Қоқыс полигондарының 21%-і ғана нормаға сай келе ме?

9 қарашада өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғани Хамзин Қазақстандағы қоқыс полигондары туралы мәселе қозғап, олардың 21%-і ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сай келеді деді.

Factcheck.kz депутат сөзінің қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутат мәлімдемесі (тайм-код: 1:17:16)

Мәлімдеме: Қазақстан аумағында 3 005 полигон бар, оның тек 635-і не 21%-і экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді.

Ғани Хамзин

Үкім: Шындық

Бас прокурор Берік Асылов 2022 жылдың мамырында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеп, Қазақстан аумағында 3 005 полигон барын, оның ішінде 635-і (экология министрлігі қазір бұл сан 633 екенін хабарлайды) не 21%-і экологиялық және санитарлық нормаларға сай келетінін айтқан.

Оның сөзінше, жылына 5-6 млн қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жиналады. Оларды жинау және шығару қалалар мен жекелеген аудан орталықтарында ғана ұйымдастырылған.

Мәлімдеме: Үкімет еліміздің үш өңірінде экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келетін полигондардың үлесі 4%-тен аз екенін хабарлайды: Павлодар облысында – 4 (полигонның жалпы санынан 1,25%-і), БҚО – 2 (1,36%), СҚО –16 полигон (3,51 %).

Ғани Хамзин

Үкім: Техникалық қате және манипуляция

Депутат айтқан аймақтарда расымен экологиялық және санитралық нормаларға сәйкес келетін полигон үлесі 4%-тен аз. Алайда нормаға сай полигондардың үлесі 4%-ке жетпейтін басқа да аймақтар бар, тиісінше, депутат толық деректі айтпаған. Оның үстіне Павлодар мен Солтүстік Қазақстандағы полигон санынан шатасқан.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сай, экологиялық және санитарлық нормаға сай емес облыс саны — 5. Толық деректі төменнен қараңыз.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz