Қазыбек Исаның қандастар квотасы туралы айтқаны қаншалықты рас?

17 наурызда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының депутаты Қазыбек Иса өзінің депутаттық сауалында қандастарымыздың тарихи отанына оралу мәселесін қозғады.

Депутаттың айтуынша шетелде тұратын және атажұртқа қайтқысы келетін этникалық қазақтарға (қандастарға, 2020 жылға дейін «оралман» термині қолданылған) бөлінетін квота саны барған сайын азайып барады. Осы орайда «Ақ жол» партиясы Қазақстанға көшкісі келетін қандастарға арналған көмекті еселей түсу керек деп есептейді.

Қазыбек Исаның депутаттық сауалы

Factcheck.kz депутаттың кейбір мәлімдемелерін тексеріп көруді жөн санады.

«Отандастар қорының» мәліметінше шетелде 7 миллионға жуық қазақ тұрады. Бұл қазақ халқының 50% пайызына, яғни жартысына жуығы. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 миллион адамға жуықтайды.

Қазыбек Иса

Үкім: Үкім жоқ

Депутаттар 7 миллионға жуық қазаққа қатысты мәліметті бұған дейін де бірнеше рет айтқан, алайда бұл санның нақты дереккөзі белгісіз. Бұл «тарихи отанына 1,5 миллион этникалық қазақ оралғысы келеді» деген мәлімдемеге де қатысты.

Қазыбек Иса «Отандастар қорына» сілтеме жасайды, алайда қордың сайтында Қазақстаннан тыс жерде қанша қазақ тұратыны туралы (сондай-ақ олардың қаншасы атамекенге оралғысы келетіні туралы) мәлімет жоқ. Қордың 2020 жылғы наурызда Facebook-та жариялаған постына сәйкес, бұл көрсеткіш «кейбір сарапшылардың» айтуынша 7-8 миллионға жуық. Осы орайда 2019 жылы қордың ғылыми-сараптамалық кеңесі «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына» сілтеме жасай отырып, «шетелде 5 миллионға жуық қазақ тұрады» деп айтқан. Өз кезегінде «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» ресми сайты да, негізге алатын нақты қандай да бір статистикалық материалдары да жоқ.

Депутат келтірген сандар шындыққа жақын болуы да мүмкін (дегенмен ең ірі диаспоралар санағы бойынша қолда бар мәліметтерге сәйкес шетелде 5 миллионға жуық қазақ бар деуге болады). Алайда сенімді ақпарат көздері болмағандықтан, мәлімдеме бойынша үкім шығару мүмкін емес.

Мәлімдеме: 1993-2021 жылдар аралығында бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей азайып кеткен? 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай, 2009 жылы 100 мыңнан аса адам қабылдаған Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөлді.

Қазыбек Иса

Үкім: Манипуляция

Іс жүзінде 1993 жылы квота 10 мың отбасына бөлінді, бұл шамамен 40 мың адам. Бөлінген квоталар саны Отанына оралған этникалық қазақтардың санымен бірдей болды. 2009 жылы квота 20 мың отбасына бөлінді. Сол жылы 100 мыңнан астам адам келді деп айту, тым көп сияқты, себебі бұл дегеніңіз әр отбасының 5 немесе одан да көп мүшесі болды деген сөз. Ал 2021 жылға, расымен, 1426 квота бөлінді. Квоталар саны қанша есе азайғанын анықтау үшін әр жылмен салыстыру керек. Мәселен биылғы жылды 1993 жылмен салыстырсақ, онда квота 30 есе азайған. Ал егер 2009 жылмен салыстырсақ, онда, расымен, квота саны қатты азайған, бірақ 100 есе емес.

БҰҰ-ның «Қазақстандағы оралмандардың жағдайы» атты Даму бағдарламасының шолуына сәйкес 1993 жылы бірінші жылдық квота белгіленіп, оған сәйкес атажұртқа 10 мың отбасы (40 мың адам) оралды (Құжаттың сілтемесі)

2009 жылы қанша квота бөлінгенін «Оралмандардың 2009 жылға арналған көшіп келу квотасын бөлу туралы» ҚР Үкіметінің №32 қаулысынан білуге болады. Қаулы қосымшасында бөлінген квота саны 20 мың отбасы деп көрсетілген.

Қазыбек Исаның қандастар квотасы туралы айтқаны қаншалықты рас?
ҚР Үкіметінің №32 бұйрығы қосымшасының кестесі

Осыған қарамастан квотаның мұндай саны шамадан тыс көп болғанға ұқсайды, себебі мемлекет сол жылдары (қазір де) соншалықты халық қабылдаған жоқ. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2009 жылы елге келгендер саны 45 511 адам болды.

Биылғы жағдайға келетін болсақ, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 18 ақпандағы №44 бұйрығына сәйкес, қандастарды қабылдауға арналған квоталар саны 1426 болды. Бұл жағынан депутат қателескен жоқ.

Контекст

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 1 миллионнан астам этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz