтинг фирмасының бас кеңесшісі Симон Семинари. Euroconsult-тың мемлекеттік бағдарламалар туралы талдамалы есебіне сәйкес кейінгі онжылдықта MENA аймағында ғарыш шығындары екі есеге жуық – 2010 жылы 755 млн доллардан 2020 жылы 1,3 млрд долларға дейін артты».

Бұл мәселе бойынша араб елдерінің әлеуетті екенін айтып жүрген Симон Семинари маркетинг есебінен шағын үзінді берген. Онда әр елдің «ғарыш бюджетіне» қатысты қызықты инфографика бар (кестеде 10 млн доллардан асатын бюджеттер көрсетілген).

Қоңыровтың Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың ғарыш бағдарламалары туралы мәлімдемелеріне фактчек
Кестеде MENA аймағынан мына елдер бар: Қатар, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы, Израиль, Египет, Алжир, Тунис, Марокко, Иран. Сондай-ақ кейде бұл аймаққа Түркия мен Әзербайжанды да жатқызады, олар да суретте көрсетілген.

Салыстыру үшін 2013 жылдың бюджеті (дереккөз: Euroconsult).

Қоңыровтың Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың ғарыш бағдарламалары туралы мәлімдемелеріне фактчек

Көріп отырғандарыңыздай, 2013 жылы Қазақстан бюджеті 244 млн доллар болса, 2018 жылы – 50 млн, 2020 жылы 35 млн АҚШ долларына азайған. Ал жоғарыда айтылған MENA елдерінің бюджеті, керісінше, артқан.

Қорытынды:

  • Ғарыш бағдарламалары бар Солтүстік Африка және Таяу Шығыс елдері уақыт өте келе бұл саладағы бюджеттерін көбіне арттырып отырады
  • Ал қазақстандық ғарыш бағдарламаларының бюджеті, мәселен, 2013 жылмен салыстырғанда 7 есеге жуық қысқарған.
  • БАӘ-нің маңызды ғарыш бағдарламасы бар. Былтыр бұл ел Марсқа «Әл-Амаль» зондын ұшырды. Ол орбитаға ақпанда жетіп, ғаламшараралық станция ғаламшардағы атмосфера мен ауа райын зерттеуге кірісті.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz